«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алма ағашы егілді

0 48

Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне орай Ботаникалық бақта алма ағаштары отырғызылды.

Қазақстан халқы Ассамб­леясының ұйымдастыруымен өткен шараға Премьер-министр Асқар Мамин мен елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қатысты. Жас көшеттерді отырғызған этномәдени орталықтардың белсенділері өздері еккен алма ағаштарының тұсына естелік ретінде бірлестіктің атын жазып қойды.
Жалпы, шара барысында Ботаникалық бақтың Қабанбай батыр даңғылы жағындағы кіре­беріс қақпасының алдына Атыраудан әкелінген 800 түп алма ағашы отырғызылды. Оның 700 түбі бұрыннан белгілі сұрыптар болса, қалған 100 түп – жаңа сұрып.
– Атыраудың Махамбет ауда­нындағы «Агро өнімдері» тәлім-бағында алмаларды будандас­тыру жүргізіледі. Сол жерде қыстың аязына да төтеп беретін жаңа сұрыпты ойлап шығардық. Қып-қызыл болып өсетін бұл алмаға елорданың суығы еш әсер етпейтін болады. Оны біз Елбасы мен елорданың құрметіне «Нұр-Сұлтан» деп атадық. Өйткені Тұңғыш Президенттің әкесінің бағбан болғанын білесіздер. Елбасы сұхбаттарының бірінде бала күнінде әкесіне көмектесіп, алма ағаштарын отырғызғанын айтқан болатын, – дейді Атырау қаласындағы «Сарайшық» шаруа қожалығының басшысы Тамила Розметова.
Оның айтуынша, бұл алма ағаштары 2 жылдан кейін жеміс бере бастайды. Осы жердегі 1 гектар жерде 20 тонна алма өседі деп жоспарлануда.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды