«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Алақай, үй аламыз несиеге!

0 34

Биыл еліміздегі 12 мың көпбалалы отбасылар мемлекеттен жеңілдікпен үй алып, қоныстойын тойлайды. Сейсенбі күні сенаторлар «Тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша» заң жобасына енгізілген түзетулерді мақұлдады. Өзгерген заң бойынша жылдар бойы баспана кезегінде тұрған 6 мың отбасы жалға берілетін пәтерлерге ие болады. Олар ай сайын әр шаршы метріне 115 теңге төлеп тұратын, сатып алу құқы берілмеген баспанаға көшеді. Тағы да 6 мың отбасы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жылдық 2 пайыздық мөлшерлемемен арзан несие алып, арман болған баспанасына қол жеткізеді.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев түсіндіргендей, заң арқылы ен­гізілген «жалға берілетін бас­пана» деген ұғым қоғамдағы тұрмысы төмен топтардың өкіл­деріне арналған, сатып алу құқығы жоқ, жалға берілетін тұрақты коммуналдық қор құ­­руға мүмкіндік береді. Ол 2019 жылдың басындағы есеп бойынша Қазақстанда 28126 көпбалалы отбасылар үйдің кезегінде тұрғанын хабарлады. «Көпбалалы отбасылардың бас­пана мәселесін тезірек шешу үшін жыл сайын «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 50 млрд теңге бөлуді қарастырып отырмыз. Жыл сайын 6 мың отбасы жалға берілетін пәтерлерге ие болады. 2025 жылға дейін 40 мың отбасын қамтамасыз етеміз. Жеті жылда бұл мақсатқа жалпы көлемі 350 млрд теңге жұмсалады» деп мәлімдеді Қ.Өскенбаев.
Құзырлы министрліктің өкілі көпбалалы отбасылар өз бас­панасын сатып алғанша жалға берілетін пәтерлерде тұра бе­ретінін айтады. Аталған пә­терлер осы жазда беріле бас­тайды. Баспананы салу және дайын үйлерді бөлу мәселесін жергілікті әкімдіктер реттеп отырады. Сенаторлар енгізген түзетулер жұмысы бар жастарға да баспаналы болуға жол ашады. Айтпақшы, жұмыс істейтін жастардың жеңілдікпен үй алуы үшін қандай критерийлер белгіленетінін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дайындайды. Елбасының тапсырмасымен 2019-2021 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жастарға жалға берілетін 1 мың пәтер салынады. Сенат депутаттары мақұлдаған заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды