«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметтік қолдау жан-жақты көрсетіледі

0 18

Соңғы бес жылда елордада әлеуметтік саланы жан-жақты қолдауға бағытталған қалалық бюджет қаржысы едәуір ұлғайды. Мәселен, 2013 жылы аталмыш салаға 100 млрд теңге бөлінсе, былтыр бұл сома 131,6 млрд теңгеге жетті. Яғни, өсім 31,6 пайызды құрады.

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық кеңесінің отырысында осылай деп мәлімдеген қалалық Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев 2018 жылғы бюджеттің орындалуы туралы есеп берді.
Өткен жылы қала тұрғындарына 3,7 млрд теңге сомасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Соның ішінде жергілікті атқарушы биліктің шешімімен әлеуметтік әлжуаз топтарды қолдауға 3,1 млрд теңге бөлінді.
Атап айтқанда, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағдарламаларын жүзеге асыру барысында 140 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді. Қоғамдық жұмыстарға 1930 адам тартылды. Білім беру мекемелерінің 836 түлегі жастар практикасына қатысты. Бұған қоса, халықтың мақсатты топтарына 183 әлеуметтік жұмыс орны құрылып, 733 адам кәсіби даярлықтан және қайта даярлықтан өтті. Табысы аз 994 отбасыға тұрғын үй жәрдемақысы берілді. Сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттарына 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттары тапсырылды.
Әртүрлі бағыттарда мүгедектерді қолдау жұмысы жүргізілді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қала бюджетінен 3 млрд 418 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы 100 пайыз игерілді. Амбулаторлық-емханалық деңгейде 122 адамға тегін дәрі-дәрмек берілді.
Өткен жылы 15 мектеп пен
3 балабақшаның құрылысы жалғасты. Сонымен қатар 23 білім беру нысанын жобалау жұмысы жасалды. Мұның 15-і бойынша мемлекеттік сараптама оң шешім шығарып, 9 мектептің құрылысы басталды. Бес мектепті пайдалануға берудің арқасында мектептердегі орын тапшылығы 5300 орынға азайды. Сол сияқты екі балабақша салудың нәтижесінде мектепалды даярлық мекемелерінің тығыздығы 530 орынға қысқарды.
Алайда елорда халқының артуына байланысты балабақшалар мен мектептер әлі де көптеп салынуы керек. Осы орайда қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Әсима Бимендина білім беру нысандарының тығыздығына, жалпы мектептердің техникалық жағдайына қатысты сараптамаларды жүргізудің нәтижелері туралы сұрады.
«Өткен жылы бюджеттен қаржы бөлініп, 30 мектепке техникалық тексеріс жасалды. Бұл мектептер 1991 жылға дейін салынған. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Жалпы екі жыл ішінде барлық мектептерді тексеруді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал тексеріліп, ақау­лар анықталған мектептерде осы жылы күрделі жөндеу жүргізіледі. Биыл келесі жылы жөнделетін мектептердің жобалау-сметалық құжаттары әзірленеді» деп жауап берді бұл сұраққа Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Айтжанова.
Сондай-ақ қоғамдық кеңес отырысында Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары Берік Ахметжанов шаһарда қалыптасып отырған экологиялық жағдайдан хабар беріп, қоршаған ортаға таралатын зиянды заттар үшін алынатын эмиссия төлемдері туралы баяндады.
Оның айтуынша, қазір қаланың экологиясына басқа факторларға қарағанда, көліктерден көп зиян келіп отыр. Нақтырақ айтқанда, ауаның 53 пайызын көліктер ластап жатыр. Ал 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-ның мұндағы «үлесі» – 25 пайыз. Автономды қазандықтардың ауаға зияны 17 пайызды құрайды. Осыған байланысты отырыста көліктерден таралатын зиянды заттарға эмиссияны екі есе көтеру ұсынылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды