«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алаштан ән оздырған

0 14

Биыл Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Жастар» сыйлығының иегері, талантты әнші, жазушы, марқұм Жәнібек Кәрменовтің туғанына жетпіс жыл толды. Соған орай елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Жәнібектің ән мұрасы» атты еске алу кеші өтті. Оған айтулы азаматтың жары Тоты Байгенқызы, қарындасы Кенжегүл және әншімен өмірде жақын сыйласқан достары, шәкірттері қатысты.Көмейіне бұлбұл қонған дүлдүл әншінің өмірден өткеніне отыз жылға жуықтап қалыпты. «Атқан оқтай, шапқан аттай» зымырап бара жатқан уақыт. Ол кісі қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де, халқының жүрегінде мәңгі қалды. Қазақ ән өнерінің дүлдүлі Жүсіпбек Елебековтің шәкірті атанып, батасын алған әншінің аты құлын кезінен шықты. Жүсекең екі шәкірті – Жәнібек пен Қайратты (Байбосынов) «телқоңырым» деп еркелетеді екен. Жәнібек ағамыз – айтулы әнші ғана емес, ұлт мұрасының жоқшысы әрі қаламы жорға қаламгер. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Өнер» баспасында қызмет ете жүріп, шығармашылыққа ден қойып, «Ақылбайдың әні», «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні» деген прозалық кітап жазды. Және халық композиторларының өмірі мен мұрасын дәріптеп, олардың ұмытыла бастаған ән сөздерін қалпына келтіруге еңбек сіңірді. Сексенінші жылдардың ортасында қазақ теледидарынан этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек екеуі әншілік дәстүр жайында хабар жүргізіп, тамыры тартыла бастаған ұлттық өнерімізге қан жүгіртті. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы консерваторияның халық әндері кафедрасын басқарып, дарынды шәкірт тәрбиеледі. Міне, қысқа ғұмырында осыншама қыруар еңбек етіп, өшпес із қалдырған ардақты тұлғаның тойы туған жері – Абай елінен басталып, елордада жалғасын тапты.
Кеш барысында Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлем әртісі Айман Мұсақожева әншімен бірге талай ел ішінде гастрольдік сапарда болған кездерінен әңгіме өрбітіп, сахнаға ағамыздың зайыбы Тоты мен қарындасы Кенжегүлді шақырып, сый-сияпат көрсетті. Тоты апай да жиналған қауым мен осы кешті өткізудің басы-қасында жүргендерге ризашылығын білдірді. Одан кейін өнерде де, өмірде сыңары болған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов досы туралы естелік айтты.
– Жәнібекпен бірге оқып, бірге жүріп, бірге ән салдым. Бір ұстаздан дәріс алдық. Осының бәрі кеше ғана болған секілді көрінеді. Жәкең қырық екі жасында мезгілсіз өмірден өтті. Бірақ содан бері Жәнібекті оның достары аузынан тастамай айтып жүрсе, шәкірттері әндерін шырқап жүр. Соның бәрі жүрегіме қуаныш ұялатады. Ол заманының оза шапқан дара әншісі болып шықты. Бұл – жалған мадақтау емес, ақиқат сөз, – деді ол.
Кешке Жәнібек Кәрменовтің алдын көріп, содан тәлім алған дәстүрлі өнердің талантты өкілдері Айтбек Нығызбаев, Нұрай Танабаев, Гүлмира Сариналармен бірге Ерлан Рысқали, Ерболат Шалдыбеков, Клара Төленбаева, Айгүл Елшібаева, Ардақ Балажанова және т. б. ел танитын өнерпаздар қатысып, әншінің көзі тірісінде айтқан шығармаларын орындап, жұртшылыққа рухани ләззат сыйлады. Сонымен бірге Қазақ ұлттық өнер университетінен Жәнібек Кәрменовтің сыныбы ашылды. Алаштан ән оздырған азаматтың екінші өмірі осылай жалғасып барады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды