«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтік саланың әлеуеті артады

0 28

Қала бюджетіне биылғы қаңтар-қазан айларында 189 млрд 868 млн теңге түсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 16 млрд 268 млн теңгеге немесе 9,9 пайызға ұлғайды. Оның ішінде салықтық нақты түсім 175 млрд 581 млн теңгені құрады. Бұл жерде түсім 13 млрд 595 млн теңгеге, яғни 8,9 пайызға артты. Кеше өткен Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында осылай деп қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді мәлімдеді.

«Осы жыл ішінде бюджетті үш рет нақтылау өткізілді. Қорытындысында кіріс бөлігі соңғы нақтылауды есепке алғанда 26 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Жыл бойы бөлінген қосымша қаражат елорда тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін басымды міндеттерді іске асыруға бағытталды. Депутаттар мен халық үнемі көтеріп отыратын әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге қосымша шамамен алғанда
9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде білім беру саласына
2,5 млрд теңге тиесілі» деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, осының ішінде мұғалімдердің еңбек­ақысы мен біліктілігін көтеруге, апатты жағдайдағы
№ 29 мектепті күрделі жөндеу­ге, оқулықтар мен қосымша әдебиеттерді сатып алуға, жекеменшік колледждерге студенттерді қабылдауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайтуға бөлінген қаржы бар.
Денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге бөлінді. Атап айт­сақ, оған нысандарға жылу беруге, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етуге, туберкулезге қарсы диспансерге бөлінген қаржы кіріп отыр.
Мәдениет саласына 3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы «Астана-Бәйтерек» монумен­тін жаңғыртуға, Көңілді тап­қырлар клубының жазғы ку­бо­гын өткізуге, әлеуметтік ма­ңызды шараларды ұйымдас­тыруға, «АЛЖИР» мұра­жайын ағымдағы жөндеуге жұмсалды.
Бұған қоса, Жұмыспен қам­ту, еңбек және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасына 919 млн теңге, Ішкі істер департаментіне 825 млн теңге бөлінді. Мектептерге қосымша инженерлік құрылыстарды
салуға, жолдарды күрделі жөндеуге, әлеуметтік нысандардың құрылысына, жер учас­келерін алып қоюға, қаланы абаттандыруға және су тас­қынына қарсы шараларды атқаруға да қосымша қаражат бөлінді. Бұл жұмыстарға 17 млрд 700 млн теңге кетті.
Қосымша қаржы Халық қа­һарманы Әзірбайжан Мәмбетов, академик Рымғали Нұр­ғалиұлы, даңқты спортшы Анатолий Храпатый тұрған үйлерге ескерткіш тақта жасатып, орнатуға бөлініп отыр. Сондай-ақ, биыл үш жерде мұз қалашығы ашылады. Оның алғашқысы «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында бой көтерсе, қалған екеуі қаланың орталық алаңы мен «Студенттер» саябағының маңында салынады.
Отырыста бюджет қаржысын игермеген Коммуналдық шаруашылық басқармасына сын айтылды. Ильинка кентіндегі инженерлік желілері бойынша тиісті жұмыстар атқарылмаған. Басқарма басшысының орынбасары Игорь Алексеев «Аталмыш жобаны түзету басталып, аяқталмай қалды. Сондықтан оған бөлінген қаржыны алып тастадық» деп ақталды.
Ұлттық пантеонның да мәселесі көтерілді. Соның ішінде пантеонға апаратын жолдың сапасы сын көтермейтіндігі, мұсылмандар мен өзге діндегілерді бөлек жерлеу, ол үшін пантеон аумағын бөлу мәселелері айтылды.
«Ильинкадағы инженерлік желі мәселесі көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Енді бүгін жобаны түзетуді аяқтауды үлгермедік деп айтып отырсыздар. Конкурс пен тендерді созып алғансыздар. Мұны кешіру қиын. Бұл жағдайды мәслихатпен бірігіп сараптау керек деп ойлаймын. Ильинкадан бізге үнемі шағымдар келеді. Халық жолдардың жоқтығына, инженерлік желілердің жоқтығына шағымданады. Коммуналдық шаруашылық басқармасы бұл олқылықтарды жөндей ме десек, бәрі «баяғы жартас – бір жартас» қалпында қалып отыр» деді Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов.

Аманғали Қалжанов

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды