Алдыңғы орында жүрміз

Астанадағы «№1 автобус паркі» АҚ-ның тарихы елу жылдан асады. Бүгінде елорда ғана емес, жалпақ елімізге аты мәлім мекеменің абыройы биік. Жолаушылар тасымалдайтын ұжымдардың алды. Мереке күні аталған акционерлік қоғамның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Бияахмет Біләловпен кездесіп, өзі қызмет істейтін кәсіпорын туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Аға, сөзді атағы көпке жайылған парктен бастасақ…
– Біздің №1 автобус паркі 1964 жылы құрылған. Міне, биыл 53 жыл толып отыр. Байқасаңыз, ұзақ белес. Тарихы да өткен ғасырдан бастау алады. Материалдық базасы да мығым. Алдыңғы орында жүрміз. Тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Бүгінде қаладағы 30 пайыздан жолаушыларды тасымалдаймыз. Барлығы 32 бағдармен жұмыс істейміз. Күніне маршрутқа 335 автобус шығады. Оның ішінде 235-і қала ішіндегі адамдарды тасиды. Түнгі мезгілге де жаңа бағдар ашылды. Саяжайға да баратындарды қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қатар, елорда іргесіндегі ауылдарға 12 маршрут қатынайды. 

– Олар қай елдімекенге барады?
– Талапкер, Қажымұқан, Қараөткел, Ақмол, Қабанбай батыр, Рахымжан Қошқарбаев, Қоянды, Жібек жолы секілді ауылдарға жүреді. Кейбір ауылдарға жолақы құны қаладағы қоғамдық көліктегі билетпен бірдей. Егер автобус қаладан 50 немесе 100 шақырым асатын болса, жолаушылар 150 теңге төлейді. Одан кейін ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында 501,502 503, 504, 506 деп аталған жаңа экспресс маршруттар іске қосылды. Әзірше, бұлар қанатқақты жоба ретінде қолға алынды.

Астанаға келген қонақтарға қолайлы. Мәселен, сіз теміржол вокзалы мен аэропорттан көрмеге осы көлік арқылы жылдам жетуге мүмкіндігіңіз бар. Бағасы да соншалықты қымбат емес. Ересектерге 150 теңге болса, балаларға – 70 теңге. Қазіргі күнде елордада осындай 40 экспресс автобус жүйткіп жүр.

– Автобустарды жаңарту жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Ол бізде 2014-2015 жылдары басталды. Қазірде паркте 314 жаңа автобус бар. Олардың бәрі жолаушылар тасымалдайды. ЭКСПО қарсаңында біраз жаңа көліктер келді. Әлі де келіп жатыр. Оларды есепке алып жатырмыз. Жаңа автобустардың артықшылықтары көп. Халықаралық стандарттарға толық жауап береді. Адамдарды тасымалдауға өте ыңғайлы. Салондардың іші мұнтаздай таза. Күн ысығанда салқындатқыш жұмыс істейді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды көлікке арбасымен мінгізіп алатын электрондық және механикалық құрылғы орнатылған.

– Мекемеде қанша адам еңбек етеді?
– Бүгінде паркте 1500 маман жұмыс істейді. Оның 800-і көлік жүргізушілер болса, 450-і – кондуктор. Қызметкерлердің біліктілігі жоғары деп айта аламын. Өйткені бізге жұмысқа тұрмас бұрын адамдар біліктілік курсында оқиды. Одан өтпей жұмысқа қабылдамаймыз. Онда психологтар дәріс береді. Олар адамдардың бәрін мұқият тексеруден өткізеді. Солардың жолдамасымен қызметке қабылданады. Әрине, жұмысты енді бастаған мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Арнайы оқу көлігімен барлық бағдарларды таныстырамыз. Өздері де сол бағытпен жүріп үйренеді.

Кондуктор бір ғана маршрутты емес, барлық бағдарды білу керек. Мақтанды демеңіз, біздің ұжым Қазақстандағы ең алдыңғы автобус паркі саналады. Біздің тәжірибемізбен бөлісуге еліміздің ғана емес, көрші мемлекеттерден адамдар келеді. Атқарып отырған қызметімізді көріп, риза болады. Өйткені мекемедегі мамандардың бәрі өз ісін жетік біледі. 20-30 жыл істейтін азаматтар бар. Олардың балалары қазір әке жолын жалғап, өз әулетінің даңқын асырып жүр.

– Жалпы, жүргізушілер мен кондукторларға қандай талап қоясыздар?
– Алдымен, автобус бекітілген уақыт кестесінен кешікпей, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету керек. Ал кондукторлар болса қоғамдық көлікке мінген кез келген адамға жылы шырай танытып, мәдениетті қарым-қатынас жасап, жолаушылардың қойған сұрақтарына жауап беру қажет. Салонның тазалығына бас мән беріледі

.

– Кейде жолаушылар тарапынан қоғамдық көліктің қызметіне көңілдері толмай жататын пікірлерді естіп қаламыз…
– Ол рас. Адамдармен тығыз байланыста болғандықтан, түрлі жағдайлар кездеседі. Біз жолаушылардан түскен шағымдарды қараусыз қалдырмаймыз. Аптасына екі рет тәртіптік кеңес өтеді. Сонда талқылаймыз. Мәселен, бір кісі «аялдамада көлікті көп күтіп тұрып қалдым» деп шағым түсіреді. Бізде барлық бағдарды көрсетіп отыратын жүйе бар. Сол бойынша автобустардың уақыт аралығын бақылаймыз. Егер шағым айтқан кісінің пікірі дұрыс болса, жүргізушіден сұраймыз. Ол айтады: «Осындай көшеде кептеліс немесе апаттық жағдай орын алып, кешеуілдеп қалдым» дейді. Оны да ескереміз. Шағым айтқан жолаушыға соның себебін түсіндіреміз. Ал кондукторлар адамдарға билет бермей ақша жинаса, ол тәртіп бұзғандық саналады. Оған алдымен бірінші ескерту жасалады. Содан соң сөгіс, одан кейін қатаң сөгіс беріледі. Соңғы шара жұмыстан шығарылады.

– Жаңа электронды төлем­ақы жүйесі қандай нәтиже беруде?

– Біз оны автобустарға енгіздік. Нәтижесі де жаман емес. Ол үшін арнайы есеп жүргіземіз. Айына 20-30 пайыз қаржы төлем карталары арқылы түседі. Әрине, оны барлық жолаушылар қолданып кетті деп айта алмаймын. Жаңа жүйеге де бірте-бірте қалыптасамыз деп ойлаймын. Қысқасы, барлық әріптестерімді көлік қызметкерлері күні мерекесімен құттықтап, еңбекте табыс тілеймін!
– Рахмет, сізді де мейрамы­ңызбен құттықтаймыз!

Азамат Есенжол

Сонымен қатар

Welcome to Astana – ШЕТЕЛДІК ТУРОПЕРАТОРЛАРДЫ АСТАНА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Астанаға Қытай, Иран және ТМД елдерінен 80 туроператор келіп, «Астана Конвеншн бюросының» ұйымдастыруымен өткен «Welcome …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған