Среда, 28 Июнь 2017
-->

ӘКЕМ – АСҚАР ТАУЫМ

stihi-pro-papu-i-dochku_2

Біздің ауыл ойлы-қырлы жерде орналасқан еді. Мектеп – ойда, ал үйіміз – қырда. Ес білгелі жатын бөлмедегі терезеге телміріп, жұмыстан келетін әкемді қарайлап жүретінмін. Жоғарыға көтеріліп келе жатқан ер кісінің аппақ шашы көріне бастаған кезде алып-ұшып, алдынан қарсы алуға жүгіремін. Ол көтеріп алып, үйге дейін қолынан түсірмей алып келетін. Кейде кішкентай сіңлімді күшпен жетектеп, бірге жүгіретінбіз. Әкем болса, екеуімізді екі қолына көтеріп алатын!

Кейін мектепке кірсем де, сол әдетімді тастаған жоқпын. Көтергізбей-ақ, жай ғана қасында үйде болған жаңалықтарды баяндап, әңгіме-дүкен құрып келетінбіз. Сосын көрші үйдегі кісілерден «Үп-үлкен боп алып, әкеңе жүгіру ұят емес пе?» дегенді көп еститін болдым. Сонда да аңдып отырып, жүгіретінмін. Бірақ алтыншы сыныпқа келгенде жүгіруден кәдімгідей ұялатын болдым. Алайда көп ұзамай әкем велосипед алып берді маған. Қуанғаным-ай! Тезірек үйреніп алып, алдынан великпен шығатын болдым! Ал кері жаяу қайтатынбыз. Бұның барлығы таңертеңгі ауысымда оқып жүрген кезім еді. Кейін қосымша сабақ, анау-мынаулар пайда болып, өзім де үйге кеш қайтатын болдым. Анда-санда ғана ауладан күтіп алатынмын. Балалық махаббат пен еркелік дерсіз, ол да бар. Алайда мен әкемнің ғибратты әңгімелерін тыңдауға асығатынмын. Ауылда алып бара жатқан жаңалық болмаса да, ол кісінің айтары ешқашан таусылмаушы еді…
Менің әкем оң саусағынан өнер тамған, сегіз қырлы, бір сырлы кісі еді: кәсіби суретші, қолөнерші, биші, өлең де жазатын, тамылжытып ән айтқаны қандай-ды. Одан бөлек, ол кісінің бойында адам баласында сирек кездесетін қайсар мінезі бар. Өмірге құштарлығы бір бөлек әңгіме. Алла Тағала бірнеше рет өлім аузынан аман алып қалып, сансыз көп оталармен әкемді біраз сынады-ау. Анам мен әпкелерім айтып отыратын: қырық жасында көлік апатына ұшырап, ауруханада жатқан кезде дәрігерлердің он айда ғана аяққа тұруы мүмкін дегенін жоққа шығарып, екі айдың ішінде үйге оралған екен!
Бірақ тағдырдың жазғанына кім қарсы тұра алады? Асқар тауым қанша қиындықтардан сүрінбей өтсе де, қос жанарының солып қалғанына алты жылдың жүзі болыпты…
Әлі есімде: университет қабыр­ғасында оқып жүріп, қысқы демалыста ауылға барып қайтқан едім. Әкем кітап оқуды жақсы көретін, үйдегі бір бөлмені жеке кітапхана қылып қойған. Сол жәдігерлердің кез-келген біреуінен сұрақ қоя қалсаң, әкеміз сайрай жөнелетін. Тіпті барлық кітапты жатқа білетіндей көрінетін маған. Бір күні қаладан ағам хабарласып, үйде «Етжеңді» Егемен Қазақстан» бар ма екендігін біліп беруімді өтінді. Сіңлім екеуіміз әрі қопарып, бері қопарып, ақыры таба алмадық. Сол кезде әкем келіп, қолымен сипалап жүріп, шаң-шаң болған мақалалар жинағын алып шықты! Көрмейтін көзімен! Ұялдым! Жыладым да. Әкемнің сан жылдар бойы жинаған асыл мұраларын біз неге жатқа білмесек те, тым болмаса тұрған орнына мән бермедік екен?
…Қазір Астанадамыз. Бұрын­ғыдай еркелік те, алаңсыз шақ та өткен күндердің жетегінде қалған. Мен емес, әкем менің үйге келгенімді асыға күтіп отырады. Қазір мен үйдегі ол кісімен жұмыстағы, тіпті керек десеңіз, жеке өмірімдегі жаңалықтарыммен бөлісіп отырамын. Ал елімізде, әлемде болып жатқан жағдайлардан үнемі хабардар етіп отыратын радиосы бар… Үйдегі техникаларды да жөндейтін – әкеміз! Шарасыздан емес, жаны қалағандықтан. Кейде күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, пендешілікпен өмірге өкпелеп жатсам, әкеммен тілдесе қоямын! Ол кісі дереу тәубеме келтіріп, шүкірімді аузыма салады. Мен үшін ол кісіден асқан идеал да, данышпан да жоқ. Әркімге өз әкесі – асқар тау. Ал менің әкем – көпке үлгі. Әкелеріміз аман болсыншы!

Күнайым СӘКЕН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*