«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Alash» атажұртқа шақырады

0 161

Астанада «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының қолдауымен қандастар арасында шағын футболдан «Alash» турнирі өтті.

9 ақпанда «Кеден» спорт кешенінде өткен ала доптың айқасына 11 құрама қатысты. Финалда «Алтай-Арқа» мен «Астана-Сауыр» құрамасы додаға түсіп, бас бәйге «Алтай-Арқа» құрамасына бұйырды. Үшінші орынға «Тамирлан» құрамасы жайғасса, «Зерделі ақыл-ой дамыту орталығы» құрамасы төртінші орынды місе тұтты. Жеңімпаз командалар ақшалай жүлде алып, үздік ойыншылар марапатталды. Жарыс соңында «Отандастар» қорының вице-президенті Мәди Манатбекұлы бұл жолғы доданың сәтті өткенін, жастар арасында осындай жарыстардың көптеп өткізілуі бұқаралық спортты дамытып, береке-бірлікті нығайтатынын айта келіп, «Alash» турниріне ұдайы қолдау көрсететінін білдірді.
«Отандастар» қорының қызметкері, жоба жетекшісі Талапбек Тынысбекұлының айтуынша, мамыр айында «Alash» турнирі республикалық деңгейде өтеді. «Alash» турнирі халықаралық, республикалық және қалалық деңгейде өткізіледі. Астана төріндегі бүгінгі жарысымыз биыл өтетін жарыстарға дайындық деп айтуға болады. «Alash»-ты қолдап-қуаттаған «Отандастар» қоры мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына қандастардың айтар алғысы көп» деді Талапбек Тынысбекұлы.
Естеріңізге сала кетейік, бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, шетелдегі қазақ жастарын атажұртқа тарту мақсатында ұйымдастырылатын «Alash» халықаралық турнирі бес жылдан бері өткізіліп келеді.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды