«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АЛАШТАНУШЫ АКАДЕМИК АРДАҚТАЛДЫ

0 123

Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада Алаш партиясы мен Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына арналған «Кеңес Нұрпейісұлының Алаш тарихына қосқан үлесі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға Әділ Ахметов, Болат Көмеков, Ғарифолла Есім, Камал Бұрханов, Бүркітбай Аяған, Шерубай Құрманбайұлы секілді елге танымал ғалымдар қатысты.  Талантты тұлғаның отандық тарих ғылымындағы орны ерекше. Ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының Тарих жөне этнология инс­титутында қызмет істеді. Қатардағы кіші ғылыми қызметкерден академикке дейінгі жолдан өтті.

6667

Әсіресе, ғибратты ғалымның Алаш қозғалысы тарихы жөнінде жазған еңбектерін даралап айтуға болады. ХХ ғасырдың басындағы халқымыз бастан кешкен оқиғаларға жаңаша ой жіберіп, күрделі дәуірдің тереңіне үңілді. Сол заманда ғұмыр кешіп, отарлық жүйеге қарсы шыққан алаш азаматтарын ақтауда қызыл үкіметтің қуғын-сүргін саясатын архивтік деректермен зерделеді. Соның бәрі «Алаш һәм Алашорда» атты кітабында парасатты дәйектелген. Бұл кейінгі алаштанушыларға бағдар болатын құнды дүние деп санаймыз.

Жас буынға арнап алаш партиясының саяси мәні мен мазмұны жайында салмақты еңбектер жазды. Оның 20-дан аса монографиясы мен 600-ге жуық ғылыми-зерттеу мақаласы жарық көрді.1982 жылы Қазақстан тарихының 5 томдық ұжымдық жинағын шығарудағы еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ол кісі қатардағы ғалым болып ғана қалмай, өзінің ғылыми мектебін қалыптас­тырған ұлағатты ұстаз. Ол 10-нан аса ғылым докторы мен 40-қа жуық ғылым кандидатын тәрбиеледі. Бүгінде олардың бәрі де тарих ғылымының алдыңғы сапында келеді.

Тағылымға толы шара барысында академикке арналған «ғылым» залы ашылды. Оның лентасын белгілі ғалымдар Әділ Ахметов, Болат Көмеков, Ғарифолла Есім қиды. Сонымен бірге асыл азаматтың ұрпақтары кітапханаға ғалымның 3700-ге тарта кітабы мен жеке мұрағатындағы заттарын табыс етті. Тектінің тұяғы, ғалым Талдыбек Нұрпейіс әкесінің өмір жолы жайында салиқалы ой сабақтады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды