«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлемде әз Наурыз қалай тойланады?

0 54

Наурыз – ежелгі заманнан жалғасқан, тарихы ұзақ, көне мейрамдардың бірі. Жаңа жылдың басы, көктемнің алғашқы күні ретінде тойланатын бұл күн қазіргі күнтізбе бойынша күн мен түн теңелген 21 (22 наурызға қараған түн) наурызға тура келеді.

UNESCO(ЮНЕСКО) 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізсе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2010 жылдың 10 мамырынан бастап 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» ретінде атап өтіліп келеді. Аталған ұйымның берген сілтемесіне сүйенсек, Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Орта Азияда, Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда және Таяу Шығыста 300 миллионнан аса адам тойлайды екен. Ал қазақстанда 1926 жылдан бастап тойлауға тиым салынған мереке 1988 жылы қайта жаңғырып, Наурыз бүкілхалықтық мереке ретінде аталып келеді. 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді.

Түркия: Наурыз – ізгілік күні

Түркияда «Султан Невруз», «Невруз Султан» деген атпен наурыз мерекесін айрықша атап өтеді. Бұл елде наурыз мейрамы кезінде ортаға от жағып соны айнала билесе, қазір бұл әдеттің орнын отшашулар басып барады. Наурызды «жақсылықтың бастау көзі» деп білетін түріктер осы күні жақсы амалдар жасауға, жақсы көрген заттарын сатып алуға тырысады.
Наурыз күні таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барады. Әйелдер түрлі-түсті тағамдар пісіреді. Туыс-туғандар бір дастархан басына жиылып, ас ішеді. Ән айтып, би билеп көңіл көтереді. Ағашқа әткеншектер құрылып, балалар алтыбақан тебеді, «байрақ» жазуы бар батпырауықтар ұшырады. Сонымен қатар бұл мерекеде туыс-туған, ілік-шатыстар мен көршілер бір-бірінің үйіне барып, дәм татады. Әулеттің үлкендеріне барып бата алатын дәстүр де бар. Түркияда аталған мерекені әр өңір әртүрлі тойлайды, бірақ үлкен парық жоқ.

Қытай: Ұлттық өнерді ұлықтайтын сәт

«Ұлыстың ұлы күнін» Қытайда ұлттық мереке ретінде қазақтар мен қырғыздар аса дабырлы тойлайды. Наурыз – тазалық күні, ақ пен қараның алмасатын қасиетті күн деп қарап, мереке келуден бұрын үлкен дайындық жасайды. Бұрынғыдай бұлақтың көзін ашып, «бұлақ майлы болсын, қоныс жайлы болсын» деп, бастаудың көзіне май тамызбаса да, Наурыз мерекесін рухани мәдениетті дамытудың, ұлттық рухты серпілудің тамаша сәтіне айналдырған.
Наурыз күні ауылдарда әр үй жеті дәмнен құралған наурыз көже жасайды. Ел-жұрт «Ұлыс оң болсын» айтып, айтшылағандай аралап, әр үйдің көжесінен ауыз тиеді. Бұл бұрыннан қазірге дейін жалғасып келе жатқан дәстүр болса, соңғы жылдарда Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтары салтанатты сауықкештер өткізіп, ұлттық ойындарға кезек беріп, қазақы дәстүрді ұлықтайтын дағды қалыптасты. Аймақтардан басталған бұл дәстүр аудан, ауылдарға дейін жалғасын тауып, қолөнер бұйымдар көрмесін, ұлттық киімдер көрмесін қамтыған ұлттық өнімдерді үгіттейтін жақсы ауқым жарыққа шықты. Ал үлкен қалаларда ықшам аудан бойынша немесе жерлестер жиналып, ресторандарда көпкөже жасап, наурыз өткізеді. Мұнда, негізінен, талантты балаларға көбірек мүмкіндік беріп, қазақ тілінде өнер көрсетуге, домбыра тартып, ән салуға шабыттандырады. Өкінерлігі, 20 неше жылдан бері дағдыға айналған бұл дәстүр соңғы кездері саясаттық жағдайға байланысты үзіліп қалуға шақ қап тұр.
Ал Қытайдағы өзбек, ұйғыр, тәжік ұлттары бұрын бұл мерекені көп біле бермейтін. Тек соңғы кездері ғана «Байрам» деп ауызға алып, өз білгендерінше «Ноурыз ашын» жасап, шағын көлемде атап өтіп жүр.

Иран: Жаңа күннің жаршысы

Парсы тілінде наурыз «жаңа күн» (но-жаңа, роуз-күн), «жаңа жыл» деген ұғымды білдіреді. Иранда бұл мереке маңызды мейрам ретінде оншақты күн тойланады. Бұл күні парсылар қызыл киім киіп, дәстүр бойынша денсаулық тілеп, жамандықтан аулық болу мақсатында оттан секіреді. Ерлер беттерін қара күйе немесе қара бояумен бояп ел аралайды.
7 санын жақсылыққа балайтын парсылар да бұл күні дастарқанға 7 немесе одан артық дәм салынады. Дастарқанның қасына айна мен жанып тұрған балауыз шам міндетті түрде қойылады.

Өзбекстан: Басты мерекенің бірі

Наурыз мейрамын оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан 21 наурызда тойлайды. Өзбектер наурызды қалай қарсы алса, келер жыл солай өтеді деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленуді мақсат етеді.
Наурыз күні бұл елде қайнаған жәрмеңке болады. Жұрт ұлттық киімдерін киіп, ән айтып, биге басады. Әтеш төбелестіріп, ит таластырады, қошқар сүзістіріп, қызыққа батады. Кей өңірлерде бәйге, жорға салады.
Алуан түрлі тағам жасайтын өзбек әйелдері бұл күні «қазан толды» дайындап, наурыздың сыйлы асы-сумаляк жасайды. Бидай ұнынан жасалатын сумалякты бақытты өмірдің, молшылық пен жылылықтың тағамы деп ырымдап ішеді.

Өткен жылы Ташкентте өткен Орталық Азия елдері басшыларының кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы Өзбекстан жылын ресми жариялап, екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын тереңдететін достық қадамын жасаған еді. Қазақ-өзбек достығының жылында 200-ге тарта түрлі шаралар ұйымдастырылып, бауырлас елдердің ара қатынасы жаңа сипатта жақындай түсті.
Енді жақын күндерде, алдағы сәуірдің басында Қазақстанның Өзбекстандағы жылы ресми жарияланатын болады. Бұл былтырғы жыл бастау алған игілікті шаралардың заңды жалғасы болып табылмақ.
Астана мен Ташкент – сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақ-тастығын мәңгіге бекіген ірі орталықтар. Биылғы жылға жоспарланып отырған кәсіпкерлердің форумы екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамытады деп ойлаймын.

Шерзод Пулатов,
Астана қаласындағы өзбек
этномәдени орталығының төрағасы

Әзербайжан: Наурыз – бақыт бастауы

Әзірбайжанда Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңескен күні ретінде аталып өтеді. Мереке күні дастарханның басты тағамы шекербура дайындалады. Ол – Ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Мұнан сырт, бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боялады.
Бұл күні адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған. Әзірбайжан халқында Наурыз күні жаңбыр жауса, «келер жыл жақсы, берекетті, өнімді жыл болады» деп қарайды.

 

   P.S    Бұлардан басқа, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты көршілес республикалар мен Үндістан, Пәкістан елдеріндегі мұсылмандар данаурыз мерекесін тойлайды. Ұлттық киімдерін киіп, мерекелік шаралар өткізіп, наурыз күнін думанға бөлейді. Бірақ қайсы елде босын, наурызда өтелетін байырғы салт-дәстүрлер азайып, көбі ауызда айтылып, қағазда ғана жазылатын жағдайға көшкен. Бейне біздің «наурыз күні ағаш егіледі, бұлақтың көзі ашылып, май құйылады» деп ауызда ғана айтатын күйге түсіп қалғанымыз сияқты…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды