«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлем қала туризмін дамытуға назар аударады

0 27

Қазақстан астанасында 9-12 қазан күндері Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) қала туризмі жөнінде VIII жаһандық саммиті өтті. Онда «ақылды» қалаларды дамыту арқылы шаһардың көкейкесті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен озық технологияларды енгізу жолдары әңгіме өзегіне айналды.

«Ақылды қалалар – ақылды дестинациялар» тақырыбына арналған саммит Қазақстанда түрлі салалардың дамуына игі ықпал етеді. Қалалық туризмді дамыту шаһардың заманауи және технологиялық құрылымына оң әсер етіп қана қоймай, сонымен қатар тартымды турис­тік дестинация ретінде елорданың келбетін жақсартады.

Туризм – экономиканың қозғаушы күші

– Бүгінде туризм жаһандық жалпы ішкі өнімнің 10 пайызын, жұмыс орындарының 10 пайызын және барлық индустрияның 5 пайызын құрап отыр. Әлемдік нарықта туризм индустриясының даму қарқыны күшті. Тек соңғы он жыл ішінде халықаралық туристер саны едәуір ұлғайған. Қазіргі заманда туризм қалалардың тұрақты дамуына зор ықпал етуде. Қазақстан да осы салада өз әлеуетін арттыруды мақсат етіп отыр. Елімізге туризмді дамыту бағытында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдар мен компанияларды тартқымыз келеді, – деді Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин саммиттің ашылу салтанатында.

Асқар Мамин Қазақстанның Туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бар екенін атап өтті. Сөйтіп еліміз ЖІӨ-де туризм үлесін арттыруға мүдделі екенін аңғартты. Оның айтуынша, туризмді мемлекеттік сектордан да, жеке сектордан да қаржыландыру маңызды.
– Біз Нұр-Сұлтан қаласының ең үздік 50 туристік шаһардың санатына енуін қалаймыз. Әлбетте, бұл салада бәсекелестік үлкен, түрлі кедергілер бар екені мәлім. Соған қарамастан ел астанасын туризмді дамытудағы негізгі қала ретінде бекіткіміз келеді, – деді Үкімет басшысы.
Қазіргі күні астанада құрылысқа салынған инвестиция көлемі 3,3 трлн теңгеге немесе 50 млрд долларға жетті. Сондай-ақ бас қаланың дамуы үшін заңнамалық базаны жетілдіруге күш салынуда. Үкімет басшысының айтуынша, елорда «ақылды» технологияларды дамытудағы басты күшке айналып келеді. Елорда қазірдің өзінде әлемнің ең негізгі 10 қаласы ретінде дамып келеді деп айтуға болады.

Елорда халқы үш есе өсті

Саммитте Үкімет басшысынан кейін сөз берілген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов меймандарды елорданың дамуымен таныстырды.
– Осындай әлемдік деңгейдегі ірі шараның біздің қаламызда өтіп жатқанына қуаныштымыз. Саммит 2018 жылы Сеул қаласында өткен болатын. Айта кетейік, астананың тарихы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Осы 21 жыл ішінде елорданың аумағы мен халқы 3 есе көбейді. О баста тұрғындар саны 280 мың болса, бүгін 1 млн-нан асып кетті. Қазір Нұр-Сұлтан – жастар қаласы, астана тұрғындарының 70 пайызы, яғни 700 мыңға жуығы – жастар. Тек кейінгі жылдардың мұғдарында ғана елорда әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналып үлгерді. Бүгінде қала халқының 60 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады, – деді әкім.
Астанада Big Data деректер базасы жұмыс істейді. Мұнда қаладағы барлық салалар – білім, денсаулық, қоғамдық көлік, қоршаған орта, т. б. деректер қоры жинақталған. Аталған салаларды цифрландыру қолға алынып отыр. Сондай-ақ «Смарт Астана» жүйесі бойынша тұрғындарға қыз­мет көрсетудің қолайлылығын арттыру үшін барлық қызметтер автоматтандырылған. Қазіргі күні елордада 75 қоғамдық және коммерциялық қызметтер бір түймешікті басу арқылы жүргізіледі. Ол, айтып өткеніміздей, «Смарт Астана» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылуда.

Қонақжайлық институты ашылады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада туризмді дамытуға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берді.
– 2017 жылы ЭКСПО ауқымды халықаралық көрмесі өтті. Бұл шара өз кезегінде елорданың жас қала болса да әлемдік ірі қалалармен терезесі тең түсетінін дәлелдей білді. Қазіргі уақытта әлемнің 57 елінің азаматы елімізге, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына визасыз кіре алады. Бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын табады, себебі елордамыздың шетелдік қонақтар үшін есігі ашық. Тағы бір айтып өтетін жайт, Президент Жарлығына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, биыл туризм және қонақжайлық институтын ашатын боламыз. Бұл ішкі және қала туризмін дамыту мен туристерді көптеп тартуға өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, институт туризм саласының мамандарын даярлауға жағдай жасайды. Осы мәселе бойынша шетелдік әріптестерімізбен бірігіп жұмыс істеуге әзірміз, – деді ол.
Астана – Қазақстанға сапарлап келген шетелдік туристер табаны алғашқы тиетін жер. 10 жыл ішінде туристер мен қонақүйлердің саны 2 есе өскен. Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа терминалдың ашылуы жолаушылар ағынын 3,5 есеге ұлғайтқан.
Елорда әуежайы жылына 8 млн жолаушыны қабылдауға мүмкіндік береді. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы Mastercard компаниясының 200 жаһандық туристік дестинациясының құрамына енді. Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Куала-Лумпур сынды ірі қалалардың халықаралық тәжірибесі игеріліп, Nur-Sultan-NS бренді жасақталды. Президенттің тапсырмасымен биыл елордада Халықаралық туризм және қонақжайлық университеті ашылатын болды.

Туризмді дамытудың үш бағыты

– Біз саланы дамытудың үш негізгі бағытын анықтадық. Бірінші – оқиғалық туризмді дамыту. Мәселен, қалада әлем чемпионаттары ұйымдастырылады. Осы күндері күрестен әлем чемпионаты болып жатыр. Сондай-ақ шайбалы хоккейден әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Маусым айында Орталық Азияда тұңғыш рет Comic Con фестивалі өткен болатын. Оған 53 мың адам қатысты. Шілде айында дәстүрлі әрі ауқымды Ironman шарасы өтті, – деді қала әкімі Алтай Көлгінов. Қала басшысы екінші бағыт ретінде медициналық туризмді атады.
Халықаралық сарапшылардың зерттеуі бойынша Нұр-Сұлтанда медициналық туризмді дамытудың әлеуеті жоғары екенін көрсетті. JSI-ға аккредиттелген 7 ұйымның алтауы елордада орналасқан.
Алтай Көлгіновтің айтуынша, үшіншіден, Нұр-Сұлтан – Еуразиядағы үздік конгрестік көрме орталығы. «Біз Еуразиядағы халықаралық конференциялар мен қауымдастықтардың ең ірі мүшесіміз. Халықаралық дәрежедегі шара тек қана шетелдік келушілер санын ұлғайтып қоймай, қала экономикасының дамуына үлес қосады» деді ол.

«Ақылды» қаланың әсері үлкен

Саммит барысында UNWTO бас хатшысы Зураб Пололикашвили елорданың аз уақыттың ішіндегі даму қарқынына таңданысын жасырмады.
– Мен Нұр-Сұлтанға алғаш рет келіп отырмын. 20 жыл бұрын мұнда картоп егілген дала жатыр еді. Ал қазір өңірдегі ең заманауи қалада отырмыз, – деді ол. – Оған астана дамуының сәулеттік келбеті мен «ақылды» инфрақұрылымды жоспарлауы әрі жүзеге асыруы нақты мысал болады.
Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда бейбітшілік пен даму бағытын ұстанды. Мұнда бүкіл әлемнің туристері үшін ауқымды жобалар жасалды. Елорда «ақылды» бағытта дамып келеді.
– «Ақылды» қалалар адамдардың өміріне жақсы ықпал етіп қана қоймай, туристерге де тамаша әсер береді. Туризм секторы қоғаммен өзара байланыста болуы тиіс. Ал біз туризмнің экономика дамуындағы рөлін түсіндіруіміз керек. Тәжірибе алмасып, туризм саласындағы мәселелерді шешкіміз келеді, – деп сөзін тү­йіндеді З.Пололикашвили.
Сөз соңы. Саммитке келген шетелдік меймандар қала туризміне қатысты мәселелерден басқа, қазақтың тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Олар Ұлттық мұражайға, Опера және балет театрына, «Бәйтерекке» барып, ұлттық тағамдардан дәм татты. Қазақтың ән-күйіне қанықты.

ШЕТ ЕЛ ҚАЛАЛАРЫ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ЛЕБІЗІ

Мансур ЯВАШ,
Анкара қаласының мэрі:

– Қазақстан мен Түркияның арасында іскерлік, мәдени байланыстар нық орнаған. Бүгінде Анкарада 5,5 млн халық тұрады. Шаһардың 2 мың жылдан астам тарихы бар, әлемдік мәдениеттерді ұштастырған, Еуропа мен Таяу Шығысты байланыстырушы дәнекер. Қазіргі міндетіміз – Анкараны әлемдегі ірі мәдени және медициналық орталыққа айналдыру.
Қала туризмін дамыту ісінде ұлттық дәстүрге, тарихи құндылықтарға мән беру маңызды. Туристер әр кез тарихи құндылықтарды көргісі келеді. Біз қаланың тарихи мұрасын, ежелгі жәдігерлерін қол тигізбей сақтап қалдық. Соны тамашалауға келетіндерге қолайлы жағдай жасап, сапарларының сәтті өтуіне мүдделіміз.


Ильсур МЕТШИН,
Қазан қаласының мэрі:

– Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз бауырлық сезімде, тарихымыз тереңнен ұштасқан. Қазан туризмді дамыту саласы бойынша Ресей Федерациясында үздіктер қатарында тұр. Қалада 460 мың адам өмір сүреді, шаһардың мың жылдық тарихы бар. Былтыр елімізге 3,5 млн турист келді.
Қазан – спорт астанасы. Қалада халықаралық деңгейде түрлі спорттық жарыстар жиі өткізіледі. Ол қалада спорттық нысандардың көптеп салынуына, инфрақұрылымның дамуына игі әсер етті. Айта кетейік, бізде сондай-ақ 166 ұлт өкілдері тұрады. Біз елде ұлттар арасындағы тату-тәтті өмірді сақтауға әрдайым басты назар аударамыз. Ол – елге турис­тердің көптеп келуінің бір кепілі. Өйткені туристер саяси тұрақты, қауіпсіз жерлерге барғысы келетіні түсінікті.


Бобурмирзо ОБЛАКУЛОВ,
Самарқанд қаласының әкімі:

– Туризм халықтар мен мемлекеттер арасындағы достықты, іскерлік байланыстарды арттыруға ықпал етеді. Біздің қаламызға 2750 жыл толды. Оның тарихы Вавилон, Рим ­сияқты ғасырлар тереңінен бастау алады. Былтыр қалаға 2,5 млн турист келді. Биыл жыл аяғына дейін олардың саны 4 млн-ға жетеді деп топшылап отырмыз. Біз оқиғалық, іскерлік туризмді дамытуға мүдделіміз. Қалада әлемдік деңгейдегі ірі іс-шаралар өткізіліп тұрады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды