«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алаш арыстарының арманы

1 198

«Не көрсем де Алаш үшін көргенім!» деп жанын шүберекке түйген Алаш арыстарының мұраты десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Себебі азаттығымыздың бастауында Алаш тұр. Саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы: «Қазақ Республикасы – Алаш Республикасының мұрагері. Біз тәуелсіз Қазақстанның тарихын Алаш Республикасынан бастауымыз керек» дегенді жиі айтып жүр.

Қазақтың бағына ту­ған Әлихан Бөкей­хан алғашқы ұлттық үкімет құрды. 13 жел­тоқсан – Алаш үкіме­тінің құрылған күні. Ол Алаш тарихына алтын сиямен жазылды. Алаш қайраткерлері зиялы қауымды да, бай-бағлан, молдаларды да ұлт үшін қызмет етуге жұмылдырды. Алаш арыс­тарының азат ел болу туралы басты арманы орындалды. Бірақ сол Алаш заманындағы «Қазақ тілі неге дамымайды?», «Қазақ өз елінде қожайын болуы керек», «Қазақ бәсекеге қабілетті болуы тиіс» деген мәселелер әлі де өзекті. Қарағандының бір ауданына Әлихан Бөкейханның есімін беруге де ерік-жігеріміз жетпей отыр. Берік Әбдіғали Жезқазғанда әкім болғанда Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданындағы 9 мектепке Алаш арыстарының аттары берілді.
Алаш аманатын бүгінгі жас ұрпаққа белсенді түрде кеңінен насихаттайтын күн туды. Ол үшін істі неден бастағанымыз жөн? Менің ойымша, елордамыз­дағы, облыс орталықтарындағы мектептерге Алаш арыстарының есімдерін беруден бастасақ, ұтарымыз көп болмақ. Қарап отырсақ, қазір бас қаладағы көп мектептер №56, 60 және т.б. нөмірлермен аталады. Алаш қайраткерлері тәуелсіздігіміздің жолында жан аямай күресіп, құрбан болды. Ендеше, неге жас ұрпақты тәуелсіз санамен тәрбиелеу үшін, олар оқып жүрген «білім ұясына» Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанұлы, Халел Досмұхамедұлы және т.б. есімдерін бермейміз? Және жәй ғана есімдерін берумен шектелмей, оқу бағдарламасына «Алаш оқуларын» енгізуіміз керек. Мектепте Алаш арыстарының музе­йін ашып, айына бір рет әрбір сыныпқа тарихи экскурсия жүргізіп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Өзінің ата тарихын білген елдің баласы саналы, өрелі, отаншыл болып өседі.
Алаш аманатына адалдық танытамыз десек, олардың ұлт, тіл туралы айтқан қанатты сөздерін көшелерге жазып, іліп қоюмыз керек. Ол халыққа ерекше әсер етеді. Қазақтың санасын отарсыздандыруға (деколонизация) бағытталған іс-шараларды батыл түрде жүзеге асыруға кірісу керек. Жаныма қатты бататыны – кеншілер қаласындағы Ленин көшесіне әлі күнге дейін Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімін бере алмай келеміз. Осы қалада Октябрь ауданы деген әлі бар. 2016 жылы 25 қыркүйекте Қарағанды облысының сол кездегі әкімі Н.Әбдібеков «Октябрь ауданының атауы Әлихан Бөкейхан атына ауыстырылады» деп жалпақ жұртқа жар салды. Бірақ… ауданның атауы әлі Октябрь. Жергілікті жердегі Юрий Мирзоев сияқты бірді-екілі тұр­ғындардың қарсылығынан қорқып ауыстыра алмауымыз – нағыз сорлылық! Осы облыстағы Ақшатау кентінде Шахтерлер көшесі А.Байтұрсынұлының атына өзгертілді. Жуырда Балқаш қаласындағы мектептердің біріне Ә.Бөкейханның есімі берілді. Шағын кент, шаһарлардың бас­шылығы осындай игілікті іс жасағанда, Қарағандының әкімдіктегі басшылары неге үлгі алмайды? Бұл мәселенің соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Істі орнынан қозғау үшін халық­тың бірлес­кен әрекеті қажет. Алаштың 100 жылдығында да Қазақстандағы осындай әділетсіз берілген барлық елді мекен, көше, даңғыл, қала атауларын түгендеп шыға алмадық.
Алаш идеясы деген не? Алаш бізге нені аманаттап қалдырды? Алаш арыстары ұсынған идея – Жапония секілді ұлттық демократиялық мемлекет құру. Оның негізі неде? Алаш идеясын ту етіп көтерген азаматтарды бес түрлі мақсат біріктірді. Олар: жер, жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың игілігіне жұмсалуы керек, қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақтың үстіне тоқыма болып тоқылуы тиіс, тіл, дін және діл үстемдігі, ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Осы мақсат-мұраттардың жолында олар ештеңеден аянған жоқ.
Қазақ мемлекеті үшін ең бірінші мәселе – жер. «Жерсіз Отан жоқ. Қашан қазақтың өзі өркениетке ілігіп, техниканың тілін меңгергенше, жерді жекеменшікке беруге болмайды» деді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Біз бұл идеяны 2001-ші жылға дейін ұстандық. Одан кейін қазақтың жерін басқа меншіктеніп кетті. Сенбесеңіздер, статистиканы қараңыздар: Қазақстандағы құнарлы жерлердің 70 пайызы – жекелердің меншігінде. Оны қандай құжатпен жасағандарын бір Құдай білсін» дейді. Шындығына келсек, қазір ауылдардағы жерлердің көпшілігін бай адамдар, жоғары лауазымды тұлғалар өз меншігіне сатып алған. Ал қарапайым қазақ малын бағатын жер таппай басын қатырып отыр.
Алаштың екінші идея­сы – қазақ жерінің асты-үстіндегі байлық­тың бәрі, бір тиыны да қалмай қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы керек. Алаш зия­лыларының батысшылдық идеясы бүгінгі біздің саясатымыздан көрініс тауып отыр ма? Турасын айтсақ, бүгінгі таңда жеріміз байлығының көп бөлігін шетелдіктер игеріп, қызығын солар көруде. Бұған алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының пікірі мынадай: «Біріншісі – Алаш кезеңіндегі ұлттық құрам мен сая­си жағдайды қарау керек. Әрине, ол кезде біз өте моноұлтты едік. Діннің де мәселесі болған жоқ. Ол кезде басқа мәселелер болды. Кеңес Үкіметінің иығымызға салған бір ауыр жүгі бар. Біз түрлі «эксперименттердің» нысаны болдық. Қазірше соның «жемісін» көріп отырмыз. Ал сіз айтқан мәселеде Алаш зиялыларының тазалығын, елге адалдығын тілге тиек етуіміз керек. Бұл саясаткерлерге ең алдымен керек нәрсе».
Үшінші идея – Әлихан айтқандай, қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек. Алаш қайраткерлері: «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады» деген. Тәуелсіздігімізді алғанымызға 27 жыл болса да, әлі күнге дейін тәуелсіз экономика жасай алмадық. Турасын айтсақ, экономикалық жағынан біз әлі Ресейге тәуелдіміз. Күнделікті тұтынатын сүттің 60-70 пайызын Ресей мен Беларустан тасымалдаймыз. Тіпті, дәретхана қағазын сапалы етіп шығарып, өз нарығымызды толығымен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Өкініштісі осы.
Төртінші идея – тіл, дін, діл үстемдігі. Қазақстан бүгін тіл туралы бағдарлама жасағысы келсе, Алаштың бағдарламасы дайын тұр. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты. Барымызға шүкір дейміз, жоғымызға жетеміз деген үміттеміз. Бірақ біздің қоғамда тіл, дін, діл үстемдігі орнаған жоқ. Соның салдарынан көп қазақ өзінің ана тілін ұмытты. Сатты. «Өз ұлтын сату» дегенді кейбіреулер жеріңнің байлығын тонау, шетелге қашу, соғыста жау жағына шығып кету деп түсінеді. Ол да сатқындық. Алайда туған тілін сату – рухани қылмыс, кешірілмес күнә! Сатқындықтың зоры! «Қасиын десең – қан шығады, қасымайын десең – жан шығады» деп журналистикадағы ұстазым Талғат Батырхан ағам айтпақшы, бүгінгі күннің қаны сорғалаған ащы шындығының бірі – қазақша сөйлесу ұят саналатын заман туды. Қазақ елінің министрі мен депутатын былай қойғанда, аула сыпырушының да тілі – орысша. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, қайда барсаң, екі қазақ орысша шүлдірлесіп тұрады. Тіпті, бұған етіміз өліп, жәй нәрседей қарайтын болдық. Қасіреттің зоры осы емес пе? Лев Толстой деген орыс­тың ойшылы айтқандай, «Тіл – ұлттың жан-дүниесі». Біздіңше – иммунитеті. Сол иммунитетті нығайтқанның орнына өлтіріп жатқандарды САТҚЫН демей кім дейміз?.. Менің ойым айтады: жаһандану заманында бір ғана тілдің үстемдігі орнайды. Қазір сол үстемдік үшін Қазақ елінде ағылшын тілі мен қытай тілі соғысып жатыр. Осы апаттан аман қаламыз десек – ол кім болсын мейлі (депутат, министр, әкім, аула сыпырушы, қайыршы және т.б.) өз халқының өткеніне, бүгініне және ертеңіне немқұрайдылықпен, сатқындықпен қарауды дереу тоқтатуы керек!
Бесінші идея – ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Өкінішке қарай, мұндай қоғам құра алмадық. Тәуелсіз ғылым дегенді әлі толық түсініп болған жоқпыз. Себеп – кеңестік санада қалып қойдық. Қазақтың санасын отарсыздандыруға бағыт­талған іс-шараларды көше аттарын кеңестен қалған атау, таң­балардан тазалаудан бас­тауға бо­лады. Кеңестің өзінің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, Ленин, Ильич, Октябрь деген атаулары әлі бар. Бұл атаулар кімге керек? Қазақстанда Ленин атындағы 352 көше бар. Кеңестен қалған атау, таңбадан тазалауды өзге ұлттардан неге үйренбейміз? Мысалы, Украинадағы Лениннің ескерткіштерінің барлығы құлатылды. Шынайы тәуелсіздігіне ұмтылған ел 2015 жылы кеңес және нацизм символикасына тыйым салатын заң қабылдады. Ал біздегі компартия, қызыл әскер құрметіне қойылған елді мекен атаулары әлі сол қалпында тұр.
анамыз тәуелсіз болу үшін, ұлтшыл болуға тиіспіз. Ұлтшыл деген сөзден үркудің керегі жоқ. Керісінше, біздің ұлтсызданып бара жатқан қоғамда ұлтшыл болуға ұмтылған абзал. Бізге ұлттық мінез керек! Ол ұлттық рухты жандардың бәрінде болады. Біз қай салада жұмыс істесек те, ұлттық рухымызды насихаттауға тиіспіз. Егер біз қазақ болып қалатын болсақ – тәуелсіз ұлт боламыз. Ол үшін жастарымыз азат ойлы болып қалыптасуы шарт. Яғни, ерікті елдің ертеңі қандай болары біздің әрқайсымыздың ісімізден басталады. Мұның арғы жағы отаншылдық, елсүйерлік сезімге ұласады.
Алаш арыстары еуропалық үлгідегі партияның негізін қалады. Осы партияның басты міндеті және түпкі мақсаты – қазақ халқын отарлық тәуелділіктен босату және ұлттық мемлекет құру болатын. Алаш қайраткерлері туған халқын қалай сүюдің, оның мұң-мүддесін әртүрлі саяси жағдайларда қалай қорғаудың, Отанға адал және риясыз қызмет етудің теңдессіз үлгісін көрсетті. Шын мәніндегі тәуелсіз ел боламыз десек, Алаш қағидаттары мен ұстанымын үлгі етейік. Тәуел­сіз елді тек азат ойлы азаматтар құрады. Еркін елдің ертеңі қандай болатыны біздің әрқайсымыздың іс-әрекеттерімізден басталады. Тәуелсіздік сияқты киелі ұғымды сезіну не сезінбеудің бір өлшемі – азаттық, еркіндік. Тәуелсіздік – Алланың сол азат елде тұратын әр адамға берген баға жетпес бақыты. Сол бақытты әрқайсысы жан-жүрегімен сезініп, жанын пида ете отырып қорғауы тиіс.

  1. قالياكبار ۇسەمحان :

    كەرەمەت. تاماشا ماقالا. الاش قازاقتىڭ التىن ارقاۋى عوي

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды