«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлихан әлем оқырмандарына жол тартады

0 47

2018 жылдың желтоқсан айының соңында Мәдениет және спорт министрлігінің қаражат бөлуімен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан шығармаларының толықтырылған үшінші басылымы (15 том) жарыққа шықты. Бұл жаңалықты «Астана ақшамы» газеті арқылы қалың оқырмандармен әлихантанушы ғалым, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп бөлісті.

Оның айтуынша, Ә.Бөкейхан шығармаларының тұңғыш көптомдық (9 том) шығармалар жинағы 2010-2013 жылдары Астанадағы «Сарыарқа» баспасынан басылып шықты. Екінші басылымы 2016 жылы Ә.Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына орай Қарағанды облыстық әкімдігінің (сол кездегі облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің) қолдауымен, демеушілігімен жарыққа шыққан. Атап айтарлығы, екінші басылым белгілі алаштанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің, үшінші басылым Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлының бас редакторлығымен шыққан. Сұлтан Хан Жүсіп 5 мың данамен жарыққа шыққан үшінші басылымның еліміздегі кітапханаларға түгел таратылып жат­қанын айтты.
Сонымен қатар өткен жылы аталған министрліктің «Тіл-Қазына» ғылыми орталығының директоры Ербол Тілешовтің ыждаһатымен «Әлихан Бөкей­хан» тұлғалық энциклопедия­сы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкері Орнай Жұбаева бастаған бір топ ғалымдар құрастырған Тұрағұл Абайұлы, Ахмет Мамытұлы, Қажым Ба­сым­­ұлы, Елдос Омарұлы (3 томдығы) шығармаларының тұңғыш жинағы, «20 ғасырдың басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты екінші кітап шығарылған. «Жәмиғатқа жағымды жаңалықтың бірі,
Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арнайы шығарыл­ған «Әлихан Бөкейхан. Қазақ жерінің жоқшысы» атты тұңғыш ғылыми монография қазір түрік тіліне аударылып жатыр. Ол 2019 жылы жарық көруі мүмкін. Осы монографияны биыл 1 мың данамен ағылшын тілінде Лондонда бастырып, әлемнің кітапханаларына таратамыз. Егер демеуші табылып жатса, көбірек данамен шығарып, бұл кітаптың тұсаукесерін Стокгольмдегі Нобель комитетінің ғимаратында өткізуді жоспарлап отырмыз» деді Сұлтан Хан Жүсіп. Ол Алашқа қатыс­ты жарық көрген кітаптардың ресми тұсаукесері жуырда өтетінін хабарлады.
Санкт-Петербордан Астанаға ақжолтай жаңалық келіп жетті. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1890-1894 жылдары оқып бітірген Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің (бұрынғы Императорлық Орман институты) ғылыми кеңесі бас ғимараттың маңдайшасына өзі­нің даңқты түлегі Әлихан Бө­кейхан туралы естелік тақта ор­нату туралы ұсынысты мақұлдаған.
Оған қоса, Алаш көсемінің қиян-кескі күреске толы ғұмырының соңғы 15 жылын (1922-1937 жж) өткізген Мәс­кеудегі Б.Кисловский орамындағы 4-ші үйге және Самара қаласындағы 1909-1917 жылдары тұрған Казанская көшесіндегі 30-шы үйге де естелік тақта орнатылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды