«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әлем екіге жарылу қарсаңында тұр

0 124

АҚШ пен Ресей арасындағы өткен жылдың жазына қарай байқала бастаған қажасу мен егес биылғы жылдың 1 нау­рызында Владимир Путиннің Федералды жиынға арнаған әйгілі жолдауының соңын ала тіпті ушығып кетті. Мұның нақты айғағын әлем 4 наурызда Британияның Солсбери қаласында Ресей мемлекеттік барлау басқармасының экс-қызметкері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның белгісіз химиялық дәрімен уланып қалуына байланысты Лондонның осыған қатысы бар мүдделі тарап ретінде Мәскеуді айыптауы көрсетіп берді. Ұлыбритания жағы бұл ауыр айыпты бұлтартпай мойынға қойып беретін құжаттарды көрсетпеуі былай тұрсын, күдікті істі бірлесе тексеруді алға тартқан Ресейдің орынды ұсынысынан ойланбай бас тартты. Осыған қарап-ақ мәселенің түбі шикі екенін пайымдауға болар еді.


Енді өзінің «уландыру операциясына» қатысты байбаламының құпиясын ашып алудан сақтанған Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй наурыздың 20-сында Ресейдің Лондондағы дипломатиялық миссиясының 23 қызметкерін елден шығару жөнінде шешім қабылдады. Ол мұнымен де тоқтамады, түбінде бұл бүліктің өзіне сүлік болып жабыса кетуінен кіпі алған Британия үкіметінің басшысы сауға айтып, кеше ғана өзі мезіліктен тастап кеткен Еуропа одағының табанына келіп жығылып, күллі елді мына бықсықты істен аман-есен алып шығуға «ұжымдық көмек» көрсетуді жалына сұрады. Сол кезде бұл істің артында кімнің тұрғаны, оның алдын ала сызба қалпында сызылып қойылған жосықты жоспар екені айқындалып шыға келгендей. Демек, Британия тек өзі бүлікті бастап беруге тиісті «арандатушының» рөлін ғана ойнап шыққан сияқты болып отыр.
Сөйтіп, 26 наурызда «түйенің үлкені» ретінде күлтілдеген көпірдің үстінен бірінші болып өте шығуға тәуекел еткен АҚШ Ресейдің «60 ықтимал тыңшы» іспетті елшісін елден шығаратынын, Сиэтлдегі консулдығын жабатынын жариялап жіберді. Содан кейін сең үдере қозғалып, бұл көшке тағы 16 ел ілесті. Еуропаның бірқатар елдері осылайша ауқымы жағынан өте үлкен демарш жасады. Олар тағы 30 шақты елшіні кері қайтаратын болып шешім қабылдады. Бұлардың қатарына ертеңіне сонау бір қиырда жатқан, Еуроодақта да, НАТО-да да шатағы жоқ Австралия қосылды. Украина да қарап қалған жоқ. Осылайша, Батыс елдері Ұлыбританияны «ұжым болып» қолдап, «Скрипальдің ісі үшін» Мәскеуді «жазалауға» шешім қабылдады.
Осындай алас-қапас тірліктердің арасында Кремль Британияның 23 елшісін жіберіп үлгеріп, АҚШ-тың тура 60 елшісін елден шығаратынын, Санкт-Петербург қаласындағы консулдығының есігіне шеге қағатынын мәлімдеді. Еуропаның қалған елдеріне де өздері істеген деңгейде жауап қайтарылды.
Осы екі аралықта Ақ үй тағы бір оқыс шешім шығарып, Қытаймен арадағы сауда қарым-қатынасына тежеу салатын қатты қадамға құлаш ұрды. Атап айтқанда, АҚШ президенті Дональд Трамп 9 наурыз күні шетелден әкелінетін болат пен қалайының баж салығын тиісінше 25 және 10 пайыз көлемінде ұлғайту жөніндегі жарлыққа қол қойды. Бұл тізімнен тек АҚШ-тың Солтүстік Америка еркін сауда ассоциациясындағы әріптестері ғана шығарылды. Аталмыш ұйғарым өзі бағытталып отырған негізгі нысаны – Қытайға өте ауыр соққы болып тиді. Осы баж салығының ғана әсерінен енді Аспан асты елінің импорты 60 млрд доллар шамасында шығын шеккелі тұр. Ол бірінші кезекте телекоммуникация секторын қатты соғады.
Дегенмен күтпеген жерден берілген бұл соққыдан Бейжің де тез есін жиып алды. Сөйтіп, 2 сәуірден бастап Америкадан келетін 128 атаулы өнімнің баж салығын күрт көтеріп жіберді. Мәселен, мұхиттың арғы жағалауынан жеткізілетін жеміс-жидектер мен олардан даярланатын тағамдардың салығын 15 пайызға өсірді. Ал шошқа еті мен одан әзірленетін барлық өнімдердің салығы 25 пайызға дейін көтерілді. Бейжің, сонымен бірге, басқа елдерден келетін тауарлардың баж салықтарын ұдайы төмендете беру жөніндегі саясаттың, тұтастай алғанда, өзгермейтінін де мәлімдеді. Әзірге екі ел арасындағы бұл «сауда соғысының» қаншаға созылары белгісіз. Құрама Штаттар жағы болса сынақтың алдағы тамыз айына дейін жалғаса түсетінін де білдіріп үлгерді.
Жалпы, АҚШ пен оның одақтастары тарапынан мұндай операцияның алдын ала ойластырылып жасалып отырғанын айқын көрсететін деректер мен дәйектер жетіп-артылады. Биылғы қаңтарда Пентагон жаңа әскери стратегиясын жариялап, онда Вашингтонның басты қарсыластары, дәлірегі дұшпандары ретінде Мәскеу мен Бейжіңді ашық атап көрсетті. Аталған құжатта бұл екі елмен текетіреске түсу үшін «АҚШ-қа ірі көлемді тұрақты инвестиция керек» болатыны, сол арқылы Құрама Штаттардың қауіп­сіздігі мен игілігі сақталатыны айтылған. Қазір кейбір мәліметтер Американың мұндай әрекетке күні бұрын дайындала бастағанын көрсетіп отыр. Мәселен, ұлттық қауіпсіздік қызметі өткен жылғы желтоқсан айында «ревизионистер» мен халықаралық лаңкестік ұйымдардан қатер төнгелі тұрғанын баяндауға құрылған өз стратегия­сын ұсынған болатын. Мұнда «ревизионист-мемлекеттер» ретінде Вашингтонның ширек ғасырдан бергі өктемдігіне енді көнгілері келмейтінін білдірген Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея елдері жатқызылды.
Сонымен, екіге бөлінген полярлы әлемнің екі жағында тұрғандардың кімдер екені белгілі болып қалды. Біз бұл жерде «екі жақ» дегенді де шартты түрде алып отырмыз. Әйтпесе, оның бір бөлігінде соңғы ширек ғасырдан бергі жаһан жүзіндегі үстемдігі мен өктемшілдігінен айырылғысы келмей, неше түрлі айла-шарғыға барып жатқан шікәмшіл Құрама Штаттар мен соның шашбауын амалды-амалсыз көтеріп жүрген Батыс елдері бір шоғыр болып тұрса, таразының екінші басына шығатын келесі топта мыналар нақты ұйысып отыр деп ешкімді туралай көрсете алмайсың. Рас, ол жақта АҚШ жау санап отырған жоғарыдағы төрт елдің қарасының көлбеңдеп көрінетіні шындық. Бірақ оларды тап алдыңғы топтағыдай одақтас, әріптес деп айту қиын. Бұлардың әрбірі өзінше, тек Қытай мен Ресей ғана Шанхай ұйымы мен БРИКС тобы арқылы бір-бірімен экономикалық байланыста тұр, дегенмен ол әскери бірлестікті кепіл етіп бере алмайды.
Қалай дегенде де, қазір әлем бір-біріне қарама-қарсы, жаулық сипаттағы елдердің екі лагеріне бөлініп кетудің сәл ғана алдында тұр. Тіпті екінші жақта ұйымдасқан ұжым жоқ деген күннің өзінде, мұндай бөліністің басталып кеткенін қазір-ақ батыл айта беруге болады. Бүгінгі қарулы дүниеде екінші жақта Ресей мен Қытай бір-бірінен бөлек ниетте тұрғанда да көп полярлы әлемнің пайда болғанын ашық айта беретін кез келді.

Серік ПІРНАЗАР

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды