«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Айшолпан НҰРҒАЙЫПҚЫЗЫ: Сегіз жасымнан аңға шығып, құс салдым

0 62

Осы ғасырда қазақты әлемге танытқан бес адам болса, соның бірі – Айшолпан. Бүркітші қарындасымыз Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өмірге келген. Кішкене күнінен әкесінен құсбегілік өнерді үйренеді. Ол туралы америкалық режиссер «Бүркітші қыз» деген деректі фильм түсіреді. Туынды жарыққа шыққаннан кейін оны көреміз деп Баян-Өлгейге әлемнің 31 елінен мыңдаған турист келген. Айшолпан Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» деген атаққа ие болды. Сондай-ақ Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. Қазір ол Астанадағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 11-ші сыныбында оқиды. Таяуда Айшолпанмен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Сіз жақында еліміздегі Жастар жылының салтанатты ашылуында Елбасының алдында сөз сөйледіңіз. Қобалжыған жоқсыз ба? Қандай сезімде болдыңыз?
– Ептеп қобалжығаным рас. Шын мәнінде, мен ол кісінің алдында сөз сөйлеймін деп ешқашан ойлаған жоқпын. Елбасымен кездесуді өмірімдегі бақытты сәттерімнің бірі деп бағалаймын. Сол жиында америкалық режиссер түсірген фильм мен бүркітті баптаудың қыр-сырын қысқаша әңгімелеп бердім. Сондай-ақ Астанада, иә болмаса, басқа аймақта бүркітшілер мектебі ашылса деген ұсынысымды айттым. Құсбегілік өнер адамды қайсарлыққа, ептілікке, шыдамдылыққа үйретеді. Осы қасиетті жасынан бойына сіңірген бала ержүрек болып өседі. Сонымен қатар Нұрсұлтан атаға Баян-өлгей аймағына қонақ болып келіп, сондағы ағайындардың ақ дастарханынан дәм татып кетсеңіз, олардың рухы бір жасап қалады деген тілегімді жеткіздім.
– Айшолпан құсбегілік өнерге қалай жақын болып жүрсіз?
– Біздің әулетке бұл өнер жеті атамыздан бері жалғасып келеді. Әкем де жасынан сол аймаққа танымал аңшы. Содан ба, кішкентай күнімнен бүркітке жақын болып өстім. Алты жасымнан атқа міндім. Сегіз жасымнан аңға шығып, құс салдым. Сонда құсбегілік өнерді көзіммен көріп, жаныммен түсініп, соған деген ерекше ынтызарлығым оянды. Бұған ата-анам да қарсылық білдіре қойған жоқ. Қайта әкем бүркітті баптау мен ұстаудың әдісін үйретті.
– Алғашқы баптаған бүркітіңіз қалай аталды?
– Менен үлкен ағам да бүркітші еді. Ол орта мектепті бітіріп, университетке түскеннен кейін соның бүркітін баптадым. Осы бүркітпен аңға шығып, қасқыр алдым. Кейін оны қоя бердік. Содан бір күні әкем маған бүркіттің балапанын алып беруге апарды. Бүркіт ұясын таудың қиясына салады. Оны оңайлықпен ала алмайсыз. Әкем менің беліме арқан байлап, 18 метр биіктіктегі таудың қиясына түсірді. Сөйтіп, балапанды алдым.
– Қорыққан жоқсыз ба?
– Жоқ. Ол кезде
мен 13 жаста едім. Оң-солымды бі­лемін. Содан балапанды үйге әке­ліп баптадым. Негізі, ата-бабамыз бүркітке ат қоймаған. Бірақ өзім сол бала­панды жақсы көр­ген­дік­тен «Аққанат» деп атадым. Бүркіт қыс мезгілінде жұмырт­қа басады. Ал балапанды жаз айында барып аласыз. Егер одан кешіксеңіз, қанаты қатайып ұшып кетеді.
– Балапанды қалай баптайды?
– Оны бүркіттің мінезіне қарай көресіз. Егер оны қатал ұс­тасаңыз, өзіңізге қарсылық көр­сетіп, шабуылдайды. Ал ме­йіріммен қарап, сипаласаңыз, мінезі жұмсақ болады. Балапанды үйге әкелгеннен кейін әуелі торға ұстап, тамақ беріп үйреттім. Ол тек шикі ет жейді. Әсіресе, қоянның, суырдың етін жақсы көрді. Қыркүйектен далаға алып шығып, қолға үйрете бастадым. Ұшып кетпеуі үшін кішкене тамақ беріп отырдым.
– Аңға шыққанда бүркітті аяқбауымен ұстап жүру оңай емес. Ол саған ауыр болған жоқ па?
– Иә, бүркітті қолға ұстап тұру үшін күш керек екені анық. Бірақ мен оған үйренгенмін. Бүркітім аяқбаудан ұшып кеткенше шыдап тұрамын. Қыс мезгілінде бүркіттің салмағы 10 кг-нан аспайды. Өйткені оны қансонарға алып шығатындықтан, жемді аз береміз. Жазда олар түлеп, қанаттары түседі, тамақты да көп ішеді. Содан денесі ауырлап, 15-20 кг-ға дейін тартады.
– Америкалық режиссер сіз туралы «Бүркітші қыз» деген деректі фильм түсірді. Сонда бұл кісі сізді қайдан білген?
– Ол былай болды. Баян-Өлгей аймағына Израильден бір турист келді. Сол кісі аңға шығып, құс салған қазақтардың өнерін суретке түсіреді. Бүркітшілердің бәрі – ер адамдар. Жалғыз мен ғана қыз баламын. Соны байқаған ол сол суретті әлемге жариялайды. Және «егер осы бүркітші қыз туралы кино түсіремін десеңіздер, маған хабарласыңыздар» деп ақпарат таратады. Содан кейін маған Отто Белл деген режиссер хабарласып, Баян-Өлгейге іздеп келді. 2014 жылдың шілде айы­нан киноға түсіру жұмыстарын бастады. Бұл туынды екі жарым жыл ішінде түсірілді. Фильмде бүркітшілік өнер туралы ғана емес, қазақтың салт-дәстүрі, әке мен баланың тәрбиесі, моңғол халқының өмірі баяндалады. Дәл сол жылы «Daily Mail»
басылымында мен туралы мақала жарияланды.
– Сіздің есіміңізді бұл кино жер-жүзіне жайды…
– Иә, бірақ мен әлемге танымал боламын деп ойлаған жоқпын. Алланың берген бағы болар деп қабылдаймын. Фильм жарыққа шыққаннан кейін Гарвард және Оксфорд университеттерінде білім алуға ұсыныс түсті. Мені көремін деп Баян-Өлгейге көп туристер ағылды.
– Біз сізді «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Ғабит Бөкенбайдың Баян-Өлгейге барып жасаған сюжетінен көрдік.
– Осы жерде Ғабит ағаға үлкен алғыс айтқым келеді. Сол жолы ол кісіге «Қазақстанды барып көргім келеді» деген кішкене арманымды айтқан едім. Міне, сол арманым орындалды. Қазақстанға келуіме Ғабит аға себепкер болды. Осында келген кезде адамдардың маған деген ерекше құрметі мен ықыласын көрдім. Тіпті, қалып қоямын деген ой болған емес. Қазір елордада оқып жатырмын. Осындай сый ұсынған «Білім – инновация» қоғамдық қорының басында отырған ағаларыма алғысымды айтамын.
– Ата-анаңыз бен бауырларыңыз туралы айтасыз ба? Қазір олардан алыста жүрсіз, сағынған боларсыз…
– Әкемнің аты – Нұрғайып, анамның есімі – Алмагүл. Әкем Баян-Өлгейдегі Алтынсөк ауылының әкімі болып жұмыс істейді. Бір ағам, сіңлім және кішкентай інім бар. Әрине, әке-шешемді жиі ойлаймын. Кішкентайынан бау­лыған бүркітімді де сағындым. Бүгінде оны әкем ұстап жүр. Бірінші сыныптан Баян-Өлгейдегі мектеп-интернатта жатып оқыдым. Сондықтан бұған ептеп үйренгенмін. Қазір Сәйгүлік деген сіңлім осындағы қазақ-түрік қыз­дар лицейінде оқиды.
– Айшолпан, болашақта қандай мамандықтың иесі болуды армандайсыз?
– Аға, шынымды айтсам, арманым көп. Оны ешкімге көп айта бермеймін. Осы оқуымды ойдағыдай аяқтап, мұхиттың арғы бетіндегі Америкада білім алсам деп ойлаймын. Келешекте туризм маманы болуды қалаймын.
– Рақмет! Осы ойлаған арманыңызға жетіңіз!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды