«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Тұрмысы төмен отбасылар әлеуметтік қолдаудан қағыс қалмайды

0 32

Әлеуметтің әл-ауқатын көтеру, жұмыспен, баспанамен қамту мемлекет алдындағы басты міндет бола бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында да осы мәселелерді баса айтты. Үкімет пен жергілікті билік өкілдеріне осы бағыттағы жұмысты жүйелі жолға түсіруге тапсыр­ма берді. Осы ретте елордада қандай іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр?

 

Әр дүйсенбі сайын бас қаламыздағы маңызды мәселелерді тілге тиек ететін «Astana» телеарнасының «Elorda Live» бағдарламасы көрермендер көңіліндегі көп түйткілдің түйінін шешіп келеді. Әсіресе, әлеуметтік қолдауға зәру тұрғындар үшін көптеген пайдалы кеңестер беретін бұл бағдарламаның кешегі кезегінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесі сөз болды. «Astana» телеарнасы мен «Elorda aqparat» ЖШС бірлескен жобасы аясында біз сұхбаттың жазбаша нұсқасын жариялап отырамыз. Бұл жолы бағдарлама қонағы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының басшысы Әйгерім Тәңірбергенова.

«Жанұя» – қиналған жандардың жанашыры

– Жақында ғана ашылған «Жанұя» отбасы институтын қол­дау орталығының жұмысы жа­йында айта кетсеңіз? Орталық қандай мақсатпен құрылды? Қазір қандай жұмыстармен айналысып жатырсыздар?
– «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының Президенттің тапсырмасымен отбасыларға әлеу­меттік, психологиялық және заңдық тұрғыдан көмек көрсету мақсатында ашылды. Орталықтың «Open space» алаңы барлық қажетті қызметтерді біріктіреді. Атап айт­қанда, астаналық тұрғындарға жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша нақты және толық ақпарат алу мүмкіндігі берумен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй алу мәселелері, бизнесті ашу және мемлекеттік қолдау алу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша жүйелі кеңес береді және көмек көрсетеді. Орталықтағы «кәсіпкер ана» жобасы азаматтардың өз жобаларын жүзеге асырып, өз бизнесін ашуға дем береді. Орталығымыздың ашылғанына небәрі бір жарым ай ғана болса да, 4143 адам 7307 сұрақ бойынша жүгінді. Мұның ішінде 5786 сұрақ бойынша жүйелі кеңестер берілді, 1521 сұрақты шешу бойынша шаралар қабылданды.
Бұл орталық қазірше елордамызда ғана ашылды, басқа қалалардан да ашу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде арнаулы тапсырма да берілді.

Жігеріне – жебеу, үмітіне – демеу

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке «Дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасын» әзірлеуді тапсырған болатын. Осы бағытта орталықтарыңыз не істеуде және болашақта қандай жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр? Көпбалалы отбасылардың барлығын қамтуға мүмкіндіктеріңіз жете ме?
– Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім басқармасы алдына қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру тұрғысынан елордамыз­дағы білім беру орындарындағы дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау «жол картасының» жоспарлы, жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Аталған жоба аясында жыл сайын 200-ден астам олимпиадалар мен ғылыми, интеллектуалдық конкурстар тегін ұйымдастыр­ды. Іс-шараға 93000-нан астам оқушы қатысты (барлық қала оқушыларының 68%). Бұл Нұр-Сұлтан қаласы білім беру мекемелерінің талантты, дарынды жастарының интеллектуалдық потенциалының тек сандық ғана емес, сапалық көрсеткіші де болып табылады.
Сонымен қатар, президенттік олимпиаданың және жалпы білім беретін пәндер бойынша Респуб­ликалық, Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың жеңімпаздарына, жүлдегерлеріне Қазақстан Республикасы аумағында, шетелдік жоғары оқу орындарында оқу гранттары мен Щучинск, Қапшағай қалаларындағы респуб­ликалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама беріледі.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша, 144962 оқушы (97%) оқу-­сауықтыру демалыс лагерьлеріне жіберілді. Оның ішінде 7286 көп­балалы, тұрмысы төмен отбасылардың балалары бар. Бұл балалар «Арман» және басқа да қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында, «Тұлпар», «Батыр» шатырлы және киіз үй лагерьлерінде демалды. Сонымен қатар Қазақстанның киелі жерлерінде жазғы экспедициялар ұйымдастырылды.
2019-2020 оқу жылында білім және ғылым министрлігі бекіткен квота бойынша тұрмысы нашар отбасылардағы, көпбалалы отбасылардағы балаларды «Балдаурен», «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында жіберуді көздеп отырмыз.

Әлеуметтік жәрдемнің мақсаты – еңбекке ынталандыру

– Мемлекет басшысы «Үкімет Атаулы әлеуметтік көмек бөлу тәртібін реттеуі керек. Бұл жүйе ашық әрі әділетті болып, адамдарды бейқамдыққа емес, еңбек етуге ынталандырып, көмек, негізінен, жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс» деп атап көрсеткен еді. Атаулы әлеуметтік көмек берерде сіздер қандай критерийлерге назар аударасыз­дар? Отбасының орташа табысы қанша болуы тиіс?
– Атаулы әлеуметтік көмек тұрмысы нашар отбасыларға беріледі. Оны алатын отбасылардың жан басына шаққандағы кірісі әр өңірдегі кедейлік көрсеткіші деңгейінен аспауы керек. Бас қаламызда 2019 жылдың 3 тоқсанға кедейлік шегі – 25398 теңге. Міне, осы көрсеткішке сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті алуға жан басына шаққандағы табысы 25 398 теңгеден төмен отбасылар ала алады. Ал балаларға мұқтаждық шегі мен жан басына шаққандағы табысының айырмасы бойынша емес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы (25398 теңге) беріледі. Атаулы әлеуметтік көмекті берудің мақсаты – тек ақшалай көмек беру ғана емес, сол отбасындағы жұмысқа жарамды, еңбек қабілеті бар азаматтарды жұмысқа тарту. Біз көмек көрсету барысында жұмысқа жарамды азаматтарды жұмысқа тартамыз. Егер ол ұсынған жұмыстан бас тартып, жұмыс істемейтін болса, бірінші рет әлеуметтік көмекті 50 пайызға қысқартамыз, екінші рет бас тартатын болса, оған берілетін көмекті тоқтатып тас­таймыз. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, атаулы әлеуметтік көмек табысына қарай емес, әрбір отбасындағы бала санына қарай беріледі. Оған сәйкес көмек беру шарттары да өзгереді. Өзгеріске сәйкес, отбасындағы ересек адам ұсынған жұмыстан бас тартатын болса, оның отбасына берілетін әлеуметтік жәрдемді түгел тоқтатамыз. Егер ол адамның мамандығы жоқ болса, біз оларды жұмыспен қамту орталықтарында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша, бір айдан 3 айға дейінгі қысқа мерзімді курста арнаулы тәрбиелейміз әрі жұмыс табуына көмектесеміз. Бұл – әлеуметтік жәрдем беріп ғана қоймай, жұмыс істеуге де ынталандыру.

Көпбалалы аналарға көмек көп

– Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында қанша көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр?
– Нұр-Сұлтан қаласында коммуналдық тұрғын үйге мұқтаждар есебінде, «көпбалалы отбасы» санаты бойынша 3 877 отбасы тұр. Бұл отбасылардың барлығы өз кезегімен баспанаға ие болады.
– Елбасының бастамасымен 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама елордада қалай жүзеге асуда?
– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша: 2 365 жолдама берілді (Мұның ішінде көпбалалы отбасы – 834, толық емес отбасы – 1 143, мүгедек баласы бар отбасы – 388); Төлем қабілеттілігін бағалауға 852 өтініш қабылданды (Мұның арасында көпбалалы отбасы – 309, толық емес отбасы – 397, мүгедек баласы бар отбасы – 146). Осы өтініштер арасынан 413 өтінім бойынша 5,8 млрд теңгеге несие мақұлданды. Сонымен қатар көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеу­ші отбасыларға 1 миллион теңге
35 тұрғын үй сертификаты берілді. Жыл соңына дейін 1000 тұрғын
үй сертификатын беру жоспарланып отыр.
– Баспана сатып алуға мүлде жағдайы жоқ азаматтар бар. Соларға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану мүмкіндігі қарастырылған ба?
– Әрине, қарастырылған. Мысалы, «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша осы жылдың басынан бастап Екібастұзға 218 отбасы қоныс­тандырылды (жалпы саны – 1240 адам, олардың 831-і – балалар).
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында 62 отбасы (212 адам)
қоныстандырылды. Бұл отбасындағы жұмысқа жарамды азаматтарды қоныстанған өңірлер жұмыспен қамтиды.

Жұмыс орындары да көбейіп келеді

– Халықтың әлеуметтік жағдайын көтерудің ең басты бағыты – шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашу. Осы тұрғыда Нұр-­Сұлтан қаласында жыл басынан бері нақты қандай шаруа­лар тындырылды?
– Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды және жеке бастамаларды іске асыру аясында жыл басынан бері 16 298 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде шағын бизнес саласында 15 251 жұмыс орны құрылған.
Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз несие­лер беріледі. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласында қысқа мерзімді курстарды, «Жас кәсіпкер» немесе «бизнес бастау» жобалары бойынша кәсіпкерлік негізінде оқу курсын өткен тұлғалар мемлекеттік гранттарды алуға үміткер бола алады. Бағдарлама қатысушыларына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде
(252 500 теңгеге дейін) грант берілсе, жағдайы төмен көпбала­лы отбасыларға, жағдайы төмен жұмысқа жарамды мүгедек адам­дарға және жастарға 200 айлық есептік көрсеткіш (505 000 теңгеге дейін) көлемінде грант беру қарас­тырылған. Бұл гранттар керекті құрал-сайманды, еңбек құралды, технологиялық жабдықты, жануар­ларды, мал-мүлікті, құстарды сатып алуға қолданылады. Бірақ оны жеке мақсатта пайдалану көзделмеген. Аталған грантты алу үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен орталығына келіп ұғысуға болады.
– Тұрмысы төмен отбасыларға басқа қандай көмектер қарастырылған?
– Атаулы әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан беріліп жатқан бір ғана әлеуметтік көмек емес. Бұдан басқа да көмектер көп. Мәселен: Коммуналдық қызметтерге және тұрғын үйді күтіп ұстауға рұқсат етілетін ең жоғарғы деңгейдің мөлшерін 8-ден 5%-ға дейін төмендетілді. 54 көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қамтылды. Үйде тәрбиеленетін мүгедек балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау 6 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін 25 250 теңгеге дейін өсті, көмекпен 228 адам қамтылды. Көпбалалы отбасыларға көмір алу үшін әлеуметтік көмек 40 мың теңгеге дейін өсті. Көпбалалы отбасылардағы 50 балаға Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орнында оқуға қосымша гранттар бөлінді. Жалпы міндетті білім беру қорынан тиісті санаттағы оқушылар мектеп формасымен және оқу құралдарымен, сонымен қатар демалыс лагерьлеріне жолдамалармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етіледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды