АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ ЖӘНЕ ТАРИХИ САНА

Осыдан 100 жыл бұрын қазақ халқы ұлттық тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш ұғы­мына қайта оралып, оны бостандық пен бірлік­тің ұраны, «қазақ» сөзінің синонимі етіп алды.

Алаш қозғалысы туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев былай дейді: «Біз Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен азаматтарды құрметтеуіміз керек. «Алаш» қайраткерлері патшаның тақтан құлауы қазақ халқына аңсап күткен бостандықты әкеледі деп сенген еді. Бірақ олай болмады. Ұлттық идея үшін адамдар өмірлерін қиды, бірақ олар тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды одан әрмен күшейте түсті. Бұл бақытты күнге жету бүгінгі ұрпақ еншісіне бұйырды. «Алаш» аманаты – ол өзіміздің тарихи-мәдени бірлігімізді сақтау. «Алаш» аманаты келісімді сақ­тау және нығайту болып саналады».
Олай болатын болса, Алаш идеясы – Қазақстан аза­мат­тары­ның бірігу идеясы, бо­ла­шақ дамудың айқын ба­ғыты, еге­мендігімізді бекемдей түсетін ұлы жол.
Алаш қозғалысы XX ғасырдың басында жайдан-жай пайда болған жоқ. Оның терең саяси-экономикалық және әлеуметтік негіздерінің пайда болу себептері бар.
Біріншіден, ол кезде Қазақ­стан Ресей империясының ота­ры болып толықтай бекіді. Патша үкіметі Қазақстан жерін мемлекеттік деп жариялап, шөбі жүйгін ең шұрайлы жерлерін тартып ала бастады. Мысалы, 1917 жылы қазақтар 45 миллион десятина ең шұрайлы жерлерінен айырылып, қазақ жеріне 1,5 млн қара шекпендер көшіп келді. Бұқара халық азып-тоза бастады. Жатақтардың саны көбейді.
Екіншіден, Ресей империя­сы қазақтардың арасында шоқындыру саясатын кү­шейтті.
Үшіншіден, қазақтар Мем­ле­кеттік Думаға сайлау құқы­ғынан айырылды. Егер де 1906-1907 жылдары қазақтар Мемлекеттік Думаның 1 және 2-шақырылымына жіберілсе, кейін қандастарымыз осы құ­қықтан тіптен айырылды.
Төртіншіден, қызмет бабында қазақтар ең төменгі сатыда тұрды. Олар ауыл старшиналары мен болыстар қызметіне тағайындалу құқығына ғана ие болды.
Бесіншіден, қазақ ежелгі салт-дәстүрінен айырыла бастады. Билер соты өз күшін жойды.
Алтыншыдан, орыстандыру саясаты күш алды. Тіпті мешіт-медреселерде де орыс тілі оқытылатын болды. Жер-су аттары орысшалана бастады. Қазақша білмейтін тілмаштар көбейді. Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілі естілмей қалды.
Жетіншіден, 1909 жылдан бері Ресейдің заңдары қазақтардан үйі мен мал қорасын көшіп келе жатқан қара шекпендерге бере басталды.
Осының барлығы қазақтың зиялыларын ойландырмай, намысына тимей қоймады. Осы себептердің арқасында Орта Азия халықтарының ішінде ең мықты Алаш қозғалысы дүниеге келді.
Осы қозғалыстың басты және түпкі мақсаты ұлтты азат­тық жолға апару, автономия арқылы мыңжылдық тарихы бар мемлекеттік дәстүрді қай­тару болды.
Алаш қозғалысының құра­мына тоқталатын болсақ, онда тапқа, топқа, ру, тайпа, жүзге бөліну деген болмады. Олар нағыз ұлт жанашырлары еді. Олар мыңжылдық тарихы бар, қалыптасқан дала еркіндік дәстүрін Батыс демократиясымен ұштастыруды ойлады.
Алаш азаматтары жергілікті халықтың құқығы мен абыройын аяқасты етуге жол бермеу, патша әкімдерінің жүген­сіздігіне тыйым салу, халықтың ана тілінде білім алуын ұйым­дастыру, қоныстандыру саясатын тоқтату, тартып алынған жерлерді қазақтарға қайтару сияқты талаптар да қойды.
1917 жылғы Ақпан төңкерісі қазақ халқының алдыңғы қа­тардағы ұлт зиялыларының қызметін күшейте түсті. Сол жылғы жазда Орынборда өт­кен I жалпықазақ съезінде «Алаш» ұлттық саяси партиясы құрылды.
Партияның негізгі көз­де­ген мүддесі Ресей федера­тивті демократиялық республика­сының құрамында қазақ автономиясын құру бола­тын. Дін мемлекеттен бөлін­ді. Сот алдында барлық азамат­­тар ұлтына, дініне және қай әлеуметтік топқа жатқан­дығына қарамастан тең болуы қажет болды. Ұлттық сот дәстүрлі билер сотына негізделіп жасақталатын болды. «Алаш» партиясы өз алдына жеке әскер құруға, әлеуметтік жағынан нашар топтарға көмек көрсетуге, білімді дамытуға, аграрлық, көші-қон мәселелерін реттеуге көңіл бөлуді жоспарлады.
Бұл партияның халық арасында беделі мықты болды. Осы партияның қырғыздар арасында да филиалы болды. Партия құрылтайшыларының ­ара­сын­да нағыз орыс зиялылар да болды. Мысалы, Григорий Потанинды міндетті түрде атап өтуге тура келеді.
«Алаш» партиясының көш­бас­шылары және мүшелері 1917 жылғы Қазан төңкерісін қабылдамады. Олар тап күресін және пролетариат диктатурасына қарсылық білдірді. Ал большевиктер ұлттық мемлекет құрылғаннан ғана емес, түркі халықтарының бірігіп кетуінен сескенді.
1917 жылғы желтоқсан айындағы Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінен кейін Алаш автономиясы құры­лып, уақытша Халық Кеңесі құрылды, ол «Алашорда» деп аталды. Жергілікті жерлерде соттар мен қорғаныс күштері құрылды.
Әлихан Бөкейхандай Алаш көсемдері алаш идеясын жіктеп, нақтылап, халыққа жеткізіп берді. Біріншіден, «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныста­нушыларға да берілмейді». Ол өзінің өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ.
Екінші – «Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қыз­мет етуі керек».
Үшінші – «Қазақ елі толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс». Ол ой Елбасының бүгінгі нарық­тық экономикадағы өндірісті, инновацияны дамытудағы ойлары дәп-дәл келеді.
Төртінші – қазақ мемле­кетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек. Олай болатын болса, бүгінгі біздің латын тіліне қайтуымыз, тарихты зерделеу, қасиетті жерлерді насихаттау – ғасырлар сабақтастығы емес пе?!
Бесінші, түпкі мақсат – жапон­дықтар тәрізді ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заң­ға сүйене отырып, ұлттық-де­мократиялық мемлекет құру еді. Ол да Президентіміз ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы емес пе?!
Салыстыра қарасаңыз, «Алаш» идеясы бүгінгі «Мәңгілік ел» идея­сымен үндесіп және ұшта­сып жатыр.
Алашорда үкіметі қызметінің 1918 жылдардан бастап 1920 жылдың басына дейін әртүрлі аймақтарда қызметін жалғастырды. Алаш автономия­сы өзінің әскер құрамаларын жасақтай бастады. Алаш авто­номиясы Жаңа Семей қала­сында уақытша болса да өз астанасын құрды.
Шындығында, кеңес өкіметі қазақ автономиясы туралы идея­ны іліп әкетті. Олар даладағы билікті біртіндеп басып алып, қазақтарға автономия беремін деп уәде беріп, халықтың бірлігіне іріткі салды. Олар өздерінің әрекеттерін Алаш зиялыларын қуғын-сүргінге ұшыратумен, айдаумен, ату жазасына кесумен аяқтады. Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 100 мың адамды құраған. Оның төрттен бір бөлігі атылған. Олар 1955 жылдардан бастап қана ақтала бастады.
Ахмет Байтұрсынұлы ағамыз былай деген: «Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай hәм күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Ал күшті болуға бірлік керек». Осы ұлағатты сөздер өзінің өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры

Сонымен қатар

АЛАШ МҰРАТЫ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған