«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АЛАШ АЙБЫНЫ және АЗАТТЫҚ АРҚАУЫ

0 102

Кеше елордада «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына орай және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған екі күндік шаралар басталды. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Әлихан Бөкейхан және тәуелсіздік мұраты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Әлихан Бөкейхан: Алаш айбыны және азаттық арқауы» көрмесімен ашылып, пленарлық мәжіліс пен секциялық отырыстарға ұласты.

ERM_8117

ҰЛТТЫҚ ЖАҢҒЫРУҒА ЖОЛ БАСТАҒАН
Қазақстан жеріндегі үш мыңжылдық мемлекеттіліктің дәстүрін қалпына келтіру жолында туған елін тәуелсіздік мұратына ұйыстыра білген Әлихан Бөкейхан сынды бірегей тұлғаның жасампаздық ғұмырын ой санадан өткізуді, ұлттық жаңғыруға жол бастаған сан салалы еңбегін таным таразысына салуды басты мақсат тұтқан конференцияда кешегі Алаш автономиясы мен қазақ мемлекеттілігінің тарихи негіздері және тарихи сабақтастығы қатар қаралды.
Осы бағытта Л. Гумилев атындағы Еура­зия ұлт­тық университетінің ғалымдары қы­руар жұ­мыс атқаруда. Соның ішінде Ә. Бө­кейханның сан салалы саяси, ғылыми-пуб­лицистикалық, мәдени-ағартушылық, журналистік қызметі мен қатпары терең мұрасын зерттеуде. Мәселен, әлихантанушы ғалым Сұлтан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жинағы мен «Алихан Бокейхан: творец истории» монографиясының бірінші томы жарық көрді. Сондай-ақ, «Алаштың Әлиханы», «Әлихан әлемі», «Әлихан Бөкейхан тағылымы» атты ғылыми- көпшілік еңбектер баспаға жіберілді. Сонымен қатар, Ә. Бөкейхан еңбектерінің 16 томдығы мен қайраткер жөніндегі тұлғалық энциклопедия әзірлену үстінде. Осыны атап өткен университет ректоры Ерлан Сыдықов ғылыми жиын оған қатысушыларды әлихантанудың айшықты белесіне көтеретініне сенім білдірді.

ТҰЛҒАНЫ ҚАЛАЙ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ?
Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы бүгін атап өтіп, ертең ұмыт қалдыратын той емес, бұл – Алаш тойы, тарих тойы. Жүзден астам ұлт пен ұлысты бір шаңырақтың астында біріктірген барша қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Ал теңдессіз тарихи тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру үшін осы күндерге дейін не жасалды?
Әлихан Бөкейханның кіндігі кесіліп, қаны тамған жер – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында оның ескерткіші бой көтерді. 2009-2010 жылдары көп томдық шығармалары басылып шықты. Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Семей, Петропавл, Шымкент қала­ларында тұлғаның атына көшелер берілді. Оң­­түстік Қазақстан облысының Шымкент, Кентау қалаларындағы, Сайрам ауданындағы және туған жеріндегі орта мектептер Ә. Бөкей­­хан есімімен аталады.
ЮНЕСКО Әлихан Бөкейханды «Бүкіл­әлемдік шынайы даңқты тұлға» деп танып, Алаш ардақтысының биылғы мерейтойындағы шараларды Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО мен ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығы бекітті. Алдағы тұрған мақсат – Астана қаласындағы сол жағалаудағы үлкен даңғылдың және елордадағы мектептердің біріне Әлихан Бөкейхан есімін беру. Бұл мәселе қаралу үстінде. Сондай-ақ, ел Үкіметі тарапынан Ә. Бөкейхан атындағы мемориалдық кешен орнату, Қарағанды қаласында оның атымен даңғылды атау тапсырмалары берілді. Әлихан Бөкейхан оқыған Санкт-Петербург қаласында оның бюстін орнату қолға алынып жатыр. Оған қажетті қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. Ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында бюсттің тұсаукесерін өткізу жоспарлануда. Аталмыш ақжолтай жаңалықтарды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев жеткізді.
«Кешегі сталиндік зұлматтың соқыр сая­сатының құрбаны болған ерлерді, Алаш зиялыларын тану, білу, құрметтеу – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Алаш қайраткерлері алған бар білімдерін, жігер-қайратын ұлтының болашағына арнады. Алаш қайраткерлерінің сол замандағы мұраттары Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі тәуелсіз елімізді мәңгілік ел құру жөніндегі ұлы мұратымен астасып жатыр. Біз және келер ұрпақ аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жан-жақты энциклопедиялық білім иесі, публицист, экономист, аудармашы, әдебиет сыншысы, заңгер, ормантанушы ғалымның бай мұраларын біліп өссек, адаспас едік. Өз халқымызға адал қызмет етуден жалықпас едік» деген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы келесі жылға түсіп тұрған Алаш автономиясының 100 жылдығымен сабақтасып отырғанын айтты.

ERM_8197

ӘЛИХАН ӘЛЕМГЕ ТАНЫЛДЫ
Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның бас хатшысы Әсел Өтегенова Әлихан Бөкейхан саяси қызметінен бөлек экономика, тарих, этнография, теология, фольклор, орман шаруашылығы, агрономия, заңтану мен журналистика салаларына ғылыми тұрғыдан үлкен үлес қосқанын, осы еңбегін ЮНЕСКО танығанын атап өтті. Еуропа мен Азияда Әлихан Бөкейханның қызметі жоғары бағасын алды. Бұл тұрғыдан алғанда, осы жылдың екінші жартысында Түркияда оның қызметі жөнінде тұңғыш рет түрік тілінде монография жарық көрмек. Келесі жылы Ұлыбританияда ағылшын тілінде Алаш қозғалысы және оның көсемі жөніндегі жинақ шықпақ. ЮНЕСКО аясында Түркия мен Ресейдегі Қазақстан елшіліктерінде Ә. Бө­кейханның мерейтойына арналған шаралар ұйымдастырылды. Қырғызстан мен Әзербайжанда да оның қызметі жөнінде «дөңгелек үстел» мәжілістері өтпек.
Әлихан Бөкейхан Жапонияның Мейдзи бағдарламасын негізге алып, Қазақстанды 20-25 жылда озық мемлекетке айналдыруды нақты жоспарлады. Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Итира Кавабата осыны есіне алды.
ҚР Ұлттық мұрағатының бас директоры Марат Әбсеметов Алаш ардақтысының қайраткерлік болмысына тоқталды. Академик Серік Қирабаев өткен ғасырдың сексенінші жылдары Әлихан Бөкейханды ақтау мәселесін жаңғыртты. Биылғы 3 наурызда Әлихан Бөкейханның мерейтойы Түркияда тойланды. Осыны айтқан Қ.А. Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз қазақ пен түріктің бауырластығы жөнінде сөз сабақтады.

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ АЛАШ АТАНА МА?
Алаштанушы ғалымдар Әлихан Бөкей­ханның қазіргі тәуелсіз Қазақстанның құрылу мен қалыптасу тарихындағы орасан зор тарихи еңбегін ескеріп, оның есімін ұлықтау мақсатында бірқатар ұсыныстар дайындады. Ол ұсыныстарды әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлы жария етті. Соның ішінде «Алаш» ұлттық-аумақтық автономиясының 100 жылдығын жалпыхалықтық деңгейде атап өтуге назар аударылды. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы Ұлттық агротехникалық университетке және Астана қаласындағы жоғарғы оқу орын­дарының біріне Әлихан Бөкейхан есі­мін беру, Семей қаласын Алаш атауына ауыстыру ұсынылды. Сонымен бірге Алматы қаласындағы метрополитенді Ә. Бөкейхан атымен атау, Мәскеу қаласында Ә. Бөкейхан дамыл тапқан зираттан топырақ әкеліп, Аста­надағы Ұлттық пантеонға жерлеу, Ә. Бө­кейханның өмірі мен қайраткерлігін суреттейтін көркем фильм түсіру, т.б. маңызды ұсыныстар айтылды.
Конференция барысында қазақтың дәстүрімен шашу шашылып, «Алихан Бокейхан: творец истории» монографиясы бірінші томының тұсаукесері өтті. Оны Әлихан Бөкейханның туған бауыры Смахан төренің ұрпағы Ортай Әбдірахманов пен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов атқарды.
Бүгін конференция қатысушылары Кенесары хан сарбаздарының және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының басына барып, құран бағыштайды. ҚР Ұлттық мұрағатында өтетін «Әлихан Бөкейхан – Алаш көсемі» «дөңгелек үстел» мәжілісіне, «Әлихан және Алашорда» құжаттық көрмесіне, суретші Ерлан Айтуаровтың «Тәуелсіздік үшін күрескен Әлихан» картинасының тұсаукесеріне қатысады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды