«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтің тілегі ескерілсе…

0 27

 «Тұрғын үй кезегім қашан келеді?», «Өз мамандығым бойынша жұмысқа тұра алам ба?», «Алдап кеткен мердігерді қайдан тапсақ болады?», «Еңбекақымызды қашан аламыз?», «Жерімнің құжатын неге заңдастырмайды?..» Кеше халықтың көкейінде жүрген осындай сауалдарға Астана қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин және басқарма мамандары жауап берді.

«Нұр Отан» партиясының ғимаратына жиналған халық көп. Олардың әрқайсысы әртүрлі мәселемен келіп тұр. Мәселен, Еңбек және әлеуметті қорғау басқармасының мамандарына жолыққысы келген жігіттер алты айдан бері жалақыларын ала алмай жүргендерін айтады.
«Біз жеке кәсіпкер Нарметованың қарамағында жұмыс істедік. Құрылыс жұмыстарына бізден басқа жиырмаға жуық адамды тартты. Бәріміздің жалақымызды бермей кетті. Жұмысқа қабылданар кезде тек төрт адаммен ғана келісімшарт жасасқан. Қазір осы мәселені көтеріп жүрген – төртеуміз. Ал қалған жұмысшылар қолдарында ешқандай құжат болмаған соң, сан соғып қалды. Шынымызды айт­сақ, бармаған жеріміз жоқ. Сотқа дейін шағымдандық. Тіпті сот үкімі біздің пайдамызға шешілді. Алматы аудандық соты кәсіпкерден жалақымызды өндіруді талап етті. Енді біздің ісімізбен айналысатын жеке сот орындаушы ешқандай көмек бере алмайтынын айтты. Себебі оның есеп­шотында ешқандай ақша жоқ. Жеке басында көлік, үй секілді мүлкі де жоқ. Біз­бен жасасқан келісімшарты да жалған болып шықты. Ол әйелінің атындағы «ИП» екен. Ұлты өзбек азаматы бізден басқа да жұмысшыларды алдап жүруі мүмкін ғой» дейді арызданған жігіттердің бірі Төлеби Әбдібекұлы. Оның айтуынша, жұмысшы­лар «Пригородный» ауданында жеңіл ре­льс­­ті трамвай жолын салуға қатысқан. Осы мәселе бойынша одан әрі тыңдаған Астана қаласы ІІД Жергілікті полиция қызметінің мамандары әлгі мердігердің үстінен ұжымдық арыз қабылдап алды. Енді алаяқтық бабы бойынша қылмыс­тық іс қозғалмақ.
Жалпы, тұрғын үй мен жерге қатысты са­уал­мен келген жұрттың қарасы көп болды. Соның бірі – Ысқақова Минзира. Айтуынша, өзінің атындағы бағбандыққа арналған жеріне әкімдік келісімшартты ұзартудан бас тартқан.
Бұл жерді 2006 жылы жалға алдым. Барлық құжаттарым түгел. Бұрын ке­лі­сім­шартты ұзарту үш жылда бір жүргізілетін еді. Қазір жыл сайын ұзартамыз. Осы жолы мерзімінен 5 күн кешігіп тапсырдым. Өйткені жаңа жылдық мерекемен сәйкес келіп қалды. Ондағы мамандар аталмыш құжаттағы 5-пунктегі «жалдау мерзімі аяқталудан бір ай бұрын тапсыру керек» деген қағиданы алға тартып отыр. Алдында мұндай пункттерге назар аудармайтын. Қайбір жылдары тіпті төрт жылға дейін ұзартудан бас тартып еді. Сол кезде сотқа жүгініп, сол арқылы қайтарып алғанмын. Енді келіп тағы ұзартудан бас тартып отыр» дейді қала тұрғыны. «Жеріме біреулердің көзі түсіп жүр» деген күдігін де жасырмады. Мәселенің мәнісін жан-жақты тыңдаған Астана қаласы Жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Назымбек Кенжебаев бұл арада бір түсінбеушіліктің барын айтты.
«Әкімдіктің шешімінде жерді бұрынғы берілген шарты бойын­ша белгіленген уақытта пайдалану керек делінген. Сол үшін аталмыш құжаттардың барлы­ғын қайта қарауымыз керек. Сіздің мәселеңізді өзім бақылауға аламын» деді басқарма басшысы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды