«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алғашқы азаттық көтерілісі

0 19

Бұл дүние шіркін жалған, бірде масайратып арқадан қақса, бірде аһ ұрғызып жағадан алады. Бетіне жан қаратпаған айбынды ғұндардан, кемеңгер Әз Тәукеден соң күмәнді күндер туады десе, кім сенген. «Қазақтың басын қоса алмай, кәрілік дерттен аса алмай» өткен Қанжығалы қарт Бөгенбайдан соң жылмиған жылымшы жылдар жылжып жетеді десе, кім иланған.

Сол солғын заманның сарыны 1830 жылы Қараөткел бойын салқын кезіп кетті. Осы жылы патшалық Ресейдің қазақ даласындағы ықпалын біржола күшейту мақсатымен арнайы әскери экспедиция әзірленіп, подполковник Федор Шубиннің басшылығымен Ақмолаға аттандырылады.
Ақмолалық журналист
А.Дубицкий «Город на Ишиме» атты кітапшасында бұған Алтай-Қарпық және Қуандық болыс­тарының әлділері Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовқа жазған өтініш хат себеп болды деген дәйек келтіреді. Олар Қоқан жақтан қарақшылық шабуылдың жиілеп кеткенін, содан қорғану үшін осы өңірде округ құрудың қажеттігін дәлелдесе керек. (Мұндай дерек 1979 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихында» да бар).
Губернатор бұл тілекті қабыл алады, аталған аймақта Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөнінде патша келісіміне қол жеткізеді. Осы саяси маңызы зор шаруаның мұқтажына 31 мың рубль бөлініп, «іске сәт» деп алақандарына түкіреді.
Сол округтің орталығына орын Шубиннен бұрын белгіленген деген ақпар бар. Ол тұс Тайтөбенің етегінен көсілетін ұлан жазық болатын. Қыр арқасында Ғұн империясы қамал салған Тайтөбе белі, сол қапталын орай ағып Нұра сарқырап жатыр, ал қарсы маңдайда Есіл ен көсілген. Әскери бекініс пен дала шаһарына бұдан артық қандай қолайлы орын бола қойсын. Осы жерге қақыратып қазық қағылады. Таңдалған мекеннің сызбасы Батыс Сібір губернаторы Вельяминовқа жеткізіліп, ол мақұлдайды. Осы шаруаны тындырушылар кеткен соң ел ақсақалдары жиналып кеңес құрады.
Қоқанның қарақшылығынан араша сұрап жүргенде, мынадай күйге душар боламыз деп ойлап па едік. Арғысы Сарысу, бергісі Қараөткел, Қорғалжын елі алты ай жаз арқа-жарқа қатар қонатын ен жайлаудан біржола айырылғанымыз осы шығар. Түбінде солай болмасын десек, бір амалын табайық деседі.
Кеңесе келе «нартәуекел» деп қазықты суырып алып, Есілдің арғы бетіне, қаланың қазіргі орны тұрған суы ащы, топырағы сор жерге әкеліп қағады. Тайтөбе маңы туралы, «өте қолайсыз қойнау, қыста қар қалың түседі, көктемде екі өзен жарыса тасығанда су жайылып, тасқынның астында қалады» деген лақап таратады. Бұған губернатордың айналасындағыларды әбден сендіреді.
Осылай кесіп айтуымызға
А.Дубицкийдің жоғарыда аталған кітапшасында мемлекеттік архивке сүйене отырып келтірілген нақты дәйек бар.
«Судья по всему, губернатор Вельяминов мыслил строить приказ в глубине урочища Акмола на Нуре, примерно в двадцати верстах от Кара-Уткуля, но впоследствии место сочли неудачным, стоянка была перенесена в другой, более северный пункт, о чем 7 сентября 1830 года Чириков сообщил в канцелярию Сибирского казачьего воиска: «Постоянное пребывание отряда, состоящего под командою… полковника Шубина, при-искано при урочище Кара-Уткуль, где и устраивается ныне помещение людей и лощадей».
Есіл өңірімен таныс емес ел үшін айта кетейік, Ақмола Тайтөбе маңының, Нұра мен Есіл аралығының атауы, ал қазіргі астана тұрған жер ежелден Қараөткел делінген.
Сонымен жер біржола таңдалып, дені Сібір казактарынан тұратын мұздай қаруланған топ арнайы жіберілген мамандардың басшылығымен әскери бекініс пен қаланы салуға бел шешіп кірісіп кетеді. Құрылыс жұмысы екі жылға созылады да 1832 жылғы 22 тамыз­да аяқталады. Сол күні Ақмола округі де ресми жарияланып, осы екі оқиғаға арналған азан-қазан той өткізіледі. Казактар жүздеген мылтықтан оқ атып, зеңбіректер отыз бір рет жер-көкті солқылдатады. Осы жылы Қоңырқұлжа Құдаймендин округтің аға сұлтаны болып сайланады.
Қараөткелде әскери бекіністің салынуы, оның алдында қабылданған «Сібір қазақтарының уставы» бойынша хандықтың
жойылуы, елдің ішін болыс және сұлтан сайлауларының жікке бөліп, қырық пышақ етуі халық­тың наразылығын күшейтіп жіберді. Мұның үстіне Ресейден тақыр кедейлер Ақмоланың құнарлы жеріне ағылып, байырғы тұрғындар атақонысынан ысырыла бастады. Ұлан далада бекіністер мен әскери дистанциялар қаптап, қарулы казактардың зорлық-зомбылығы көбейді. 1831 жылы ғана Қазақстанның батысында – 8, орта аймақта – 20, шығыста 28 дистанция ұйым­дастырылды. Бейсауат жүрген адам, шығып кеткен малдың сау қайтуы азайды. Ашынған, қорланған елдің намыстылары мен арлылары Көкшедегі Кенесарыны төңіректеді. Жерін талатып тақ, елін тонатып бақ тапқан
талай ездің тексіздігі Кененің көкірегін қақ айырды. Жүрегі сыз­даған хан тұқымы:
Сенгеніміз – жансыз,
Көсеміміз – қансыз,
Шешеніміз – мәнсіз,
Сатқынымыз – сансыз,
Ұрпағымыз – тұлдыр,
Болашағымыз – бұлдыр,
Заманымыз – сұм,
Жігеріміз құм болды-ау, – деп күйзеледі.
Тақсыреті талайға кеткен, талайлардың түбіне жеткен, хан тағынан тайған, шарасыз ел көрінген көк аттыға алақан жайған кезең Кенесарыны ақыры атқа қондырды. Қараөткел қайдасың деп тебіренді. 1838 жылдың 25 мамырында Ақмоладағы әскери бекіністі тікелей шабуылмен тас-талқан етті. Бекініс­тен Қоңыр­құлжа мен осындағы казак әскерінің басшысы Карбышев, бірді-екілі солдат қана түн жамылып қашып шықты.
Көкжал туған хан Кененің осынау ерен ерлігі, ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы жеңісі қазақ даласының талай саңлақ батыр­ларын атқа қондырғаны белгілі. Сол қарулы қозғалыстың діттеген жеріне жетпегені де мәлім. Ақмоладан кейін Жезқазғанның жалпақ даласындағы Ақтау бекінісін жермен-жексен еткен, алты алашқа бостандықтан жол салсам деп көксеген, елі үшін арыстанша алысқан есіл ер өмірінің соңында:
Қош аман бол, Сарыарқа –
өскен жерім,
Қайтқан қаздай қалың
ел көшкен жерім.
Тізе қосып бар қазақ ел бола
алмай,
Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім, – деп күңіреніп өтіпті.
Шерлі сөз шерменде жүректен өріледі. Көсем сөз көшелі көкіректен талпынады. Ұран болар ұлағатқа тұмар болар құрмет жарасады. Астана хан Кенені құрметтеу­ден кенде емес. Есілдің жағасында асқақтап ескерткіші тұр. Қаланы қақ жарып Кенесары даңғылы өтеді. Тек осы қаһарманмен бірге Ақмола бекінісін талқандаған аруақты батырлар ұмытылмаса дейміз. Патша бекінісі болған жерге салынған орталық стадионға сол жаужүрек ерлердің есімдері жазылған ескерткіш
тақта қойылса. Азаттық деп жанын шүберекке түйген баһадүрлер мыналар: Шұбыртпалы Ағыбай, Сүйіндік Жанайдар, қыпшақтан шыққан Иман, Басығара, арғын Жеке батыр, табын Жоламан, дулат Жәуке, Сұраншы, Бәйсейіт, Бұғыбай, атығай Аңғал.
Кенесарының дауы­лы­нан соң қазақ даласы іштен тынды. Есіл мен Нұра өңірінде арасалмақ күрт өзгерді. 1850 жылдары сол кезде Қазақстанға ағылған
Ресей мен Украина шаруаларының 56 пайы­зынан астамы Ақмола облысына келіпті. Ал қала бірте-бірте ауқымын кеңейткен. 1862 жылғы 23 қазанда оған қала дәрежесі берілді. Сол тұста шаһарда 4777 дворян, үй-жанымен 1320 солдат, 1487 қарулы казак, 130 татар, 1319 ортаазиялық, 11 дін иелері, 300-ге жуық қазақ болыпты. 1880 жылы алғашқы өндіріс ошақтары қара танытады. Екі май балқытатын, бір сабын қорытатын, тері илейтін зауыт жұмыс істеген. Бір класты үш училище, мешіттің жаны­нан татар мектебі ашылған.
Қаланың негізгі кәсібі ұзақ уа­қыт сауда болды. 1865 жылы сауда айналымы бір жарым миллион сомға жетеді. Ташкент саудагерлері 1864 жылы ғана осында мал айдап келетін қазақ байларынан 30 мың қой сатып алған. Осындай алыс-беріс Ақмола 1868 жылы уезд орталығы болған кезде тіпті жандана түсті. Константин және Дмитриев жәрмеңкелері ашылды. Алғашқысы 21 мамыр-10 маусым, екіншісі 22 қазан-22 қараша аралығында өткізілген. Сарыарқаның малдылары мен қалталылары түгелге жуық жиналып, атақты балуан, әнші-күйші думанын асыратын сол жәрмеңкелер үшін қазіргі Шұбар шағын ауданының жері таңдалыпты.
Осыдан бір ғасырға жуық уақыт өткенде, 1961 жылғы 20 наурызда Ақмола Целиноград қаласы болып өзгертілді. Бес облыс құрамына енген Тың өлкесінің орталығына айналды. Қаланың бұдан кейінгі тағдыры елге белгілі.

Алдан СМАЙЫЛ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды