«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Алғашқы капиталым – 25 омарта»

0 74

«100 жаңа есім» жобасында 10437 онлайн дауыс жинап, «Бизнес» номинациясында жеңімпаз атанғандардың бірі – астаналық Анатолий Добровольцев. Осыдан бес жыл бұрын 33 жасар қоғам белсендісі және табысты кәсіпкер елордадағы «Жас Отан» жастар қанатының хатшы қызметінен кетуге шешім қабылдайды. Астанада 12 жылдай тұрған Анатолий кіндік қаны тамған жер – Ақмола облысы Аршалы ауданы Бабатай стансасында омарта ісін бастайды.

Анатолий ДОБРОВОЛЬЦЕВ, жас кәсіпкер, омарташы

Алғашында Анатолийдің жора-жолдастары оның үлкен қаладағы өмірді ауылдағы тіршілікке айырбастағанын түсінбеді. Ал бүгінде омарташы маусымына 3-4 тонна бал өндіріп, кәсібін бір жолға қойып алды.
– Әулетте омартамен айналысатын ешкім жоқ. Туған жерге деген құштарлық осы істі қолға алуға итермеледі. Бизнеспен бұрын-соңды шұғылданып көрмеппін. Туыс­тарым мен достарым қиын болатынын ескертті. Алғашқы бал құтысын толтырған кездегі қуанышымды көрсеңіз… Расымен де, бәрінен де істі бастау қиын. Бірақ «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дейді емес пе?! – деп әңгімесін бастады ол.
Анатолийдің алғашқы капиталы – 25 бал ара ұясы. Бүгінде олардың саны 150 омартаға жетті. Ал келер екі жылдың ішінде бұл көрсеткішті үш есеге көбейту жоспарда екен. «Жас Отанда» жүргенде қалада оқып келген студенттерді «Дипломмен ауылға» деген бағдарламасымен жұмысқа орналастыратынбыз. Өзім де бұл жолды жүріп өткім келді» дейді бүгінгі біздің кейіпкер.
Сүйікті ісімен айналысатын кәсіпкер балдың емдік қасиеттеріне шүбә келтірмейді. «Мен күнделікті екі қасық балды таңертең және түнде жатарда жеймін. Әлемде бал өсірумен айналысуға қолайлы табиғаты бар бес-алты-ақ мемлекеттің ішінде Қазақстан да бар. Табиғаттың берген сыйын дұрыс пайдалана білу керек» дейді ол.
Жас та болса табанды кәсіпкер еліміздегі бал өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік бар екендігіне кәміл сенеді. Бұл ойымен Анатолий Добровольцев Президенттің «100 жаңа есім» жоба жеңімпаздарымен кездесу барысында бөлісті. Анатолий Елбасыға қарата сөйлеп: «Нұрсұлтан Әбішұлы, менің есебім былай: мұнай баррелі 60 доллардан асады, ал бал баррелі 700-1500 доллар. Еліміздің бірегей табиғаты бар, оның есесіне бал өндірісінде дағдарыс деген ешқашан болмайды. Мүмкін Қазақстан тек мұнай емес, бал өндірісімен де айналысар? Шахтерлер әрбір үйге жылу беру үшін тер төгетіні белгілі. Ал омарташылардың «Әрбір үйдің дастарханында бал болсын» деген ұстанымын көпшілік біле бермейді. 2016 жылы Алматыда барлық омарташылар бас қосып, ортақ мәмілеге келген болатын. Бірінші мақсат – әр отбасының дастарханына бал жеткізу, екіншісі – 2050 жылға қарай бал өндіру көлемін жылына 1 млн тоннаға дейін жеткізу» деді. Сол тұста Президент қанша өнім игеріліп жатқанын сұрады. «Қазір шамамен 8 мың тонна. Егер белгілеген межеге жетсек, омарта шаруашылығы ел экономикасына 10 млрд доллар таза пайда әкелуі мүмкін. Болашақта Ақмола облысында 400 гектар аумақты алып жатқан бал өндіретін конвейер салуды армандаймын» деп жауап берді.
Қашанда жастардың бастамасын қолдайтын Президент Добровольцевтің бұл ісін қолдады. «Жағдайы жасалған ортадан бас тартып, табиғатты таңдауыңның өзі – батылдық. Адам қиналған кезде уайым-қайғыға беріліп кетеді. Бір есіктің жабылғанын көріп, басқа есіктің ашылғанын байқамай жатады. Мүмкіндікті пайдалана білген сендей жастардың бары қуантады» деп ықыласын білдірді.
Әрине, ептілікті, шыдамдылықты талап ететін іспен айналысу үшін даярлық та керек. Анатолийдің айтуынша, бал шаруашылығына ынтасы бар адам «Омарташылықпен қалай айналысуға болады» деп Google іздеу жүйесіне жазып, интернеттегі қолжетімді ақпарат пен оқулықтарды пайдаланып, видеоларды көрсе болады.


– Міне, омарташылықпен айналысып жүргеніме 5 жылдай уақыт өтті. Іс берекелі болу үшін оған кәсіби көзқарас та қажет. Бұл тұрғыда маған «Бал-Ара» Қазақстан ұлттық омарташылар одағы көмектесті. Ұйымды еліміздің тұңғыш Премьер-министрі болған Сергей Терещенко басқарады. Сол кісінің арқасында барлық омарташылар бірігіп, өз мүдделерін қорғап, кәсіптің дамуына үлес қосып жатыр. Мен бал өндірісі дамыған Израильге барып, тегін білім алып келдім. Жинақтаған тәжірибенің барлығын еліміздегі омарташылықты жақсартуға жұмсаймыз. Алғашқы нәтиже деп Қытай нарығына жылына 5 мыңнан 8 мың тоннаға дейін өнімді беріп отырғанымызды айтуға болады. Бұл біріккен жұмыстың жемісі, – дейді жас кәсіпкер.
Анатолий бизнестің қыр-сырымен өзгелермен де бөлісуде. «Атамекен» ұлттық палатасының Аршалы ауданындағы өкілі ретінде кәсіпкерлерге тиімді кредиттер мен ынтасы бар азаматтарға курстар барын айтады. «Биыл омарташыларға тиімді тауар несиелерін ұсынамыз. Іске енді кіріскендер бізден ара мен қажет құрал-саймандарды тегін алады. Ал өнімді жинағаннан кейін, қарызды бал есебінен қайтарады. Бір жақсысы, балды қайда барып сатам деп бас қатырмайды» деп түсіндірді кәсіпкер.
Омарташының пікірінше, елорданың жасыл белдеуінде омарташылықпен айналысу өте ыңғайлы. «Елорданың жасыл белдеуінде жабайы аралар мекендейді. Бал арасы мыңдаған гүлдерге ұшып-қонып жүріп бал жинайды. Ауыл тұрғындары ешқайда ұзамай, ара ұяларын қойып, өздері бал шаруашылығымен айналысса болады» деп пікірін білдірді ол.
Біз болашақ кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында істің қаншалықты пайда әкелетінін айтып беруін сұрадық. «Нарықта бір келі балдың құны шамамен – 1500-2000 теңге. Ал бір ара ұясы 40-50 келі бал береді. Демек, одан 60-80 мың теңгедей пайда өндіріп аласыз. Өзіңіз есептеңіз, 10 омартадан – 600 мың теңгеден 800 мың теңгеден астам қаржы таба аласыз» деп ағынан жарылып жауап берді.
Анатолий Добровольцевтің көкейіне түйгені – туған жердің түтінін түтету әркімге парыз.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды