«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлем таныған ғалым

0 44

Елордадағы Ұлттық академия­лық кітапханада аса көрнекті әдебиеттанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик Зәки Ахметовке арналған «Ғалымдар және хаттар» атты эпистолярлық жанрда жазылған кітаптың таныстырылымы өтті.

Бұл жинаққа ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен Ұлттық академиялық кітапханасындағы академиктің жеке кітап қорында сақталған құжаттардан алынған дүниелер енді. Оның ішінде Зәки ағамыздың кеңес дәуірінде жалпақ ел мойындаған академиктер Сергей Малов, Виктор Жирмунский және отандық ғылымның дамуына үлес қосқан Әлкей Марғұлан, Сақтаған Бәйішев, Манаш Қозыбаев секілді ғалымдармен пікірлесіп, ой бөліскен хаттары мен зерттеу еңбектері бар. Бұл құжаттарды жай шолып өте алмайсыз. Онда ғибратты ғалымның әдебиеттану ғылымы үшін айтқан тың ойлары сізді де толғандырмай қоймайды.
Зәки Ахметовтың «Қазақ өлеңі­нің құрылысы» атты айтулы монографиясы Орта Азия көлеміндегі өлең теориясын зерттеген алғашқы еңбек саналады. Сондай-ақ ол тек қана өлеңтанушы емес, әдебиеттің маңызды мәселелерін жіті зерттеген, жан-жақты ғалым болды. Ол қазақ мектептеріне арнап бірқатар оқулық та жазды.


Жиында белгілі ғалымдар Сейіт Қасқабасов, Жабайхан Әбділдин, Мырзатай Жолдасбеков, Серік Негимов және т.б. азаматтар сөз алып, көрнекті академиктің білімдарлығы, азаматтығы, қысқасы жан-жақтылығы туралы парасатты ой өрбітті.
Оқырманға жол тартқан жинақты аталған кітапхана қызметкері, әлеуметтік ғылымдар магистрі Мөлдір Баймаханбетова құрастырған.
Сонымен қатар шара барысында ардақты тұлғаның кітаптары мен тұтынған заттарынан көрме ұйымдастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды