«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әкімге хабарлас!

0 39

Бұдан былай, бас қаланың тұрғындары елордалық шенеуніктерге тікелей телефон шалып, мұң-зарын жеткізе алады. Қала басшысы Бақыт Сұлтановтың тапсырмасынан кейін аудан әкімдері мен құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, ұялы телефондарының нөмірін (жеке нөмірі, WhatsApp) ашық жариялады. Әкімдіктің ресми сайтында елорда әкімдері мен басқарма басшыларының Facebook-тегі парақшалары мен ұялы телефондарының нөмірлері берілді. Демек барлық деңгейдегі шенеуніктер халықпен тұрақты байланыста болып, арыз-шағымдарына дер кезінде үн қатады деген сөз.

Бір қуанарлығы, біздің билік шенеуніктерді бұқарамен жақын қарым-қатынас жасау­ға, қарапайым болуға үндеп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жуырда рес­публикалық қазақ басылымдарына берген алғашқы сұхбатында: «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуға тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен араласқанды ғана қош көретіндей» деген пікірін білдірді. Мемлекет басшысы әкімдерді жинаған кеңес­те бұл әдетті тыюды қатаң ескерткенін мәлім етті. «Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе» деді Қ. Тоқаев.
Ең бастысы, Президент әкімдерге халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралды пайдалана білуді қадап айтты. «Сонымен бірге, кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай, халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар. Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады» деп атап өтті Президент.
Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халық ең көп пайдаланатын əлеуметтік желілердің бірі Instagram желісінен ресми парақшасын ашты. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли былай жазды: «Жақында өңір әкімдеріне жұртпен етене байланыс орнату үшін заманауи байланыс құралдарын ұтымды пайдалануға, яғни халықпен кері байланыс орнату мақсатында əлеуметтік желілерде белсенді болуға шақырдым. Өздеріңізге белгілі, мен бірнеше жылдан бері Twitter желісін белсенді қолданып, мемлекетіміз үшін ең маңызды деген дүниелермен бөлісіп келемін. Ендігі ретте осы үрдісті халық ең көп шоғырланған Instagram желісінде де жалғастыруды жөн деп таптым» деп жазады Мемлекет басшысы Instagram парақшасындағы жазбасында. Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта Instagram желісінде Президенттің атынан ашылған парақшалар көбейіп кетті, бірақ олардың ешқайсысы да ресми емес. Бұдан былай ресми парақша біреу, оның мекенжайы @tokayev_online».
Шынын айтсақ, әлеуметтік желілер – қарапайым халықпен жақын қарым-қатынас­та болудың бірден-бір жолы. Әлеуметтің әл-ауқатын көргің келсе, қарашаны қандай ой мазалайтынын білгің келсе, әлеуметтік желілерге үңілсең жетіп жатыр. Өйткені қазіргі кезде адамдар уақытының үштен бірін әлеуметтік желілерге арнайды. Орташа статистикалық қолданушы тәулігіне 2-2,5 сағатын, ал 15-24 жас аралығындағы жастар 4-4,5 сағатын әлеуметтік желілердегі жазбаларды оқуға, қарым-қатынас жасауға жұмсайды екен. Ал қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы күнделікті ақпарат алуда әлеуметтік желілерді пайдаланады.
Атап айтарлығы, Президенттің тапсырмасынан кейін көп ұзамай, облыс әкімдері, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер әлеуметтік желілерден парақшасын ашып, жұртқа (соның ішінде журналистерге де) достық жіберуге белсеніп кірісті. Меніңше, мемлекеттік қызметшілер халықпен етене жақын сөйлесуі үшін смартфондарын жұмыс уақытында пайдалануға рұқсат беру керек.

ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды