«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ӘКІМ ӨЗ ОРНЫН БОСАТУҒА ДАЙЫН

0 3

Жұманың екінші жартысында Сары­арқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек тұр­ғындар алдындағы қорытынды есеп беру жиынын өткізді.

Махамбет Өтемісұлы атын­дағы Оқушылар сарайының концерт залында өткен жиын­ға Республика даңғылы мен Жеңіс, Сейфуллин көшелерінің тұрғындары және алдыңғы кездесулерге қатыса алмаған Сарыарқа ауданына қарасты өзге де ықшам аудандарының тұрғындары қатысты. Баяндама барысында өткен жылы Сарыарқа ауданында 70 апатты үй сүріліп, 1379 адамның жаңа баспанаға көшірілгенін атап өткен Арман Тұрлыбек жеке телефон нөмірі мен әлеуметтік желі арқылы тұрғындар тарапынан 10 мың хат келіп түскенін айтып өтті.
– 24 қаңтар күні Өндіріс ық­шам ауданындағы есеп беру кездесуде тұрғындар автобус мәселесін көтерген болатын. Содан Жолаушылар көлігі басқармасының қолдауымен, «Astana» LRT» компаниясы­мен келіссөздер жүргізу ар­қылы №104 экспресс мар­ш­рутына қол жеткізіп отырмыз. Өндіріс ықшам ауданы мен «Asia park» сауда ойын-сауық орталығының арасын жалғайтын бұл жаңа маршруттың қозғалысы ақпанның 10-ынан басталады, – деген А.Тұрлыбек аталмыш аумақтағы өзге де автобустардың қозғалысына өзгертулер енгізілгенін атап өтті.
Аудан әкімінің баяндамасынан соң тұрғындар тарапынан толассыз сауалдар қойылды. Солардың бірі – Мәмбетов көшесі, 4 мекенжайы, яғни «Мұнайшы» тұрғын үй ке­шенінің тұрғыны Қалауия Зәкіров:
– Біздің аумақта интернет баяу. Осы жағын реттеп берсеңіздер. Сонымен қатар көлік қоюға арналған орындар аз. Мәселен, жағалауға қыдырып келген жұрт көлік­терін біздің үйдің маңына қойып кетеді. Соның салдарынан жол полициясын шақырып, тәртіп сақшылары белгісіз көліктердің мем­ле­кеттік нөмірін шешіп алады. Артынша көлік иелері нөмірлерін іздеп, дау тудырады. Осындай жағдайлар үнемі орын алып, тұрғындардың тыныштығын бұзады. Осы мәселені біржақты етсеңіздер. Біздің маңайымыздағы Ғұмар Қараш көшесінде белгісіз біреудің иелігіндегі бос жат­қан жер бірнеше жылдан бері қоршалып тұр. Не ол жерде құрылыс жұмыстары да жүргізілмейді. Осы жерді мемлекет меншігіне қайтарып, паркинг немесе автотұрақ неге салмасқа? – деді.
Бұл мәселелер аудан әкім­дігінің назарында тұр­ға­нын айтқан Арман Тұр­лыбек интернет жөнінде «Қазақтелеком» АҚ-пен келіссөздер жүргізілетінін жеткізді. Сол сияқты авто­тұрақ мәселесі бойынша да жұмыстардың атқарылып жатқанын тілге тиек еткен әкім бұл тұрғыда Ғұмар Қараш көшесіндегі бос жатқан жердің қожайынымен байланыс жасап жатқанын, одан басқа да жерлерде бірнеше шағын ақылы автотұрақтардың ашылатынын баяндады. Өз кезегінде Ерболат есімді Назарбаев университетінің студенті: «Арман Алашұлы, біз топтастарымызбен бірге мемлекеттік мекемеден тә­жірибеден өткіміз келіп жүр еді. Егер сіздің және қыз­меткерлеріңіздің лауазымында бір күнге жұмыс істеп, өзімізді мемлекеттік қызметші ретінде сезініп көрсек бола ма?» деп сұрады.
Бұл сұраққа жылы жымия жауап берген аудан басшысы жастарды әрдайым қолдайтынын, сондықтан еліміздегі ең беделді универ­ситеттің студенттеріне бір күнге лауазымын босатып беруге дайын екенін айтты.

 

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

үш + он бір =