«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алаяққа алданба

0 55

Аңқаулардың аузын аңқитып кететін алаяқтар көбейді. Енді олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланып, оңай жолмен ақша тауып жүр.

Жуырда астаналық полицейлер ғалам­торда алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 23 жастағы Тараз қаласының тұрғынын тұтқындады. Із кесушілердің түсіндіргеніндей, алаяқ қыз Instagram-да аккаунт ашып, тері тондар мен тері бұ­йымдарын сататыны жөнінде ақпарат беріп отырған. Жұрттың назарын өзіне аудару үшін тері тондардың бағасын нарықтағыдан арзанға жарнамалаған.
Күн суытқанда нәзік жандылардың тері тондарға есі кететінін ескерген алаяқ қыз неше түрлі әдемі тондар киген қыздардың суреттерін беріп, тіпті сауда үйлерінің мекенжайларына дейін көрсетіпті. Қулығына құрық бойлатпағаны соншалық, өзінің дауысын ел танып қоймас үшін «клиенттерімен» WhatsApp арқылы хат жазысқан. Өз өнімдерін сатып алушыларды қызықтыра отырып, тондарды үйіне жеткізіп беретініне уәде етеді. Ал тауардың 100 пайыз ақшасын алдын ала Qiwi-әмиянға аударуды өтінеді.
Ал ендеше! Өмірде көріп-білмеген адамның айтқанына сенгендер 100-ден 300 мың теңгеге дейінгі ақшасын алаяқтың шоттарына аударып жіберіпті. Сөйтіп ол ай мен күннің аманында елорданың 7 тұрғынын алдап, 1,5 млн теңгені қалтасына басқан. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, арам ақшаны шытырлатып санап алған соң, нөмірін бұғаттап, аккаунттарын жауып, тайып тұрады. Алайда алаяқтың арам ойы іске аспады. Қырағы құқық қорғаушылар оның ізіне түсіп, қолына кісен салды. Қазіргі кезде күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өткен аптада «kaspi.kz»-ке қатысты шыққан шу да жұртты дүрліктірді. WhatsApp-тан: «Банк басшысы Михаил Ломтадзе салымшылардың қаржысын алып, шетелге қашып кетті» деген ақпарат таратылды. Мұндай өсек-аяңның шығуына 1 қарашада «kaspi.kz» мобильдік қосымшасындағы техникалық ақау себеп болған еді. Тіпті БАҚ басшыларына да құпия хаттар жіберілді. Алайда жалған ақпаратты банктің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің өзі жоққа шығарды. «Мұндай хабарлама бізге де келді. Мені Қазақстаннан қашып кетті деп жазыпты. Бірақ мен елдемін, өз кеңсемде отырып, жұмыс істеудемін. 16 қарашадағы жалпыхалықтық ««kaspi ұжымы» мерекесіне дайындық жасап жатырмыз» деді ол республикалық арналардың біріне берген сұхбатында.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды