«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуметке бейімдейді

0 33

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда тағдыр тауқыметіне түсіп, өмірдің қиын жағдайына душар болған жандар аз емес. Астана қаласы әкімдігінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі белгілі тұрағы жоқ адамдарға көмек көрсетіп келеді.

Мекеменің әлеуметтік патруль қызметі күнделікті қала ішінде рейд жүргізіп тұрады. Арнайы кес­теге сәйкес белгіленген бағдар бойынша күнбе-күн, ертелі-кеш қала аралап, қиналып жүрген жандарды анықтап, оларды өз келісімдерімен орталыққа жеткізіп отырады.
Жақында кезекті рейдке шық­қан әлеуметтік қызметкерлері таңғы сағат тоғыздар шамасында «Астаналық базар» маңынан түрлері солғын, жабырқау жүрген қырық бес-елулер шамасындағы екі азаматты байқайды. Ұтқыр әлеуметтік патруль қызметкерлері оларға жақындап, жөн сұрастырғанда, өздері болжағандай, олардың баспаналары жоқ азаматтар екені белгілі болады. Екеуі де Астанаға жұмыс іздеп келген көрінеді.
Орталықтың әлеуметтік қыз­меткері Нұртас Рахметуллаев бұларға мән-жайды түсіндіріп, мекеменің қызметімен таныс­тырып, қолдарына анықтамалық буклеттерді ұсынады. Аяқ астынан өздеріне деген мұндай қайырымдылық пен қамқорлықты күтпеген азаматтар сәл абыржып қалса да, сәлден кейін сөзге келместен орталыққа баруға келісімдерін береді.
Осындай жағдайдағы адамдар «Әлем» базарының маңынан да кездеседі. Бұлармен де мекеме қызметкерлері әңгімелеседі. Сөйтіп баспанасыз жүрген тағы 4 азамат өздеріне ұсынылған жағдайдан бас тартпай, қызмет алуға келісімдерін беріп, орталыққа жеткізіледі. Олардың барлығы да қол-аяқтары сау, 35-55 аралығындағы азаматтар бола тұрса да, не үйлері, не жұмыстары жоқ тұлғалар болып шықты.
«Күнделікті рейдтер кезінде баспанасыз, жұмыссыз адамдарды жинап, орталыққа тапсырып отырамыз. Әрине, әрбір адам өз тағдырына өзі ие ғой. Егер ерінбей-талмай, ізденіп талаптанса кез келген адамның екі қолына бір жұмыс табылады деп ойлаймыз. Дегенмен, біз ешқашанда қараусыз қалдыра алмаймыз. Оларға жөн көрсету, әлеуметке қосу – біздің мінде­тіміз. Қызмет алушылардың арасындағы кейбірі – түрлі тағдыр тау­қыметіне түскендер, туыстары­ның қарауынсыз қалғандар, мүгедектер біздің мекемені өздері тауып келгендер. Біз өз тарапымыздан оларды дұрыс өмірге бейімдеуге тырысамыз» дейді ұтқыр әлеуметтік патруль қызметінің жетекшісі, түнгі келушілер бөлімінің басшысы Жайдар Шалғынбаев.

Нұрбек ЖАҚАНОВ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды