«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтік сертификат арқылы тек отандық өнімдер алуға болады

Қала әкімі тұрмысы төмен отбасыларға берілетін көмек жайын тағы да пысықтады

0 106

Елордада педагогтардың жыл сайынғы тамыз кеңесі өтті. Оған шаһар әкімі Алтай Көлгінов, Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова, педагогтар және ата-аналар қатысты. Іс-шара барысында мектепке дейінгі ұйымдардың сапасы, аз қамтылған отбасылардың балаларына берілетін әлеуметтік көмек, мұғалімдер жетіспеушілігі секілді өзекті мәселелер көтерілді.

 

«Мектеп формасы сапасыз болса, сұрақты кімге қоярымызды енді білеміз»

Қазіргі таңдағы күйіп тұрған проблемалардың бірі мектепке дайындық екені белгілі. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін мектеп формасы мен басқа да керек-жарақтарды сатып алуға 200 миллион теңге бөлгенін хабарлағанбыз. Олар сертификат түрінде ата-аналарға табысталуда. Жиында әкім Алтай Көлгінов сол сертификаттарға қатысты жайтты тағы бір рет пысықтады.

«Менің жеке қабылдауыма келген ата-аналардың біразы мемлекеттік көмек ретінде берілетін мектеп формасының сапасын айтып шағымданған еді. Оның үстіне өлшемдері де балаға көбінесе дұрыс келмейді екен. Мұның себебі мынау болған сияқты: мектептер жыл сайын конкурс өткізеді, сол кезде кейбіреулер төмен бағамен, яғни демпингпен жеңіске жетеді. Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің барлығы сапа туралы ойлай бермейді. Әйтеуір, өз қалталарын қампайтса болды. Оның салдары жаңағыдай мәселелерге алып келеді. Ойласа келе, біз биыл арнайы сертификат үлестіруді жөн деп таптық. «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық киім-кешек өндіруші бірнеше фабриканы белгіледік. Олар жап-жақсы өнім өндіреді. Әлгі сертификат иелері киім-кешекті тек сол дүкендерден ғана алуы керек. Енді сапасы көңілден шықпаса, сұрақты кімге қоярымызды білеміз», – деді елорда басшысы.

Әкімнің айтуынша, сол дүкендерде мектеп формасын алу үшін 30 мың теңге жеткілікті.

«Біз сол дүкендерге барып, бағаны қарап шықтық. Мәселен, бір костюм-шалбар көйлегімен бірге 20-22 мың теңге тұрады, қыздарға да сондай бағада. Аяқ киім – 9-10 мың теңге. Сосын біз кәсіпкерлерге «тұрмысы төмен отбасылармен бір-екі мың теңге үшін саудаласпай, бағаны түсіріңіздер» деп өтініш айттық. Олар келісті», – деді Алтай Сейдірұлы.

 

Мұғалімдерге арналған жатақхана құрылысы аяқталды

Өз сөзінде астана әкімі бүгінде қалада мұғалімдер жетіспейтінін де айтты. Осы мәселені шешу үшін бірқатар шара қолға алыныпты.

«Мәселен, былтыр әкімдік педагогикалық құрамды әзірлеуге 1000-нан аса грант бөлді, оның 400-і – жоғары оқу орындарына, ал 850-і – колледждерге арналған. Ол бойынша оқуға түскен студенттер небәрі үш жылдың ішінде оқуларын бітіріп, елорда ұстаздарының қатарын толықтырады. Екіншіден, қазір қаладағы Гуманитарлық колледж базасында «Колледж-университет» жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл жыл сайын жаңа форматтағы 1000 шақты мұғалімдерді даярлауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, бүгінде педагогтардың біліктілігін көтеретін Модернизация орталығы бар. Сол арқылы былтыр 100 мұғалім мен тәрбиеші тәжірибе алмасу үшін 16 елге барып қайтты. Төртіншіден, мұғалімдерге арнап жылына 15 миллион теңге жүлде қоры бар байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Бұл да педагогикаға мамандар тартуға жақсы мотивация», – деді Алтай Сейдірұлы.

Сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету де дұрыс жолға қойылып келеді. Өткен жылдан бері жалпы құны 275 миллион теңгеге 275 тұрғын үй сертификаты берілген. Биыл 350 орындық жатақханасы бар «Жас ұстаз» орталығының құрылысы аяқталды.

 

32 балабақшадан мемлекеттік тапсырыс қайтарып алынды

Балабақшамен қамтылу мәселесі де қаншама ата-ананың бас ауруына айналғалы қашан. Бұл тұрғыда қала әкімі биыл жағдайдың әлдеқайда жақсарғанын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда елордада 369 мектепке дейінгі мекеме қызмет етуде. Оған қала бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 93 пайызы тартылған. Оның 42 пайызы – жекеменшік балабақшалар үлесінде», – деген әкім балабақшалардың санымен бірге сапасын да ұмыт қалдыруға болмайтынын ескертті.

«Былтыр міндеттемелерін дұрыс орындамағаны үшін 32 мектепке дейінгі жекеменшік ұйымнан мемлекеттік тапсырыс қайтарып алынды, сонымен қоса 3 балабақша жабылды. Президенттің тапсырмасымен барлық балабақшалар міндетті білім беру стандартының орындалуын қадағалау мақсатында бақылауға алынады», – деді қала әкімі.

Еселі еңбек еленді

Тамыз кеңесінің соңында қала әкімі биылғы ең үздік білім беру ұйымдарын марапаттады. Атап айтсақ, №4 мектеп-гимназия, №11 «Гаухар» балабақшасы және Транспорт және коммуникация жоғары колледжі ұжымдарының әрқайсысы 10 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Одан бөлек, 5 педагогқа – «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, ал 7 педагогқа «Ы. Алтынсарин» төсбелгісін тақты. Сондай-ақ 15 мұғалімге 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаты берілді.

 

Мағжан ҚЫСТАУБАЕВ, STEM академиясының директоры:

STEM ЗЕРТХАНАСЫ ФАКУЛЬТАТИВ РЕТІНДЕ ЕНГІЗІЛДІ

Астанадағы 85 мектептің 37-сінде STEM зертханасы бар. Бұл термин ғылым (science), технология (technology), инженерия (engineering) және математика (mathematics) сөздерінің қосындысынан шыққан. Оның мақсаты – кез келген ақпаратты өмірде қолданудың жолдарын үйрету. Бүгінге дейін бізде бір проблема бар-тұғын. Мектептерде STEM-зертханасы бар болғанмен, ол тоқтап тұратын. Мұғалім онда жұмыс істегісі келеді, сол үшін арнайы оқытылады, бірақ, өкінішке қарай, оған ақы төленбейтін. Былтыр біз №66 мектепті тәжірибе алаңы ретінде алып, STEM-зертханасы бойынша қорытындыны Білім және ғылым министрлігіне өткізген болатынбыз. Соның нәтижесінде оны енді ресми факультатив етіп бекітті. Бұл – мұғалімдерге сондағы жұмыстары үшін де ақы төленетін болды деген сөз. Енді осындай зертхананы жүргізуге мұғалімдердің әзірлігін дамыту үшін елордада STEM-хаб салынып жатыр.

Құралай БАЙТӘЖІКОВА, №73 мектеп-лицейдің директоры:

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАКАЛАВРИАТТЫҢ» БАЛАҒА БЕРЕРІ МОЛ

Бұрын «Халықаралық бакалавриат» деген сөзді естігенде көз алдымызға ақылы мектептер немесе Назарбаев зияткерлік мектептері елестейтін. Ол заңды да. Өйткені осыған дейін «Халықаралық бакалавриат» бағдарламасын жалпы білім беретін орта мектептер иеленіп көрмеген еді. Ал қазір астанадағы үш мектеп  осы бағдарламаның кандидат мектебі дәрежесін алды. Оның ішінде біздің мектеп те бар. Бұл бағдарлама балаға не береді? Ең әуелі, оқушылар қоршаған ортаға қамқор көзқарас қалыптастыруды үйренеді, екіншіден өзінің өміріне жауапкершілік алуға дағдыланады, мұнымен қоса, проблеманы шешу, коммуникация құру машықтары мен инновациялық қабілеті дамиды. «Халықаралық бакалавриатты» күнделікті оқу бағдарламасынан бөлек нәрсе етіп қарастырудың қажеті жоқ. Олар сол бағдарламаны барынша тиімді етіп жақсартып, шәкірттердің барынша көбірек білім әрі тәжірибе алуына жағдай жасайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды