«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әке арманы тағдырын айқындаған

0 21

Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 емхананың травматология бөлімінің дәрігері, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметінің үздігі Алмасбек Әлиакбарұлы Монтаев қазір зейнеткерлік жаста болса да, білікті маман ретінде тұрғындарға әлі де қызмет етіп келеді. Тәжірибелі дәрігермен белгілі қаламгер арасындағы сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
– Менің Әкем Әлиакбар Сағындықұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Сұрапыл соғыста оқ пен оттың ортасында жүрген әкем жараланған жауынгерлерге жедел жәрдем көрсетіп, жанталасқан дәрігерлерге қатты риза болып, «Осыдан аман-­есен елге жетсем, балаларымның бірін дәрігер оқуына беремін» деп арман­дапты. Менің бұл мамандық­ты таң­дауымның басты себебі – осы. Сөйтіп әкемнің арманы менің таңдауыма айналды. Өзім де қызығушы едім.
– Дәрігердің басты ұстанымы не деп ойлайсыз? Сырқатқа сөздің де әсері зор болады дегенге сенесіз бе?
– Кез келген мамандық иесінің өз ұстанымы болады. Дәрігердің негізгі ұстанымы – сырқатты таза медициналық жолмен ғана емдеп ғана қоймай, таза жүрегің­мен жанашырлығыңды сездіру керек, оны жазылатынына сендіріп, қиналған жанға қамқор болу керек. Ал «жақсы сөз жарым ырыс» деген­дей, сөздің құдіреті қашанда үстем. Науқас адам жылы сөзге зәру. Көзі жәудіреп, жақсы сөз айтса екен деп жатады. Дәрігердің әрбір айтқан жылы сөзі күнделікті ішіп жатқан дәрі-дәрмегіңнен де қуаттырақ болуы мүмкін.
– Сіздің әрбір күніңіз тосын оқиғаларға толы болатын шығар?
– Әрине, күн сайын сан алуан ауруларды көз алды­ңыздан өткізесіз. Әсіресе, менің мамандығым травматолог болған соң, аяқ-қолын сындырып келіп жататындары қаншама? Мұндай кезде дәрігерлік парызыңды орындайсың. Науқастан ештеңе аяғың келмейді. Кейбірі емге тез көнсе, кейбірін қалпына келтіру қиын. Оның тағдыры сенің қолыңда сияқты болғанмен, әлің жетпейтін жағдай да кездеседі. Ал ота жасағаннан кейін арнайы келіп, шексіз рахметін айтатындар да көп. Ондай кезде сенен бақытты жан жоқ сияқты сезінесің.
– Білім мен тәжірибеңізді қалай жетілдірдіңіз?
– Кеңес заманындағы денсаулық сақтау саласы бұл жағына өте мұқият қараушы еді ғой. Ол кезде Одақтас рес­публикалармен тәжірибе алмасу жиі-жиі болып тұратын. Әсіресе, бұл игі іс-шара үздіксіз ұйымдастырылатын. Білімім мен тәжірибемді шыңдауда Ресейдің көптеген жерінде болдым. Атап айтқанда, Мәскеу, Саратов, Қорған, Санкт-Петербург, Вильнюс қалаларында тәжі­рибе жинақтағаным әлі есімнен кетпейді. Әр сапардан үйреніп, көңілге түйіп қайтқандарым аз емес.
– Ұстазым деп кімдердің есімін атар едіңіз?
– Дәрігерлік мамандық көп үйренуді қажет етеді. Біз алдыңғы толқын аға-апаларымыздан көп тәлім-тәрбие алдық. Олар өз тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, елімізге белгілі мамандар Б.С.Жақиянов пен Р.Ф.Макарова сияқты айтулы дәрігерлерден көп үйрендім. Олар қазір арамызда жоқ болса да, ізгілікті істерімен өшпес із қалдырды.
– Өзіңіздің жастық шағы­ңызбен салыстырғанда, бү­гінгі жастардың арасында айырмашылық байқала ма?
– Біздің кезіміздегі жастардың патриоттық сезімдері мықты болатын. Үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге деген ізеттілігі, адамгершілік қасиеттері мол болатын. Ал бүгінгі жастар болса, заманына байланысты ма, қарызсыз, қайтарымсыз жақсылық жасаудан гөрі есепті, пайданы көбірек ойлайтын сияқты. Және шетелге еліктеушілігі басым. Ұлттық құндылықтарымызды бірінші орынға қоя бермейді.
– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз? Денсаулықты күтімдеудің ең қарапайым әдісі қайсы?
– Таңертең бір сағаттай дене шынықтырумен айналысамын. Мүмкіндігім болып жатса, бассейінде жүз­генді ұнатамын. Артық уақыт­тарым болса күнделікті газет-журналдарды, өз маман­дығыма байланысты кітап­тарды қараймын, ән мен күй тыңдағанды сүйемін.
Темекі шекпеу, ішімдікке салынбау, уақытылы демалу, жақсы тамақтану, таза жүру денсаулыққа өте пайдалы. Күн сайын міндетті түрде серуенге шығып, жаттығулар жасайтын әдет те сауденелі болуға көп көмегін тигізеді. Адамгершілік қасиет, тәртіп, білім адам өмірін ұзартады.

Қайырбек АСАНОВ 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды