«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлеуеттік құрылымдар киімін тігеді

0 29

«Веста» тігін салоны» ЖШС 20 жылдан бері республиканың барлық әлеуеттік құрылымдарын нысанды (форма) киімдермен қамтамасыз етіп келеді. Серіктестік экономикалық қызмет түрлерінің ортақ жіктемесі бойынша қазақстандық шағын кәсіпорындарының ТОП 100-іне енген. 2013 жылы «Сала көшбасшысы» атағын иеленді. Ал оның директоры Фариза Шадыжева Ұлттық бизнес-рейтингтің ұйымдастыру комитетінің ұйғарымымен «Қазақстан Даңқы» орденімен марапатталды.Бүгінде «Веста» тігін салоны еліміз жеңіл өнеркәсібінің алдыңғы қатарлы өндірісінің бірі болып табылады. Кәсіпорын 90-жылдардың «жабайы нарық» заманында құрылған еді. Содан бері 27 жыл бойы сыртқы киімдер, жеңіл киімдер, әскери нысанды киімдер, мектеп киімдерін тігіп келеді. Сирек те болса жеке тапсырыстар қабылдайды. Қазір, негізінен, күштік құрылымдардың нысанды киімдерін тігуге мамандандырылған.
– 1992 жылы алғаш ашылғанымызда біз 5 машинада 3 қана шебер жұмыс істедік. Ақмолада бүкіл қала бойынша 2 ғана нотариус жұмыс істейтін. Құжаттарды рәсімдету үшін таңертеңнен түске дейін кезекте тұруға мәжбүр боламыз. Онда да кейбір құжаттар жетіспей не тура болмай жатады… Әйтеуір, құжат жасатамыз деп көп сабылушы едік. Ол кезде нарық қалыптаспаған. Қиындықтар көп болды ғой, – деп кәсіпті бірінші бастаған кездерін еске алды Фариза Шадыжева.
О баста ветровкалар (жеңілдетілген курткалар), пальто, қысқы курткалар мен костюмдер тіккен. Сапасы жоғары және қара халық үшін қолжетімді өнім тез сатылды. Бірте-бірте халықтан, ұйымдардан жиі тапсырыстар түсе бастады.
Жеке істі жүргізу үшін қаражат керек. «Веста» тігін салонында ол қаржы болмады. Сондықтан Цеснабанктен 35 пайыз мөлшерлемемен несие алды. Пайыздың мөлшерлеменің қымбаттығынан кәсіпті жүргізу, өндірісті дамыту қиынға түсті. Сөйтсе де аталмыш банкпен әріптестік байланысты үзбеді, ұдайы несие алып, шаруашылығын дөңгелетіп тұрды. Соңғы рет Цеснабанктің тұрақты клиенті ретінде 19 пайыз мөлшерлемемен несие алған.
– Біз «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ туралы еститінбіз. Биыл бірінші рет өтініш түсірген едік. Олар бизнес-жобамызды мақұлдады. Соның арқасында ForteBank-тен 6 пайыздық жеңілдікпен несие алдық, оның үстіне «Даму» қоры алған несиенің 40 пайызын субсидиялайды. Бұл бізге үлкен көмек болды, – деп Фариза Шадыжева қуанышын жасырмады.
Несиені алысымен «Веста» тігін салоны» ЖШС «Бәйтерек» монументінің маңайында және «Өндіріс» тұрғын үй алабында жаңадан өндірістік ғимарат салуға кіріскен. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Келер жылы жаңа өндіріс нысандарын ашып, кәсіпті одан әрі дамытуды көздейді.
– «Веста» тігін салонында 50-ге жуық тігін ісінің үздік мамандары мен шеберлері жұмыс істейді. Олар жылына 10 мың дана түрлі киім-кешек шығарады. Компанияның жылдық қаржы айналымы – 300-400 млн теңге. Ал жаңа өндіріс орындары ашылғанда жұмысшылардың санын 150 адамға жеткізуге, ал өндірістің қуаттылығын 7-8 есеге өсіруге мүдделіміз, – деді серіктестік басшысы алдағы жоспарларымен бөлісіп тұрып.
Қазіргі күні серіктестік – ҚР Бас прокуратурасы, Қорғаныс министрлігі, Мемлекеттік қорғаныс қызметі, Ұлттық гвардия, Салық комитеті, ҰҚК, ІІМ жоғары офицерлер құрамы мен қатардағы қызметкерлері үшін нысанды киімдер тігетін республикадағы ең ірі кәсіпорын. Жаңа жылдық Президент шыршасына концерттік костюмдер, оркестрлік киімдер тігілді.
Өткен жылы мектеп киімдерін де тіккен, бірақ оның көлемі айтарлықтай көп емес. Ал ағымдағы жылы негізгі әскери мамандарына қосымша, қалалық әкімдіктің әлеу­меттік сертификаты бойынша киім тігуге тапсырыс алды. Бұл сертификат кедей-мүгедек жандарға, аз қамтылған отбасыларға киім тігу үшін әр отбасына 30 мың теңге көлемінде жәрдем ретінде беріледі.
– Біз кәсіпкерлікке дамытуға қолайлы кез келген мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Өйткені өндірісті кеңейту, адамдарды жұмыспен қамту – басты мақсатымыз, – деді қоштасар сәтте «Веста» тігін салоны» ЖШС директоры Фариза Шадыжева.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды