«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Айтулы ер Иманжүсіп

0 120

        Иманжүсіп атын естісе, елең етпейтін қазақ жоқ. Тек тілін, тек-тамырын, құнарын ұмытқандар ғана селт ете қоймас. Алаштың ақжүрек ақыны Серік Тұрғынбекұлы Ақан серінің романтикалық күрескер өмірін роман-дилогияға  өсиет қылып, артқы ұрпаққа аманаттап кеткен жазушы Сәкен Жүнісовтің   жұрт алдында «Ерейментау» әнін ұдайы жүрегімен шабыт кернеп, шырқап салатынын әңгімеледі.

Қазақтан қайран қазақтық алыстаған сайын Иманжүсіпке нағыз алаш баласының сағынышы бір басылмайды. Түбі шикі болмаса, қазақ оған бей-жай қарай алмас. Иманжүсіптің әнін кезінде академик Қаныш Сәтпаев сүйіп салғаны естеліктерде бар. Қазақтың ең таңдаулы адамдары бұл әнге шын құмартуының сыры неде?

Өйткені, «Ерейментауда» – Иманжүсіптің таңғажайып портреттік бейнесі тұнып тұр. Табиғи құнары күшті, сұлу, бекзат, нұрлы бейне. Ол жеке адамның образы бола тұрса да, қазақ деген қайсар халықтың асыл ұлдарының ұлттық мінез-құлқын даралайды. Халықтың дегдар рухынан, тектік  жаратылысынан жаралған. Тек қуалаған даралық, ата текке тартқан өршілдік. Онда адалдық пен азаттық сүйгіш ұлы қасиет айқын білінеді.

«Ерейментау» – Иманжүсіптің айдауда жүргенде, ел мен жерді, өзі кіндігімен байланған тұрмыс-салтты ерен сағынғанда шығарған құса өлеңі, жасымас өр рух пен сағыныштың үлесі басым.

Иманжүсіп бұл өлеңде лирикалық кейіпкер – «мен» арқылы исі қазақтың тағдырында бар, арқасына батқан кесапаттың сырын ашады.

«Ерейментау» – әртүрлі нұсқасы бар өлең. Әуелгі нұсқасында 9 шумақ. Ал, «Бес ғасыр жырлайды» атты кітапқа енгені Иманжүсіптің біраз өлеңдерінің басын қосып, бір атаумен бере салғаны білінеді.

Шідердің үш балығын атқа салдым,

Иманжүсіп атымды хатқа жаздым.

Ата-бабам дәулеті арқасында,

Жұдырықтай басымды отқа салдым.

Көне Гораций үлгісімен Пушкин өз «менін» поэзия көкжиегіне  темірқазық қылды. Өйткені, ол – жай бір сандалма, еріккен көп «мен» емес, ең асылзатты таңдап қонар, құдайдан берілер сый – ел бағына туатын тұлғалық «мен». Ұлы ақындар, данышпандар  елі мен жерін, рухын қорғау үшін, әулиелік сөзбен бағын өсіру үшін туады. Тұлғалық «меннің» кәдімгі пендеге тән «меннен» айырмашылығы сонда. Ал ұлы тұлғалары жоқ немесе тым жұпыны, суреткерлерінің саны аз халық санатқа ілікпей қор болады. Ол халықтан гөрі қара тобырға тартады.

Ердің өзін айқын білуі, жорта көлгірсімей тануы Иманжүсіпте ерекше қуатпен берілген.

Сусыз жерге ауылым қона алмайды,

Кері кеткен тірлігің оңалмайды.

Жүз қатыны қазақтың ұл туса да,

Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды!

Кейде «Қыпшақтың жүз қатыны ұл туса да» болып келетін бұл ойдың түп қазығы – Иманжүсіп нағыз дара, айтулы ердің өзі. Бір қарағанда, өркөкірек менмендік, асылық тәрізді сезілері анық. Бірақ Иманжүсіп иненің жасуындай жалған сөйлеп тұрмағаны тағы айқын. Оны Иманжүсіптің сөнбейтін жарқыраған жұлдызы айғақтайды. Харизма… Ерді сыйлайтын халықтың төл дүниетанымы, сондықтан күпілдек құр мақтаннан ада. Ердің әруағын сыйлау, қас жақсының құнын білу қазаққа тән қасиет. «Ұл туғанға күн туады» деген қазақ. Ержүрек ұл өссе, елін қорғайтын ерге айналар.

Ал, қазір Иманжүсіп тектес жүз ұл туса да орны толмас дейтін ер жігіттер қайда? Ерлердің көбі неге ұсақталып, төмен етекті әйелдің рөліне еніп кетті?! «Қатынбасша», жігерсіз, сүмелек еркек неге бүгінде сұмдық молайды? Тумай туа шөккен талай жарығы, жазығы жоқ нәрестенің обалы  мен қаны ақымақ, имансыз қыздың ғана емес, арсыз, тексіз, қорсыз жігітсымақтардың да мойнында. Азаматтық, адамшылық сонша неге құлдилады? Мұның тылсым себебі, асыл ерлерді, қас үлгі тұтарлық бек лайық азаматтарды тарих кезеңдерінде талай мәрте отап, қынадай қырғанында болуы ықтимал. Жамандар көбірек жан сақтады. Ерлерден ірілік, өрлік кетті. Ұсақталғандары соншалық, олар күні ертең өлерін, құдайға есеп берерін ойламай, мемлекеттің іргетасын шайқалтар сыбайлас жемқорлық, араны ашылған дүниеқоңыздықтың арсыз құлына айналды.

Үлкен парасат иесі, нағыз зиялы, сыншы Зейнолла Серікқалиев айтқандай, қазіргілер адал адамды Мырқымбай деп ұғады. Адалдықты бәрі жабыла тепкілеп өлтіріп, көрге тығып құтылғысы бар. Алла тағаланың бір аты Адалдық, ендеше өлмейді. Ер қадірін білмей, алтын басын төмендетуге қазіргі қазақ қоғамы мейлінше ұрынғанын аңдаған сайын Иманжүсіп тәрізді біртуар ерлердің дегдар бейнесі сағынтпай қоймайды.

Ерлерді әдейі құлдилату, ерлерді кемсіту бір халықтың құруына бастайтын кесел. Қазіргі әлем-жәлем әлем мұны гендерлік саясат деген атаумен бастап кетті.

Тектілік қасақана құртылған сайын қазақтың санасы мәңгүртене түсті. Репрессия жылдарында Иманжүсіптей нағыз ерлерді панасыз тағыдай қылып,  бір сайда атып тастаған сайын қазақтан иман мен береке кетті. Мұның бір кесапатты салдарын Серік Ақсұңқарұлы былай таңбалайды:

Ана тілім, Алашымның көзі едің,

Өртенеді өзегім…

Үндемейді бесік жырын айт десем,

Өгей шеше – өз елім?!

Қазақтың ежелден тамыр тартқан төл әдебиетінде атадан артық туған ерлерді ерекше сүю, бағасын білу бар.

Халел Досмұхамедұлы «Аламан» атты құнды жинағында «Қарасай-Қази» жыры туралы жазды: «Сонда бір аяғы ақсақ, бір көзі соқыр Орақтың қатыны сөйлейді:

Құланды қақтан қайырған,

Хандарды тақтан тайдырған

Кешегі менің Орағым.

Болып өткен ер еді,

Айтулы ердің бірі еді!».

Қазіргі қазақ поэзиясы  бабаларға тән үрдістен жаңылған жоқ. Маңғыстауда туған Светқали Нұржанов «Адай Сүйінқараның таз Төремұратқа мола салдырғаны жайлы хикая» атты балладасында ата дәстүрдегі осы айтулы ерге шынайы құрмет дәріптелуі заңды:

Әлі есте қан-қамауда айтқан сөзі,

Баяғы Аллақұлдың қырғынында.

«Мен өлсем – алты Алаштың белі сынар,

Сен өлсең – бір қатын ұл туад!» –

деген.

«Ерейментау» жырының мәтіне оның «Бұғылы-Тағылы» атты өлеңінің 5 шумағы еніп кетсе керек. Бұл өлеңді ол айдауға бара жатқанда жазған.

Қысырақтың үйірі жирен ала,

Орыс, қазақ байлары жапты жала.

Сүйіндікке бет алып шыққанымда,

Көрінуші ең алдымен Ботақара.

«Қазтуғанның қонысымен қоштасуы», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырындағы Ай, Таңсықтың туған жермен қоштасуы – қазақтың ұлттық санасында архетип, діл тамыры.

Бұғылы мен Тағылы бүркіт салған,

Ұйпалақтап қып-қызыл түлкіні алған.

Атамекен жерлерім – кәрі қойтас,

Көзімнен бұл-бұл ұштың дүние жалған.

Бұғылы-Тағылы. Қазақтың ешбір халықта жоқ асқан жершілдігіне дүние жүзінде ештеңе жетпейді. Аң мен құс, төрт түлік аттары кілең топонимдер болып келеді. Бұған қарағанда антропонимдер қазақ дәстүрінде сиректеу. Жамбыл «Өтеген батыр» атты жырында: «Бұл жырды мен естігем (Тағы құлжа үнінен» деп жырламаушы ма еді. Құланды, Құланды даласы, Жыланды таулары бар. Жабайы иен  табиғатта бұла өскен халық аспан денелеріне, жер сұлулығына қарап, көркем ойлауға әбден дағдыланған, мұны космостық көру деп атайды. Сондықтан болар, Ұлықбек Есдәулет қазақ тілін «құдайдың тілі демейін тегі) табиғаттың өз тілісің!» деп арнау жазады.

Ауылым Күйгенжарға қона алмайды,

Өткен күн қайта айналып оралмайды.

Толғатып тоқсан қатын ұл тапса да,

Бәрібір Иманжүсіп бола алмайды.

Адамзат баласы анадан жалғыз туады, жалғыз өледі. Бір адамды бір адам түк қайталамайды. Бір Алла тағаланың құдіретімен солай. Атадан асып туатын ерекше ерлерді ел дәріптейді, ғасырлар өтсе де, олардың аты өшпейді.

Иманжүсіп бейнесін қазіргі қазақ өлеңінде Ғалым Жайлыбай жырға қосты:

Толғауымен тірліктің тоналды ай, жыл,

Бота болып боздады Боралдай – жыр,

Аққу-қазым айдынға оралмай жүр.

«Талай қатын қазақта ұл туғанмен –

Бәрібір Иманжүсіп бола алмай жүр».

Өткен күннен атады өлең дерек,

Өлең барда ойламан өлем бе деп,

Иман аға,

біз қашан төмендеп ек?

Көкмойынға үкілі көз сап тұрмын –

Мойнындағы тұмарын көрем бе деп…

Бұл ата дәстүріне адалдық. Елі үшін жанын қиған ерлерден өткен ардақты адам болмайды. Шернияз Жарылғасұлы (1807-1867):

Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас.

Ер тумас ел бағына ондай жайлы.

Қарадан халқы сүйіп ханым деген

Жігіт ед төрт тұрманы түгел сайлы.

Ел жүрегі ел қамын жеген ерлерге елжірейді. Махамбет Исатайды былай жоқтайды:

Таудан мұнартып ұшқан тарланым!

Саған ұсынсам – қолым жетер ме,

Атқан оғы Еділ – Жайық тең өткен,

Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!

«Ұсынсам қолым жетер ме?» бұл – аса жоғары құрмет, нағыз мәртебесі асқан жандарға  ғазиз жүректен айтылар жанды сөз, яғни, тұлғалық «менді» сүйіп дәріптеу. Исатайдан айрылған Махамбет бұл жерде оның қайғылы қазасынан бөлек,  дегдарлығын, асқан ерлігін, елге тұтқалығын қоса ұлықтағаны айдан анық. Небір билеушіге де арнала бермес әрі мадақ, әрі реквием. Құдайға ғана адамның ұсынса қолы жетпейді.

Ең әуелі Иманжүсіп аты – қос есімнен құралған. Оның Жүсібі – көне дәуірдегі пайғамбар аты. Тауратта бірнеше Иосиф бар. Соның бірі – Иаковтың (Жақып) үлкен ұлы Иосиф. Ол бағы жанып, елден асарын түсінде көреді. Түсінде оған күн мен ай, 11 жұлдыз басын иіп, тағзым етеді. Ағалары оны қызғанып, өлтіргісі кеп, бірақ 20 күміс ақшаға құлдыққа, шетке  сатып жібереді. Ақыры Мысыр патшасының ең сенімді адамы болған Иосиф  аштыққа ұшыраған, жасында өзіне опасыздық жасаған аға-бауырларына кешірім жасап, асырап, зор қайыр қылады. Бұл әпсананың түп астарында еврей халқын сақтап, өсіп-өркендеуге бастар тұлғалық таным – ұлттық идея жатыр.

Мой стих – Иосиф прекрасный, я пленник его красоты.

Мой стих – соловьиная песня, к нему приковал меня рок.

Бұл – Рудаки, парсы-тәжік әдебиеті классигі.

Аңызда «Иосиф прекрасный», сұлу Жүсіп, ол «Жүсіп-Зылиқа» жырына арқау болған. Көрікті Жүсіп кіріп келсе, ас әзірлеп отырған әйел, қыз атаулы оған еліте қараймын деп саусақтарын кесіп алатын болған дейді. Қазақтың Иманжүсібі осал болмаған:

Қараөткелдің кіргенде көшесіне,

Маржалары көрем деп қамалаған.

Ғасыр бұрын орыс келіншектерін қазақ «Маржа» деп атаған, «Мария» деген жиі кездесетін ат қазақыланып, бұрмаланған түрі. Олар қазақты бұратана деп менсінбес еді. Иманжүсіп қыз, келіншекке сүйкімі күшті болғанын айтпай неге кетсін:

Екі жағы дарияның қалың шұбар,

Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.

Бір түстеніп аттанған ауылымның

Қыздары болушы еді маған құмар.

Көрген кісілердің айтуынша, Иманжүсіп бір ауылдан атымен аттанып бара жатқанда, некелі әйелдер көздері сүзіліп, соңынан қимай қарап қалады екен. Айтулы ердің бір қасиеті – жар сезімін, сүйіспеншілікті ояту екені тағы айқын.

Әкем Құтпан болғанда, ағам – Шонай,

Адамзатта ұл тумас мендей құмай.

Болыстың поштабайын сабап едім,

Төрт аяғы байлаулы қойдан оңай.

«Мен – құстан туған құмаймын» дейді Махамбет. Біржан салдың кегін болыстың поштабайын сабап Иманжүсіп қайтарғандай әсері бар.   «Ерейментау» атты өлеңде айдауда таршылық басына түскен ақын тағы екі ағайыны – Тұрсынбай мен Дәулетханды еске алады.

«Оның қыздары Үлбибі мен Күлзағипа әкесін тәте деп атаған. Иманжүсіптің үлкен ағасы Шонай сол Қарасуда (Ақмола) өмірінің сәтіне дейін өмір сүрді. Бабамыз Тұрғанбайдың кіші інісі – Басықара. Малбике бейшара құмды шөлден өзінің туған баласы Баймырзаны тастап, осы Басықараны аман алып шыққан екен» деп жазады атасына арнаған «Тұлпардың ізімен» атты кітабында Иманжүсіптің туған немересі Раушан Нұрханқызы Көшенова.

Асырап алған әкесі баланы Құтпан атаған. Иманжүсіптің әкесі Құтпанның шын аты – Баймырза екен. Ол Кенесары жасағында 10 жыл жүрген. Азаттық идеясы Иманжүсіптің қанына Қоқан, Хиуамен күрескен атасы Тұрғанбай датқадан берілгенін тарих біледі.

Айтулы ерді жұрты қайталанбас тұлғасы арқылы ажыратса керек.

 

Сарыарқа.             

                                          Менде дұшпан көп еді қамалаған,

Иттей болып барлығы   абалаған.

Кіргенде Қараөткелдің базарына,

Қызық көріп қазақ, орыс жағалаған.

Иманжүсіптің өз өмірінің деректері. Орыс классикалық әдебиеті,  Иван Крыловтан бір мысал бар: «Пілге үрген кәнден»,  адамзат жаралғалы солай.  Жақсыны жамандар қосыла итше талау тыйылмайды. Өйткені жамандар қас жақсыны көргенде өз қораштығына , күйкі  дарынсыздығына өлердей арланып, соны кек тұтады. Абай бекер жазбаған:

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.

Адамзаттың әлсіз жаралғанын дін растайды. Жан дүниенің тазалығы, ізгілікке ұмтылу көкірек көзі ашылған соң болар шапағат.

Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,

Маған десең, көз жасым, жаңбыр боп жау.

Бүркіт салып басыңа шығар ма едім,

Бір көрінші көзіме, Ерейментау.

«Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп «Қансонарда бүркітші шығады аңға» –құсбегілікті Абай ерекше көркем жырлауымен қазақ өлеңін байытты. Иманжүсіп айдауда жүргенде Ерейментауды сағына есіне алуы бүркітшілігімен тікелей байланысты ойға құрылады.

Сарыарқаның құдіретін талай ақын жырға қосқан. Дулат Бабатайұлы:

О, Сарыарқа, Сарыарқа!

Самалың салқын жон едің.

Сырдан ауып келгенде,

Жапырылмай шалғының,

Балауса балдыр балғының

Тимеген ірге соны едің.

Ал Мәшһүр-Жүсіптің шығармалары 5 том, 37 бетінде «Қалмақтың Сарыарқаны жоқтап жылаған зары» бар:

Кете бардым зар жылап,

Сендей жерді жалғанда,

Іздеп қайдан табармыз?!

Қазақ пен қалмақ 200 жылдай шабысқан. Арқадан қазақ ауа қашып, қайта оралғанша қалмақтан  Арқада 3 ұрпақ  өсіп өнген.

Кемеліне келген соң,

Арқаны қазақ көкседі,

Арасынан қалмақтың

Бәленің оты өшпеді.

Дулат Бабатайұлы «Ой, Сандықтас, Сандықтас – Атамның қонған жайлауы!» деп небір молшылық, ырыс-несібе Арқа төсі туған жердің  арқасы деп дөп танитын жыраудың  «Ата қоныс Арқадан» атты өлеңінде мұны айғақтайды.

Нарманбет Орманбетұлы,  зарзаманның артқы ақынында «Сарыарқа» – жоқтау:

Сарыарқа, сарқыраған суың қайда,

Түнде шық, күндіз мұнар, буың қайда.

Найзағай жарқ-жұрқ етіп нөсер құйған,

Көк жасыл, кемпірқосақ туың қайда…

«Ер Мамайдың алдында шаһид кештім, өкінбен!», – деп жырлаған XVI ғасырда өмір сүрген  – Аймадет  Доспамбет жырау. Ол туралы академик Сейіт Қасқабасов былай деп жазады: «Доспамбет жалындап жанады, үміттенеді, қайраттанады. Өмірден ерте кеттім деп өкінбейді. Керісінше, өзіне лайықты, жақсы өмір сүрдім деп есептейді, өйткені оның идеалы – Сарыарқа үшін щайқаста шәйіт болған жауынгер. Доспамбеттің ойынша,ең бақытты адам – арғымақ мінген, көбе киген, жұпар аруды құшқан, той тойлап, армансыз қымыз ішкен, жау келсе, қарсы шапқан жаужүрек жігіт. Міне, Доспамбет өзін осындай өмір сүрген кісі ретінде көрсетеді. Ол өз дәуірінің қоғамына, болмысына, тіршілігіне дән риза. Оны жалған дүниедей, қайта дәріптей жырлайды. Оған құштарлық танытады. Өмірден түңілу атымен жоқ».

«Доспамбет жырау бірінші жақтан сөйлейді, жырау өзі туралы айтады, өзін қалың жаудан қайтпайтын жырау , нағыз қаһарман етіп сипаттайды:

Достым менен дұспаным,

«Апырым, ер Доспамбет! »– дегей ме?».

(Сейіт Қасқабасов.  1 том. Жаназық. 504 бет).

Батырлық пен жыраулық қанға сіңген    – ноғайлы заманынан үзілмеген қасиет.    Иманжүсіп  Қазтуған, Шәлгез, Доспамбет, Ақтанберді, Жиембет, Махамбет – кілең ерлердің тұяғы.

Сарыарқа – қазақтың жұлын омыртқасындай.  «Еділ үшін егескен», «Жайық үшін жандасқан» (Махамбет) – туған жер үшін айнала қаптаған дұшпандармен соғысып өткен ерлер ұрпағын қорғады.

«Ерейментауға» кейіннен қосылып кеткен басқа бір нұсқасында жыр басы былай басталады:

Абылай аспас Арқаның сары-ай белі,

Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.

Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас –

Нияздың Аюлы мен Қара көлі-ай.

Бұл екінші нұсқада Арқа өңірінің географиялық деректері бар. Шежірелік деректерден қыпшақпен қоса арғын тайпасының  кіші екі атасы, Қуандық пен Сүйіндік қатар аталады. Русыз сөз сөйлеу ескі қазақта болмаған. Ақын өзінің қыпшақ руынан екенін –  «Қыпшақтың баласымын Иманжүсіп» деп айтуы заңды. Иманжүсіп өлеңі құдіретінен сол көлді жайлаған Нияз деген байдың есімі хатталып, ұрпақ жадында қалды. Әрі бұл әнімен шырқалар  өлең болғандықтан қазақ үшін темірқазықтай жарық. Иманжүсіптің композиторлығы  өз алдына.

Жылқының таңдап кілең саңлағын,

Туған даламды түгел шарладым.

Бұл Дәулеткерей Кәпұлы, кейінгі қазақтың түйе қомында өскен, көшпелі өмір қызығын көрген  саусақпен санарлық аз ғана баласының бірі.

Ал жерінің кеңдігі мен суының молдығын қазақ қашанда « Қырық мың жылқы су ішсе лайланбас» –  жылқымен  өлшейді. «Тағы да бас қосқаным Жағалбайлы, / Жылқысын көптігінен баға алмайды». Ер Төстік тумай тұрып, Ерназардың 8 ұлы, Баян сұлудың әкесі Қарабай,  қазаққа біткен бай атаулы  тегіс жер қайысқан қалың жылқы  қамымен ата қоныстан шығандап  кете береді. Бақытжан Раисова, өскемендік ақын, дала мен көшпелі өмір салтының біртұтас құбылыс екеніне дәл мегзейді:

Дала, дала, көшпендінің ең соңы,

Күн астында Күнекейім дер сені.

Мәшһүр-Жүсіптің «Бауыры Ерейменнің айдала еді. / Жер екен дуасы жоқ Ерейментау / Жігіті болады екен молдамен жау» деп сынайтыны тағы бар. Иманжүсіп жер аттарын жырында қадай атайды. Соның ішінде «Көктің көлі» туралы бір қызық дерек – Мәшһүр-Жүсіптің «Шоң бидің Қуандық еліндегі асқа баруы» атты жазуында  бар.  Елдің бәрінен биік боламын деп 100 жылқы құнына сәукеле жасатып киген, асқа түйе мініп келген Көктің көліндегі Инем баласынан шыққан Өтебай сал, қымбат сәукелесін бір тақиядай көріп, ұзатқанда кисін деп Шоң бидің қызына бір сақау арқылы бере салады. Мәшһүр-Жүсіп мұны «Бұрынғылардың бәрі әулие екендігі осындайдан білінеді» деп түйіндейді.

Қатар-қатар салынған тастарың-ай,

Мұнарланып көрінген бастарың-ай.

Еске түссең, қайтейін, Ерейментау,

Тия алмадым көзімнің жастарын-ай.

Иманжүсіп  айдауда жүргенде туған жердің баға жетпес қасиетін  жырға қосып, жүрегіне толған шерді ақтарды:

Ақтау, Ортау, Қаратау, Көктің көлі,

Жаз болғанда жайлаушы ед көшіп елім.

Сағынғанда көзімнен бұл-бұл ұшты

Ақ туын ата-бабам тіккен жері.

Несібемді жазған екен менің түзден,

Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.

Қайран ел, оқта-текте еске түссең,

Жасымды тия алмаймын екі көзден.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов айқын айтқандай,  «Қазақ жерін алу турасындағы низам» Сарыарқаның иен даласын өз ұлдарынан тазалауды бастады. Айтулы ерлерді құрту басталды. Иманжүсіп сол құрбанның біріне айналды.

Құнсыз болып еріміз,

Жесір болып жеріміз ,

«Жан менікі» дей алмай,

«Мал менікі» дей алмай,

Ит пен құсқа азық ек.

Ахмет Байтұрсынов «Тілек батам» атты өлеңінде осылай күңіренді.  Өйткені үкімет-орыспен қоса биліктегі қазақтың болысы мен парақор  ұлығы аңқау елді жабыла қанады. Сүйінбай ақын қазақтың қоршылығы жаңа низаммен бекігенін жырға қосты:

Қайран қазақ қор болды-ау,

Құр бекерге далақтап.

Қазақтың генетикалық қорын құрту қазіргі ұлт мәселесінде текке кеткен жоқ. Өз тілінен өлсе айрылмайтын өзбек пен тәжікпен салыстырғанда,  қазақ туған тіліне сұмдық  обал жасады,  сондай-ақ, қақ жарымынан астамы ана тілінен мақрұмдығына әсте қайғырмайды. Өз тілін қорашсынады. Қазақ болуға намыс көреді. Оның шын мүскіндік, сорлылық екенін ұқпайтын миғұла.

Намысына қазақтың

Мың жерден көр қазылды.

Аза тұтқан аз ұлдың,

Есімдері тасқа емес,

Көкірекке жазылды.

Алтайдың ақ өлеңмен жазатын мықты ақын қызы Бақытжан Раисова қазаққа арысы жоңғар, берісі совет үкіметін жамылған зұлымдардан болған геноцид астарын  өлеңде астарлайды. Бұл кәдімгі көр емес, елдік намысты өлтіруге қазылған мың көр. Намыссыз халық – өлген халық.

Қазақ баласының туған жерге сағынышы әлі сол қалпында, әлбетте, мәңгүрттенген, шіріген жұмыртқа тәрізді өзін-өзі өгей қылған адасқан ұрпақты  қоспағанда. Жас ақын Ербол Бейілхан былай жырлайды:

Сарыжайлау, сағынышым мәңгілік!..

Жүк артушы ек,  сарыатанға қом қылып.

Бозторғай –таң шырылдамай аттанып,

Сары жонға көш жетуші  еді болдырып.

Иманжүсіптің «Ерейментауы» – азаттық идеясын ұлықтауымен елім деген әр қазақтың көкірегінде жазылып қалары айқын.  Түркістан-Тұран елін сүю идеясы жолында өмірін күреске арнап, жанын берген Мұстафа Шоқай Иманжүсіп шыққан қыпшақ руының шашты атасынан болатын.

Түркістан ием, біз үшін, Тәңірмен бірдей есімің,

Алаштың алтын бесігі-ай, мұңдасы жетім-жесірдің.

Азаттық, теңдік – барлық халықтың арманы. Ақын сөзі әулиенің батасына  татиды. Шайырдың дуалы сөзі 300 жыл өтсе де орындалары бек анық. «Сөйлер тілі түркменнің» – Мақтымқұлы Пырағы елі мен жерінің бағы үшін үнемі бірлік пен ізгілікке сенім арта жыр жырлауы бүгінгі Түркменстан мемлекетінің бейнесін ғасырлар бұрын сүйіп, болашаққа аманат қылып, бедерлеп  айтқанының арқасы деп ұғамын. 1733 жылы туған классик ақын Мақтымқұлын сол үшін ерен сүйіп, қастерлеймін.

Теке, жәуміт, язырға

ғөклен, ахал қосылса,

Мүмкін емес

түркменнің гүлзарлары солмағы.

Мүмкін емес

түркменнің біреуге құл болмағы.

(Түркмен тілінен аударған Дүйсенбек Қанатбаев).

«Ерейментау» – тұлғаны, тұлға арқылы ұлттық болмысты танытатын өте биік, текті өлең.  Қап тауларынан  алтынды Алтайға  созылған кең алқапты жайлаған көкбөрінің ұрпағы исі қазақ баласы үшін азаттықтан асқан құдірет бұл әлемде болмаған әрі болмайды да.

Аманхан Әлімұлы  «жақсы сөз – жарым ырысқа» татитын ұран сөзді өтірік жыламай, құса-мұңға құламай айқын қылып айтуы нағыз құдайшылық:

Бақытты сезбесең сол қайғы,

Жасасын, жасасын азат күн, –

Азаптың жыршысы болмайды,

Ақыны қазақтың.

Илайым, қазақтың бағы өшпесін, қазақтықтың күні сөнбесін! Өрлікті ту қылып өткен бабалар жолы қайта жаңғыруға жазсын!

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды