«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлемдік классика сахналанды

0 17

«Астана Опера» театрында Мәдениет және спорт министр­лігінің қолдауымен әлемдік классиканың жауһары – Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсының премьерасы табыспен өтті.

Италияның ұлы композиторы Вердидің туындылары өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Атақты тұлғаның қазақ жерінде сахналанған операсы өршіл ерлікке толы. Күрделі туындыны сахналаған режиссер Давиде Ливермор бұған дейін елордалықтарға Дж.Пуччинидің «Турандот», Чайковскийдің «Евгений Онегин» операларын қойған еді. Маэстроның жаңа қойылымы да жұртшылық көңілінен шықты.
– Шығармадағы партитураның қуаты мен маңыздылығын барша көрермен сезіне алатындай етуге күш салдық. Операда саяси араздықтан бөлек, әрбір кейіпкердің жалғыздығы жайында сыр шертілді. Өмірде кей адамдар көп нәрсеге қол жеткізіп, ауқатты тұрмыс сүргенімен, жалғыздығынан бақытсыздықтың күйін кешеді. Яғни төрт құбыласы түгел пенде жоқ. Соның бәрі қойылымда шынайы көрініс тапты, – деді режиссер.
Бұл шығармада «өтпелі» кейіпкерлер деген атымен жоқ. Композитор барлық дауысқа, яғни тенорға, баритонға, сопрано мен меццо-сопраноға арнап хит әуендер жазған. Операдағы басты Дон Карлос партиясында диалогтар мен әрекеттер көп кездеседі. Бұған дейін де Карлостың рөлін жер жүзіне аты жайылған тенорлар сомдаған. Спектакльде бұл рөлді Медет Шотабаев пен Жапония­дан келген Наоюки Окада орындады. Сондай-ақ Елизавета патшайымның партиясын Жаннат Бақтай шырқады. Дон Карлостың досы Родриго ди Поза партиясын Сүндет Байғожин мен Талғат Мұсабаев тартымды жеткізді. Филипп патшаның партиясын Евгений Чайников пен Барсег Туманян айтты. Эболи ханшайым рөлінде Татьяна Вицинская мен Салтанат Мұратбекова өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті. Басқа да кейіпкерлердің рөлдерін театр әртіс­тері шынайы бейнеледі.
Үш сағатқа созылған қойылымда сәні мен сымбаты келіскен әртістердің киімдерімен бірге, сахнадағы жиі ауысып отыратын көлемді декорациялар да көрермендер көңілінен шықты. Бұл жерде қоюшы сценограф Кристиана Пикконың тың идеяларын айрықша айтуға болады. Әртістердің костюм­дерін көркемдеген суретшілер – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың да сіңірген еңбегі көп. Дирижер Алан Бөрібаев Верди музыкасының сиқырлы сазын мазмұнды жеткізді.
Театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен хор «Патшайым бағы» сахналық көрінісінде тамаша әсер қалдырды.
Қорыта айтқанда, «Астана Опера» театрының қазынасы тағы бір әлемдік классикамен толығып, өнердегі бір биікті бағындырды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды