Четверг, 22 Июнь 2017
-->

ӘЛІПБИ АУЫСТЫРУДЫ ЖАЗУ РЕФОРМАСЫНА АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында «қазақ тіліН біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деді. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деді одан әрі Мемлекет басшысы. Бұл Елбасымыздың ел ертеңін, ұлт болашағын ойлаған көрегендік қадамы деп бағалар едім.

43232

Заман тәжірибесі әлем ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы ретінде латын жазуын көрсетіп отыр. Сөз жоқ, әліпби ауыстырудың астарында, біздің пайымдауымызша, саяси-әлеуметтік мән жатыр.Егемендіктің айғақ белгісі салтанат үстінде көрінетін дербес елтаңба, ту мен әнұран болса, күнделікті мазмұнының бірі – жазу. Жазу дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Жазу әліпби, таңба және емле-ережеден құралады. Әліпби – тілдің дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Олай болса, әліпбиі, таңбасы мен емле-ережесі үйлескен жазу тіл егемендігінің бір кепілі болып табылады.

Ендеше, бұл бағыттағы шараны тек әліпби ауыстыру деп қарамай, кең қамтып, жазу реформасына айналдыру қажет. Сондықтан әңгімені тек әліпби ауыстыру төңірегінде ғана қалдырмай немесе бір таңбаны екінші таңбаға қалай ауыстырамыз дегенге ғана саймай, жазу төңірегіндегі өзге де мәселелерді қамтып отыру керек болады.Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол «қазақ әліпбиі» емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ әліпбиі» десе де болады. Өйткені әліпбиіміз бір тілдің емес, әлдеқашан қос тілдің әліпбиі болып орнығып алды.

Тіл мамандары қазақ жазуына жасалар болашақ реформаны (тек қана әліпби ауыстыру емес) тіл бұзар емле-ережелерден құтылудың бір амалы деп түсініп отыр. Өйткені кез келген қазақ тілінің оқулығын алыңыз да бетін ашыңызшы. Қайран қаласыз! Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстары деп 7-8 әріпті бөліп қояды. Сонда не, өзге дыбыстардың бәрі қазақтікі емес пе? Қазақ дыбыстарын осылай бөлектеудің өзі шәкірт санасын тұмшалап, есейгенде мәңгүрт қылады. Сөйтіп, 26 (28) дыбысымыздың бәрінің де (!) дыбысталуы сол іспеттес орыс тілінің (сол іспеттес араб, ағылшын, т.б.) дыбыстарына баспа-бас ұқсай қоймайтыны, дыбыстардың өзара тіркесім емле-ережелері мүлдем бөлек екендігі не тіл мамандары – біздің санамызға жетпей-ақ қойды, не оқулық авторларының қаперіне ілінбей-ақ қойды.

Қазіргі кезде латын әліпбиіне өтудің ондаған жобасы бар. Тіптен қазақ тілінде қанша дыбыс бар екенін білмей жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Әріп пен дыбыстың айыр­машылығын білмей жатып, дыбыс пен әріпті шатастырып жатып, жоба ұсынып жатқандар бар. Қазіргі әліпбиіміздегі 42 таңбаны қайтсем компьютер түйметақтасының 26 түймешесіне сыйғызамын деп әлек болып жатқандар тағы бар. Жоба ұсынушылардың бәрі дерлік әліпби ауыстыруды кирилше бір таңбаны латынша екінші таңбаға алмастыру ғана деп ұғып отыр. Сондықтан да ұсынылған жобаларда ешқандай тілдік дәйектеме жоқ.

Бүгінгі қазақ жазуына, тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек болып тұр. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және емле-ереже – бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; емле-ереже – дыбыс­тардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері.

Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптас­пайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғышарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен емле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады.Басты мәселелердің бірі. Түркі халықтарының қазіргі жазуы латын, кирилл және араб графикаларын пайдаланып келе жатқан көптекті әліпбидің нәтижесі болып отыр. Сондықтан дыбыс құрылымының жақындығы мен туыстығына қарамай, түркі тілдерінің әліпби құрамы, таңба үлгісі, жазылым (орфография) ережесі бір-бірінен өте алшақ жатыр. Ендеше, түркі тілдерінің жазуын бірегейлендіру (унификациялау) өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ортақ жазу – жалпы түркілік әліпби, таңба және жазылым ережесі – түркі халықтарының басын біріктіретін ұтымды амал болып табылады.

«Жоба» қазақ сөзінің: -дыбыс құрамын, -үндесім әуезін, -морфем құрамын, -буын тұрқын, -тасымал жігін, -сөйлем (сөйлеу) ырғағын бұзып жазуға еш мүмкіндік бермейді. «Жоба» мазмұнынан ешқандай тіл бұзар жаңсақ емле-ереже туындамайды.

Түркі жазуының орфографиялық (жазылым) және орфоэпиялық (айтылым) үлгілеріне «еуропаөзімшіл» (еуропацентристік) ұстанымның тигізген зияны зор болып келді және зор болып отыр. Сондықтан да түркі тілдерінің дыбыс бірліктерін «еуропаөзімшіл» баяндаудан арылтып, түркі тілдерінің дыбыс құрылымының төл үндесім (сингармонизм) белгілерін анықтап алмаса болмайды. Ортақ латын әліпби арқылы жазылған сөздің оқылымы әр тілде әртүрлі бола беруі мүмкін, алайда сөздің әліпби тұрқы барлық түркі жұртына түсінікті болады. Басқаша айтқанда, кез келген түркі тілінің латын мәтіні өзге түркі тілдеріне жат болып көрінбейді.

543543
Қазақ латын әліпбиінің бір жобасы ретінде ұсынылып отырған кестеде таңбалардың бәрі түркі мемлекеттері ұсынған құрамнан шығып кетпейді. Қазақ латын әліпбиінің үлгісі өзге түркі тілдеріне жөн сілтеу болары сөзсіз.Соңғы кезде әліпби ауыстыру мәселесін, ауыстыра қалған күнде қай әліпбиді таңдау жайын халық талқысына салып, референдум арқылы шешу керек деген ұсыныстар айтылып жүр. Шындығында, бұл мәселе бүкіл халық жабылып шешетін іс емес екенін түсінген жөн. Әліпби жобасын тіл мамандары дайындайды, сонан соң педагог-ұстаздар, әдіскерлер, сызба шеберлері, көз дәрігерлері, психологтар, т.б. арнайы сараптаудан өткізеді. Жоба арнайы сараптаудан өткен соң мемлекет тарапынан бекітіліп, көпшілікке міндетті құжат ретінде ұсынылады. Әрі қарай ол талқыланбайды, тек орындалады.

Ғылыми ақиқат көпшілік дауысқа салумен анықталмайды, ғылыми іс «асармен» бітпейді, ғылыми нәтиже аламан жұрттың қау-қаулауымен алынбайды. Ерсі көрінсе де айтайық, ғылым саласында «көп ақылы көл болмайды». Ғылыми таным жолында азшылық көпшілікке бағынбайды, тіптен бір адам дүйім жұртқа жөн сілтеп, жол көрсетіп отырады. Әліпби саласында ол – Ахмет Байтұрсынұлы. Ғылымда қоғами теңдік те (демократия) жоқ, адами теңдік те (ғұламалық) жоқ. Ғылым – адамзат болмысының бейтеңдес (бейдемократиялық) тұсы.

Егер латынға қазақтың төл дыбыстарын баптап өте алсақ, қазіргі жазуымыздағы тіл бұзар басы артық таңбалар мен емле-ережелер жол-жөнекей өзінен-өзі түсіп қалады. Жазу реформасы дегеніміз – осы.

Ендеше, латын әліпбиін жатырқамай, дер кезінде қабылдау керек болады, тек емле-ережесін баптап өтейік, ертең-ақ көз үйреніп, қол жаттыққан соң күмән сейіліп, үрей өзінен-өзі басылады. Төменде өрнек-мысал ретінде мәтін келтіріліп отыр.

«ABAY JOLI»

Üş kündik joldɪŋ bügingi, soŋǧɪ künine bala şәkirt barɪn saldɪ. Qorɪqtan kün şɪǧa atqa mineyik dep asɪqqan-dɪ. Bunɪ qaladan alɪp qaytqalɪ barǧan aǧayɪnɪ Baytastɪ da taŋ atar-atpasta özi oyatɪp turǧɪzɪp edi. Kün uzɪn attan da tüspey, özge jürginşilerden oq boyɪ alda otɪrǧan. Key-keyde özine tanɪs Köküyirim men Buwratiygen, Taqɪrbulaq sɪyaqtɪ qonɪs-qudɪqtardɪŋ tus-tusɪna kelgende bala oqşaw şɪǧɪp, astɪndaǧɪ jaraw qula bestisin aǧɪzɪp-aǧɪzɪp ta aladɪ…
– Mɪna balanɪŋ awɪlǧa asɪǧuwɪn-ay!

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ­профессоры, филология ғылымдарының докторы

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*