«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Шығарма және оны өңдеу

немесе Ә.Нұрпейісовтің бір туындысы туралы

0 73

Осы күндері 95-тің төріне көтерілетін жержиһанға мәшһүр ұлт суреткері Әбдіжәміл Нұрпейісов романшылық өнердің шырқау биігінен көрінген хас шебер. Сөз зергерінің әйгілі “Қан мен тер” атты ел тағдыры мен тарих, заман талқысын қопара толғаған трилогиясында оның суреткерлік көзқарасы, шығармашылық қолтаңбасы, әлеуметтік-психологиялық талдау өнегесі, тарихи-қоғамдық құбылыстар әлемі, халықтың қаһармандық рухы, адамгершілік қағидаттары жарқын көрініс табады.

 Осынау бір заманауи көркем мүліктің жанрлық, композициялық, стильдік ерекшеліктері, көркемдік-эстетикалық шарттылықтар жүйесі қандай десеңізші. Кейіпкерлер санының өзі екі жүздей. Баршасын шашау шығармай, көркемдік мақсатқа бағындарған. Әбеңнің көркемдікті қабылдауы да, сөз қасиетін түсінуі де, адам жанының тұңғиық сырларына тереңдеп үңілуі де айрықша. Бұл орайда портрет жасау және психологиялық күйлерін беруі де өзгеше. Мысалы, Ақбаланың 1) сыртқы түр келбеті 2) киім киісі 3) жүріс, тұрыс мәдениеті 4) шашы және т.с.с. сұлулық сипаттары жаңаша жағдаяттар негіздерімен орайласып отырады. Бұ да Әбеңнің шеберлік, көркемдік өнегесі деуіміз абзал.

Ғасыр жыршысының “Соңғы парыз” роман дилогиясы (1999) ұлттық рухани-адамгершілік мұраттарын барынша діттеген әлеуметтік-психологиялық шығарма. Егер де осындай көркемдік, тарихи дәрежесі жоғары, ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтарға кемел, бай трилогия, дилогия туындатқан Әбеңнің тұлпар шабысты екендігі 1950 жылғы жарияланған “Курляндия” романының жетілген нұсқасы “Күткен күнде” қаншалықты үдеп өскені, көркемдік олжаларға кенелгені, жазушылық шеберлігінің талыққаны атақты сыншы, Ұлы Әуезовтың шәкірті Айқын Нұрқатовтың (1930-1965) “Жұлдыз” журналының 1959 жылғы №6 нөмірінде (118-124 беттер) жарық көрген “Шығарма және оны өңдеу” мақаласында Әбеңнің шығармашылық тәжірибесі мен талғампаздығын, “алғыр аңғарымпаздығы” мен психологиялық сипаттауларын, “көркемдік бояу-нақыштарының суреттілігі мен айқындығын”, тактика және әскери өнер жөнінен біліктілігін, дара, жанды образдар мүсіндей білу қабілетін “туған халқының тіл байлығын мол баураған суреткер” екендігін “күрделі синтаксиске, құрмалас сөйлемдерге ұмтылушылығын, бірегей суреткерлік талантын дәйектілікпен дәлелдеп, жіпке тізген меруерттей етіп, ғылыми-теориялық тұрғыдан бажайлап пайымдайды. ХХІ ғасырдың биігінен ой көзімен барласақ, шын мәнісінде романды талдап тексеру қандай болу керек деп ойласақ, Айқын Нұрқатовтың осы материалы нақты айғақ болары хақ.

 

 Серік НЕГИМОВ,
 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби  сыйлығының иегері,
филология ғылымдарынын докторы, профессор

***

«Курляндия» романында Ә.Нұрпейісов өз талантының қуатын, әралуан қырларын бірсыдырғы жақсы байқатты. Бірақ ол шығармашылық мүмкіншіліктерін емін-еркін баурай да, сарқа пайдалана да алған жоқ болатын. Қаламының балаңдығы мен тәжірибесінің кемдігінен, талантының әлі де болса толысып жетілмегендігінен жас автор көптеген көркемдік олқылықтарға бой алдырған еді. Сондықтан да ол арада талай жыл өткеннен кейін сол туындысына қайталап оралды. Бұл – жазушының өз өнеріне зер сала, мұқият қарауының, алдына жауапты да зор талап қоя алатындығының ғана белгісі емес. Сонымен бірге мына бір жәйттерді де қоса аңғарта кету қажет.

Ең алдымен, «Курляндиядан» кейін автор ұзақ жылдар бойына   төл шығарма жазған жоқ. Тек Чеховтан, Горькийден және орыстың басқа да кейбір классиктерінен бірталай аударма жасады. Сөйтсе де, сол жылдар жас жазушы үшін іштей ізденіп өсу, шығармашылық жағынан түлеп жетілу кезеңі болғаны күмәнсыз. Сондай-ақ, ірі жазушымыз Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романын былай қойғанда, Ә.Нұрпейісовтың «Курляндиясы» жазыл­ған шақта қазақ кеңес прозасында Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған кесек те көркем шығарма жоқтың қасы еді. Ал кейінгі жылдарда біздің жазушыларымыз бұл тақырыпқа молынан әрі тереңдеп барды. Т.Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романы, Б.Момышұлының повестері және басқа да бірсыпыра шығармалар туды. Сөйтіп, қазақ кеңес прозасы Ұлы Отан соғысының отты оқиғаларын, сол бір жылдардың қатал да қайсар шындығын бейнелеуде көп ұлтты кеңес әдебиетінің ең іргелі, алғы легіне қосылды. Ә.Нұрпейісов прозамыздың осы салада жиған шығармашылық тәжірибесіне, сөз жоқ, үңілмей де, үйренбей де кете алған жоқ.

Сөйтіп, жазушы бұрынғы «Курляндия» романын өңдеп қайта жазып, «Күткен күн» деген атпен бастырып шығарды. Әрине, өңдеудің де өңдеуі бар. Шығармасының атын немесе кейіпкерлерінің есімдерін өзгертіп, біраз қысқартып, яки там-тұм қосып баспаға қайта ұсына салатын авторлар да болады. Ә.Нұрпейісов мұндай жүрдім-бардым жазушылардың қатарына қосылмайды. «Күткен күн» романы бізді ең алдымен осы ойға ұялатады.

Жазушы, негізінен, бұрынғы романының материалдарын алғанмен, соларды қайта қараған, сұрыптап екшей түскен. Бірсыпыра кейіпкерлер мүлде алынып қалып, тыңнан көптеген кейіпкерлер енгізілген. Ал бұрынғы ірілі-уақты бірсыпыра қаһармандардың іс-әрекеті, характерлері жаңа қырларымен, соны сипаттарымен ашыла, толыға түскен. Сондай-ақ, романға тыңнан енгізілген сюжеттік желілер, тұтас тараулар да соншалықты мол. Мұның өзі «Күткен күн» романын белгілі дәрежеде жаңа шығарма ретінде талдап бағалауды қажет етеді. Асылы, бұрынғы туындысына іштей көңілі толмай, оған саналы түрде қайталап оралуы, оны жетілдіре, ұстарта түсуі – автордың шығармашылық талғампаздығының да, сол сияқты оның суреткерлік шеберлігі өсуінің де белгісі.

«Күткен күн» романының өзекті желісін, сюжеттік арқауын құраған Ұлы Отан соғысының оқиғалары– автордың өзіне де іштей жақын, таныс тақырып. Бұл тақырыпқа бүкіл кеңес әдебиетінде де, оның ішінде қазақ кеңес прозасында да көптеген кесек шығармалар туғанын жоғарыда айттық. Оларда сол бір айбарлы жылдардың батырлық шындығы, қажырлы пафосы бар. Бірақ Ұлы Отан соғысы тақырыбы әдебиетімізде өзінің жан-жақты қырымен, зор эпопеяларға ғана сыйымды шындығымен сарқыла суреттелді, тұтас көрінді деп айту қиын.

Кеңес жазушыларының бүкілодақтық екінші съезінде көркем проза туралы жасаған баяндамасында К.Симонов Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған шығармалардың бәрін бір қалыпқа салып бағаламақ болған, олардың авторларының шығармашылық даралығына жіті үңілмеген сыншыларды кінәлаған болатын. «Кейбір сыншыларға,– дейді К. Симонов, – Б.Горбатовтың «Бас имегендері» бейнебір публицистика түрінде, В.Некрасовтың «Волгоград окоптарындасы» тым қарадүрсін күйде, А.Бектің «Арпалысы» тым ойнақы түрде, О.Гончардың «Ту ұстаушылары» тым көтеріңкі сазда жазылған тәрізді көрінді… Ал шындығында, бұл кітаптар әртүрлі төрт суреткерге хас әралуан стильмен жазылған еді».

Расында да, Ұлы Отан соғысы туралы тақырыптың қамту шеңберінің, аясының кеңдігі тек оның ғажайып оқиғаларға бай екендігіне ғана байланысты емес. Осы бай материал өзінің сипатына, ішкі табиғатына орай әралуан көркемдік бейнелеу де талап етеді. Соғыс туралы әрбір кесек шығарманың өзіндік ерекшелігі оның авторының ең алдымен сол талапқа қаншалықты дәрежеде жауап бере алғандығына, тақырыптың көркемдік шешімін өз тұрғысынан таба білгендігіне байланысты. Үлкен суреткерлердің өзіндік стильдері мен мәнерлерінің, идеялық-көркемдік концепцияларының, шығармашылық тәсілдерінің   әртүрлілігі белгілі дәрежеде шындықтың өзі­нен, оның қайшылықтары мен алуандығынан келіп туады. Оның үстіне, әдебиеттегі әрбір үлкен шығармашылық тұлға–бұл стиль. Көрнекті орыс кеңес жазушыларын былай қойғанда, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Б.Момышұлының шығармалары белгілі бір тақырыпқа арналғанмен, олардың әрқайсысынан авторының шындыққа деген өзіндік қатынасын, стиль алуандығын сезетіндігіміз де осыдан. Ә.Нұрпейісов романы жайында да осыны айтуға әбден болады.

«Күткен күн» романының эпикалық тынысы кең, шындықты қамту шеңбері мол. Шығарма кейіпкерлерінің тағдыры мен талайы, іс-әрекеттері жан-жақты, терең суреттелген. Сонымен бірге онда кейіпкерлердің психологиялық сипаттаулары да соншалықты нәзік әрі шынайы түрде берілген. Жалпы алғанда, психологиялық сипаттауға шеберлік–Ә.Нұрпейісовтың        жазушылық     та­лан­тының ең бір жарқын қыры, оның шығармашылығының нағыз ерекше белгі-бедерлерінің бірі. Бұл тұста ол өзінің де алғыр аңғарымпаздығын, сондай-ақ оқиғаның сырттай қызықтылығын, жалаң ойнақылығын көп қуаламай, өмірлік құбылыстар мен фактлердің ішкі тереңіне үңіліп, уақыт рухын, өмір шындығын әралуан адам тағдыры арқылы, шынайы да кесек бейнелер арқылы суреттеуге қарай барған сайын көбірек ойысып, жемісті шығармашылық арнада дамып келе жатқан ұлттық көркем прозамыздың үлкен шеберлерінен жақсы тағлым алғандығын да анық сездіреді. Ә.Нұрпейісов авторлық баяндауларының өзінде де әрбір құбылыстың немесе оқиғаның сипатын, әсерін кейіпкерлерінің сезім елегінен өткізіп береді. Бірер мысал келтіріп қаралық: «… Жоғары қарағанда Баянның зәресі ұшты. Қап-қара тұңғиық аспаннан тұмсығымен шаншылып, сорғалай ағып шыға-шыға келген оннан астам «юнкерс» аса қорқынышты еді. Әсіресе төмендеп төніп келіп, төңкеріліп, шалқасынан аунай құлағаны бір сұмдық. Сол бетінде бірінің артынан бірі шүйлігіп станцияға төніп қалған (оған дәл өзіне шүйліккендей боп көрінген) әлгі бәледен бір кереметтей бажыл құлақты жара, ышқына шықты. Шүйліккен бомбардировщик те, басқа ештеңе де емес, мына түнерген қап-қара аспанның дәл өзі қарап боп, бойындағы бар жұлдызы, бар бұлтымен бұлардың үстіне құлап келе жатқандай. Баянның төбе құйқасы шымыр етті. Ол басын бұға қап еңкейіп, аласа бұта арасымен жүгіре жөнелді. Жоғары қарауға жүрегі дауалар емес. Осы қазір дүниедегі бар қауіпті өз бойынан тапты; атылған оқ өзіне ұшып, бомба да бір өзіне түсетіндей. Ол бас сауғалап жүріп, немістердің теміржол бойын қалай бомбалағанын көрген жоқ. Қарсылықтың күшейіп баратқанын да тек соңғы жағынан байқап еді. Шұбыра жарысқан қызылды-жасылды жалтырауық оқтар кең әуеден қуыс орын тастамай, шұрқ-шұрқ тесіп жатқандай. Әуеде жарылған снарядтар қараңғы түннің қабағын бір жаптырмай, найзағайдай ойнап жарқ-жұрқ етеді. Мына бір бастан прожекторлар жарығы түсті. Құс жолындай екен. Ұзын, ақшыл сәуле қаратүнек аспанды кеулеп кіріп, арлы-берлі былғаңдап, кең биікті тынымсыз кезіп, шар қылады» (32–33-бб). Өмір мен өлім арпалысқан, ажал аранын ашқан ауыр да қысылшаң бір сәтті автор осылайша береді. Мұнда алапатты майданның жан қорқытып, жүрек тітіретерлік қаупін алғаш рет көріп, бастан кешірген адамның үрейлі сезім дауылдары да, сұрапыл соғыстың сұсты суреттері де бар. Жазушы соларды өзара ұластыра, астастыра шебер суреттей алған. Романның соңғы беттеріндегі Ивановтың жауынгерлерді шабуылға бастардағы және қайтыс болар алдындағы жан толқулары суреттелетін жерлер де осындай сезім шындығымен ерекшеленіп көрінеді. Кейіпкерлерінің әралуан көңіл-күйлерін, қат-қат сырларын ақтарып ашқанда жазушының «адам психикасына» (Луначарский) осылайша тереңдеп үңіліп, әсерлі суреттей алатындығын, анық шеберлігін айқын танытатын мұндай мысалдарды романның кез-келген тарауынан, әрбір эпизодынан да алуға болады. Романның негізгі сюжеттік желісі 1944 жылдың күзінен бастап соғыс біткенге дейінгі уақытта Курляндия майданында болған оқиғалардың аңғарында өрістеп дамиды. Әрине, қандай күрделі, кесек шығарма болса да өз аясына бүкіл майданның жауынгерлік өмірін тұтас сиғыза алмақ емес. Ә.Нұрпейісов та көбіне полк, батальон, дивизия өмірін суреттейді. Сөйтсе де, ол бүкіл майдан өмірінің тынысын, соғыстың сипаты мен психологиясын дұрыс та шынайы сездіре алған. Романның алғашқы вариантында жазушы шығармасының денін Джукстэ ұрысын суреттеуге арнап шұбалаңқылыққа ұрынған болатын. Романның майдан өмірін тікелей бейнелейтін тарауларында бірін-бірі қайталайтын, өзара ұқсас ситуациялар да баршылық еді. «Күткен күн» романында автор оқиға  желісін басқаша құрған. Мұнда кеңес жауынгерлерінің Тукумс, Джукстэ қалаларын, тіпті кейбір жекелеген қыстақтарды азат ету жолындағы ерлік күрестері де, теңіз жағалауындағы ұрыстар да, сондай-ақ олардың шабуылға шыққандағы, кейін шегінгендегі немесе бекініске тұрақтағандағы жай-күйлері де кеңінен суреттелген. Романға маршал Говоровтың, генерал Разумовтың бейнелерін енгізу арқылы және әскери ұрыстар мен қимылдарды сондай үлкен қолбасылардың ойы, дәрежесі тұрғысынан қарап бағалау арқылы автор бүкіл Курляндия майданының жалпы сипатын, тынысын жақсы аңғартады.

Бұл  тұста   да    Ә.Нұрпейісовтың  тактика жөнінен, негізі­нен сауатты екені, оның әскери өнерді, майдан өмірін көп бақылап зерттегені байқалады. Жалпы алғанда, романдағы батальдық көріністер оқиғалар тізбегінің қызықтылығымен де, кейіпкерлердің сол бір қысылшаң шақтағы толқыған көңіл-күйлерінің, психологиялық сәттерінің тереңдеп ашылуымен де оқушыны иландырып,еліктіріп отырады. Романды оқып отырғанда оны қанды майданның қиян-қилы оқиғаларын өз басынан кешірген, сұрапыл соғыстың шындығын өз жанымен сезінген адамның жазғанына еш шүбәланбайсың. Бұл, әрине, автордың өз шығармасына арқау етіп алған өмір шындығын терең зерттегенін, ол жайында көп толғанғанын және соны суреткерлік алғырлықпен айқын елестете алғанын көрсетеді.

Тұтастай алғанда роман сол бір отты кезеңнің шындығына, халқымыздың қайрат-қажырының рухына толы. Маршал Говоровтан бастап латыш шалы Пийге дейін өз елін, жер мекенін емірене сүйіп қана қоймай, оны азат етуге, қорғауға да өз үлесін қосады. Жазушы кеңес адамдарының осындай терең патриотизмін, олардың батырлық қимылдарын көптеген жанды образдар арқылы бейнелейді.

Романда қиян-қилы адам тағдырлары, әралуан характерлер мол. Бұл заңды да. Өйткені біздің кең тынысты, мол сырлы үлкен өмірімізді, әсіресе аясына сан-сан адамдарды тартып, қабылдап өрбитін оқиғаларға, дағдылы өмір ағысында ұшыраса бермейтін тұтқиыл ситуацияларға  толы  майдан  шындығын  бейнелеген де біздің жазу­шы­ларымыз көп планды роман жанрына, тіпті эпопеяға қарай ойыспай кете алмақ емес. Ә.Нұрпейісов романынан да осы қасиет мол сезіледі. Онда сюжеттік желілер, оқиға өрбуі қалың, кейіпкерлер де көп. Автор бір кейіпкерін баса суреттеп, оны оқушының көз алдында көлденеңдете беруден, сондай-ақ екінші бір кейіпкерін одан қасақана көлегейлеп қалудан аулақ. Кейбір жазушыларымыз тәрізді ол өз кейіпкерлеріне деген авторлық қатынасын да тікелей таныта бермейді. Бірақ бұл оның осалдығы емес, қайта өзіне хас шығармашылық ерекшелігі. Жазушы өз кейіпкерлерінің психологиялық сипаттауларын терең де нәзік беруге, олардың характерлерін іс-әрекет, оқиғалар тізбегі  барысында ашып көрсетуге әсіресе оңтайлы. Роман­да жазушының алғы лекте алып бейнелеген кейіпкерлерінің өздері де көп әрі алуан түрлі. Солардың бірі – Есей.

«Курляндия» романында да Есей өзінің кесек қимыл­дарымен біртоға жақсы көрінетін. Бірақ автор оның «жан  диалектикасын»  терең  аша   алмаған еді. Образ­дың өсу, жетілу жолы да дәйектілікпен, көркем түрде суреттелмеген болатын. «Күткен күнде» автор бұл кейіпкерінің бейнесін толықтыра түскен, оның характерін тереңдеп ашқан.

Оқушы романның ең алғашқы беттерінен бастап-ақ Есеймен танысады. Шығарма экспозициясының өзі осы Есейдің оқыс бір қимылына құрылған: Подполковник Бобровтың полкы теңіз жағалауында жүргізген ұтымды ұрыстардан кейін майданның жаңа бір шебіне қарай ауысады. «Сондықтан да бұл арадағы жау сырының көп жайы жұмбақ; көп нәрсе бұлардың көзінен қағас, таса. Тіпті, кейбір неміс батареяларының тұрған жерін дәл анықтай алмай, құр долбармен белгіге алып жүр еді. Осыны ескерген Есей жау түкпірін бір сүзіп қайтқысы кеп, талай рұқсат сұраған; бірақ сақтық ойлаған Скориков оны ірке түсетін-ді» (22-б.). Есей ақыры қасына бір топ барлаушыларды ертіп жау тылына кетеді. Романның оқиғалық желісі дәл осыдан басталады да.

Осы барлау сапарында Есейлер көп қиындықтарға ұшырайды. Бірақ олар ақыры немістердің контрразведка жұмысын басқаратын бір полковнигін тұтқынға түсіріп қайтады. Қауіпті сапарға рұқсатсыз кеткені үшін Есей әскери жаза да тартады. Мұның бәрі де оны ширықтыра, шыңдай түседі.

Жазушы Есейдің қарулас жолдастарымен бірге жау қоршауында қалған шақтағы ғажайып ерлігін және оның неміс фашистерінің қолына тұтқынға түскендегі қайсар шыдамдылығын, қисапсыз рухани қуатын соншалықты кеңінен толғап, нанымды суреттеген. Романда Есейдің жолдастарына деген қалтқысыз достық көңілін, таза да пәк сүйіспендік аңсарларын, шынайы адамгершілік қасиеттерін жақсы аңғартатын эпизодтар аз емес. Автор бұл айтылғандарды кейіпкерінің бойына жасанды түрде, қолдан телімейді, қайта оның табиғи сипаттары ретінде суреттейді. Есейдің Зағипамен, латыш қызы Эрикамен қарым-қатынастары, махаббат драмасы да шынайы, нанымды бейнеленген. Жалпы алғанда, романның соңғы нұсқасында жазушы Есей образын іштей өспейтін, семіп қалған күйде емес, қайта жан-жақты толысу, тереңдей түсу түрінде   көрсете  алған. Есейдің Петр Денисов, Қо­жақ, Самед, Гогоедзе, Ғиззатуллин сияқты жауынгер жолдас­тарының, қарулас достарының бейнелері де романның тынысын кеңітіп, ажарын келтіріп тұр. Жазушы оларды әралуан ұлттың өкілдері ретінде әншейін ала салмаған. Романда олар халықтар достығы идеясының құр сүлдері, рупоры ретінде емес, керісінше өмір шындығынан алынған, өзіндік бітім-тұлғалары, табиғи даралығы бар жанды бейнелер түрінде суреттелген.

Осылардың ішінен жазушының әсіресе мейірлене, беріле суреттейтіні–Петр Денисов. Өзінің ақжарқын, адал мінезімен, кірбеңсіз көңіл-күйлерімен, жан сергітер жайдары қалжыңымен ол шығармаға әрдайым бір жарқындық, мойымаушылық рухын дарытып жүреді. «Күткен күн» романында бұрынғыдан әлдеқайда биіктеп, жарқырап көрінген тұлғалардың бірі–Скориков. Оның қасына үш жауынгер ертіп, жау тылына өтуі, рация арқылы біздің артиллерияны жаудың ең маңызды соғыс объектілеріне туралауы, ақыры фашистердің қоршауында қалғанда тірідей қолға түсуден ерлікпен қаза табуды артық санап, артиллеристерімізден өздеріне оқ атуды өтінуі –нағыз батырлық қимыл, Отанын, халқын емірене сүйген еңіреген ердің ғана қолынан келетін кесек әрекет.

Жазушы Скориковтың отбасылық өмірін, оның әкелік мейірімін де соншалықты шыншылдықпен, тебірене суреттейді. Алыс тылда қалған әйелін, екі баласын әруақыт сағынышпен еске алып ойлаған сайын Скориков өзінің де жан иірімдерін, жүрек түкпірін солғұрлым ақтара ашып, тереңдеп таныта түседі. Сұрапыл соғыстың от-жалынын кешіп, қауіп-қатердің өтінде жүріп ол бейбіт күнде, дер шағында өзі қадірін білмеген, бағалай алмаған ұяң мінезді абзал жарын әсіресе тебірене еске алады, сол бір ағат қылықтарына өкіне ұялады. Әйелінің ауыр науқасқа шалдығып қайтыс болған хабарын естігеннен кейін оның бұл өкініш-наласы бұрынғыдан да бетер ауырлап, күшейіп кетеді. Романдағы Скориковтың осы рухани драмасы суреттелетін беттер өздерінің психологиялық мезеттерінің ғажайып тереңдігі, татаусыз шыншылдығы жағынан, көркемдік бояу-нақыштарының суреттілігі мен айқындығы жағынан жас жазушының емес, тіпті майталман шебердің, шын мәнісіндегі алғыр да сезімтал, кемел суреткердің қалам сілтесіне орайлас келіп қалады.

Скориковпен бірге көбірек көрінетін офицерлердің бірі – Тайнов. Бірақ Тайнов – жеріне жеткен, толысып шыққан образ емес. Онда даралық сипат, өзіндік ерекшелік жоқ. Ол көбінесе Скориковтың тасасында, басқа кейіпкерлердің көлеңкесінде қалыңқырап қойған. «Күткен күн» романының ұтымды бір жағы – оның авторы кеңес офицерлері мен қатардағы жауынгерлердің рухани тұтастығын, берік ұжымдастығын шынайы суреттей алған. Бұл ретте ол біздің әскери романдарымыздағы елеулі бір олқылықтың есесін едәуір өтеген тәрізді. Генерал Разумовтың, полковник Сидлердің бейнелері осы пікірді растай түседі.

Генерал Разумов соғыс стратегиясына, әскери өнерге жетік көреген қолбасы ретінде бейнеленген. Ол белдескен жауының   ішке    бүккен   сырын, оның күшті әрі осал жақта­рын алыстан аңдап, алдын-ала сезіп отырады. Романда генерал Разумовтың адамгершілік қасиетін сипаттайтын эпизодтар да аз емес. Ол, әрине, жауынгерлерге орын­сыз елжіреп, арқаға қаға беруден аулақ. Бірақ ол жауынгерлерімен әрдайым тіл тауып сөйлесе біледі, олардың тағдыры жайында әкелік қамқорлықпен тебірене ойлайды. Өзгесін былай қойғанда, Разумовтың небір қиындықтарды бастан кешіріп, жау қоршауын бұзып оралған әрі әйелінің қайтыс болған хабарын естіп қатты рухани күйзеліске ұшыраған Скориковты қабылдағаны суреттелген эпизодта қаншалықты жылылық, абзал мейірбандық бар. Романның соңында генерал Разумовтың неміс генералы Бегемен келіссөз жүргізгені баяндалады. Разумов өзінің сөзінен де, кескін-кейпінен де, көзқарасынан да жеңген адамға тән астамшылық сездірмейді. Разумов характерінің күшті бір қырын, мінез ірілігін автор осы тұста әсіресе әсерлі суреттей алған.

«Генерал Беге оған сыртын беріп тұрған. Осы тұста ол шұғыл айналып, жалт қарады. Оның қансыз құп-қу кескінінде үрей бар екен. Құты ұшқан үрей оның Разумовқа қараған кезінен айрықша айқын көрінеді.

– Осы жайды ескертем. Ойлан, генерал! Соңыра не болады,– деді Разумов. Беге мундирінің түймесін ағытты. Дірілдеген қолымен маңдайының терін сүртті. Оның көзінде жас тұрған.

– Я, біз жеңілдік, – деді де, алақанымен бетін басып, еңіреп жылап жіберді.

Ашық терезеден Разумовтың бетіне самал соқты. Сол самал ақ перденің етегін ақырын қозғап, бұлаңдатып толқытып қояды» (369-б.).

Романның жеңіс рухына толы бұл соңғы тарауының осылайша генерал Разумов бейнесі арқылы, оның тыныштық тынысымен дамылдап, сая тапқан көңіл-күйлерін суреттеу арқылы аяқталуы тегін емес. Осы сәтті табылған аяқталым Разумов образын бұрынғыдан да биіктете, ірілендіре түскен.

Жалпы алғанда, шығармаға ірі-ірі қолбасылардың бірнешеуінің кесек образдарын енгізу арқылы, олардың әскери өнерін кеңінен суреттеу арқылы жазушы майдан шындығын, оның стратегиялық ерекшеліктерін кең тұрғыдан бейнелей алған. Романның  ең  құнды қасиет­те­рі­нің бірі де осында.

Ә.Нұрпейісов шындықты бір жағынан ғана көретін суреткер емес. Ол өмір ағысын бар күрделі күйінде тұтас қамтып бейнелеуге ұмтылады. «Күткен күн» романындағы подполковник Бобровтың, майор Долгушовтың образдары бұған анық мысал бола алады.

Жазушы бұл екі кейіпкерін де ұнамсыз планда алған. Сонымен бірге өзара мүлдем ұқсамайды. Бобров – уақыт талабынан қалып қойған, қазіргі заманғы әскери өнердің өрісінен тым аласа жатқан кейіпкер. Рас, ол Азамат соғысы кезеңінде жақсы командир болған. Бірақ Бобров сол жылдардың дәрежесінде қалып қойған. Сондықтан да ол басқаларға басшылық етудің орнына енді ортақ іске оралғы бола бастаған. Жазушы оның әскери командир ретінде де, адам ретінде де өмірден ысырылып, ұсақтап кеткенін көркемдік жағынан нанымды суреттей алған.

Ал Долгушов образы бұған қарама-қарсы. Ол Бобровтай бойкүйез, салбөксе емес. Сымбатты тұлғасымен, сұлу көркімен, оған қоса құбылмалы қыры көп мінезімен Долгушов сынаптай сырғып, бойына оңайлықпен дарытпайды. Әйел затын көрсе, қызыл көрген құзғындай құтырынып, қозданып, есіріп кететін, өз тұрғыластары мен лауазымы кішілерді келекеге айналдырып, паңсып жүретін Долгушов үлкендердің алдында бәйек болып, құрдай жорғалайды.

Жазушы кейіпкерінің бұл характерін реалистік штрихтар арқылы әрдайым шебер ашып тастап отырады: «Сидлерді көргенде Долгушов Бобровтан да қаттырақ сасып қалды. Айрықша, ол Сидлер кіргендегі өзінің отырған түрінен қысылды: полк командирінің алдында аяғының үстіне салып, шалқайып жоғары қарап отырғанның өз басына лайықсыз екенін комбриг үстіне кіргенде ғана білді. Әшейінде шаң жұқтырмайтын қара хром етігінің тым жылтырлығы да оған осы арада ерсі көрінді. Өз ішінен: «көп киілген лас етігім, көнетоздау шинелім болар ма еді» деп ойлады. Оған өзінің бағана, бері шығарда ғана қырынған бұғақты, толық беті де ұнамай, қай тесікке тығыларын білмей тұр еді. Сидлердің отыра беріп, көз қырын суықтау тастаған түрінен шошып қалды. Оның мына қарасынан: «Ох, ты нахал!»–деп жақтырмай қалғандай түрін танып, майор Долгушовтың үрейі ұшып кетті. «Мені, сөз жоқ, жаяу әскерге жібереді» – деп ойлады» (127-128-бб.).

Міне, осы үзіндінің өзінде-ақ  Долгушов бүкіл іш-тысы­мен тұтас танылады. Ұнамсыз кейіпкерлерді бейнелеуде де жазушы реалистік мәнерден танбайды. Кейіпкерлерінің іс-әрекетін олардың   характерлерінің шындығынан туында­тып өрбіту, образ табиғатын тереңдеп ашу сияқты көркемдік принципіне ол бұл тұста да бекем күйінде қалады.

Романда жау жақтың адамдарын бейнелеуге де біраз орын берілген. Жазушы көбінесе фашист генералдарының басшы офицерлердің өмірін, іс-әрекеттерін суреттейді. Бұл оның дұрыс та өнімді тәсіл ұстанғанын аңғартады. Өйткені жау армиясының жинақты сипатын, оның стратегиялық және тактикалық тәсілдерін тек осылай ету арқылы ғана шынайы суреттеуге болады. Немістің гитлершіл генералдарын кейбір романдардағыдай топас күш ретінде, сайқымазақ түрінде суреттеуден Ә.Нұрпейісов аулақ.

Жазушы неміс генералдарын ең алдымен өзіндік характерлері, дара-дара бітім–тұлғалары бар жанды бейнелер ретінде көрсетеді. Сонымен бірге автор гитлершіл генералдар мен қолбасылардың қаныпезерлігін, қаталдығын, өздерінің әскери жарғыларында жазылған жалаң ұрыс әдістері мен жаттанды тактикалық тәсілдеріне ғана сүйенген жадағайлығын да шынайы суреттей алған. Олар пруссактардың қорқытып үркітуге, таяқ күшіне сүйенген қазадан бетер қаталдығын одан да гөрі асқындырып, ушықтырып жіберді. Бірақ бұл да оларды сақтап қала алған жоқ.

«Менің бұйрығымды орындадың ба? – деді Шеркер. Бұл айтып тұрған бұйрығы бүгін азанда бар әскеріне: «Тырнақтарыңмен жер бүр… Ақырғы демдерің біткенше қарсылас!» деген бұйрық еді. Онымен қашаннан сырмінез Беге бұл сылтау екенін, сотқар Шернердің соқтығар алдындағы жөнсіз сүйкенуі екенін білді. Бұнан ары оның ашу отын қоздырмай, ыңғайын алып, ығына жығыла беруің керек. Әйтпесе, бойындағы у-зәрін тісіне жиып ап, ысқырып келген жыланның өзіңе ақырғы, ең соңғы атылуы ғана қалғандай. Солай сезген генерал Беге бұнымен кездескен жердегі өзінің маймақтығына бақты» (83-б.). Өзара арбасқан, жанталаса арпалысқан фашист генералдарының сиқы осы. Тағы да бір сурет: «Бірақ фон Рубинштейннің де, генерал Бегенің де, тіпті әр сөзінен ызғар сезілген Шернердің де әмірі штаб босағасынан шыққанша кәрлі болса да, әрірек барып көк-ала түтінге, тарсыл-күрсілдің ішіне кірген соң зәрі сынды. Атыс ішінде ажалды әр минут сайын он рет тосып жүрген адамға алыста отырып «атамын бәріңді де!…» деп телефоннан айқайлаған генерал, шынында да, ақыл-есі ауысқан жынды секілді. Сөйтіп, қысым көрген мотобригада шегіне берді» (87-б.). Гитлер армиясының күйрей жеңілуінің негізгі бір сыры фашист генералдары мен солдаттарының рухани мүдделерінің өзара алшақтығында, қарама-қарсылығында екенін автор осындай эпизодтар арқылы шебер аңғартады.

Шығарманы оқып шыққанда сан-сан адамдардың тағдырымен, әралуан талайымен танысасың. Әрине, олардың кейбірінің әдеби прототиптері болғанымен, көпшілігі – жазушы қиялынан туған жанды да жинақты кейіпкерлер.

Ал шығармада суреттелген майдан өмірі тұтастай алғанда тарихи шындықпен қабысып, астасып жатыр. Онда Курляндия майданының жалпы сипаты, біздің Армияның стратегиялық тәсілдері, кеңес жауынгерлері өткен сұрапыл соғыс жолының қиян-қилы өткелдері шынайы суреттелген. Оқушы солардың бәрін ой көзімен көріп те, сезініп те отырады. Осы тұрғыдан алғанда «Күткен күн» романын белгілі дәрежеде тарихи роман деп атауға да болады.

Ең алдымен, «Күткен күн» романы күні кеше ғана бүкіл дүниені дүр сілкіндіріп, енді тарихқа айналып бара жатқан уақытты қамтиды. Онда Ұлы Отан соғысының жеңіс рухына толы сол бір қаһарлы кезеңіндегі тарихи оқиғалардың іздері айқын сақталған.

Жазушы психологиялық сипаттауға әсіресе ше­бер екендігін атап өткен едік. Романдағы көптеген кейіп­керлердің жан-дүниесінің тереңдеп ашылып, ақтарыла суреттелуі ең алдымен оның осы шеберлігіне байланысты. Бір мысал келтіріп қаралық. Әйелі қайтыс болғаннан кейін демалыс алып үйіне келген Скориковтың көңіл-күйлерін жазушы былай толғайды: «Былтыр келгенде әйелі мен екі баласы бұны бұл арадан да емес, Москваның өзінен, аэродромнан күтіп алған. Маңдайынан сүйгелі еңкейген Скориковты нәзік денелі, кішкентай әйелдің өзі құшақтай алып, ыстық шекесін күйеуінің бетіне басқан. Сол арада, күйеуінің қасы-қабағына көбірек қарап, қаймығып үйренген әйелдерге тән жасқаншақтықпен Наташа бұған сағынышты   сөздерін  сыбырлап жатқанда, екі баласы етегіне оралмап па еді? Сол сәтте бұл дүниеде менен бақытты адам бар деп пе еді? Қайда сол бақыты? Қайда сол нәзік денелі, әп-әлжуаз әйел?.. Қайда?.. Скориковтың қимылсыз көзінен ыстық жас мөлт-мөлт тамып кетті. Ол қайда барарын, кімге барарын әлі анық білген жоқ. Беті ауған жағына жүріп келеді. Біраз жүргесін ғана осы мен қайда келе жатырмын деп ойлап, жан-жағына көз салып қараса… өз үйіне кеп тоқтаған екен. Көршісінен кілт алып, үйіне ауыр тартқан сезіммен кірді. Кішілеу екі бөлменің дүние-мүліктері дәл бір әйелі бардағыдай, әдемілеп, рет-ретіне келтіріп жиналғанын көрді. Үй ішіндегі азғана мүліктің бәріне ұсынақты, іскер әйелдің қолы тигені көрініп тұр. Бұрын үйінің бір бұрышын қопарып әкетсе де көңіл бөлмейтін Скориков  қазір әйелінің үй шаруасына қаншалық ұқыпты болғанын бір қарағаннан байқап өтті. Тозығы жеткен штордың сетінеп, көз-көз ойылған жерлерін өзі түстес ақ жіппен әдемілеп, мін түсірмей жамағанына шейін көріп, әйеліне деген аянышы ұлғая түсті. Көңіл призмасы өткен өмірінің кірбеңін онан сайын ұлғайтып, ауыр өкінішке салады. Ал талай рет төзбес мінез көрсеткенде де төзім тапқан, бұны бастапқы ыстық жалынымен бірқалыпты сүйіп өткен әйелі асыл текті, артық адам боп, тек адалдық, айнымастық жағынан танылып еді. «Қандай асыл жанды… асылды қорлағанмын, ә?» деп ойлап, ауыр тартқан сезіммен әйелінің үлкейткен суретіне жақындап келді. Наташаның өңінен тірісінде, тіпті ең бір көңілді кездерінде де байқалатын реніш пен ұяң наразылық айықпайтын. Сол ұяң наразылық Наташаның мына суретінде де бар екен. Ондай  ажар  оның  әжім  ұялаған  көзінде де бар. Сәл түйілген жіңішке қасының екі аралығына түскен қос сызықшада да көңіл кірбеңіндей болмашы қынжылу бар. Күйеуінің от басындағы салқын шырайы Наташаның мына суреттегі бет ажарына көлеңкесін түсіріп, күңгірттеп кеткендей. Осындай сезіммен өз күнәсі ауырлап, жанын өкініш пен аяныш қысқан Скориков әйелінің суретіне бетін басты да, еңкілдеп жылап жіберді…» (216–217-бб.).

Біз осы үзіндіні әдейі тұтас келтірдік. Скориковтың ішкі монологы   ретінде   берілген    бұл    сурет-көріністе қан­ша­лықты терең психологиялық шындық бар. Автор романда Наташаны тікелей суреттемейді. Бірақ Скориковтың еске алулары, ой-толғаныстары, сағыныш сезімдері арқылы біз Наташаның да бүкіл тұлғасын, мінез-құлқын қоса танып отырмыз. Сондай сәттерде Скориковтың өзінің де рухани келбеті анағұрлым мол да терең ашылып отырады. Сөйтіп, жазушы психологиялық сипаттауды образ жасаудағы ең оңтайлы, орайлы тәсілдердің бірі ретінде қолданады. Дәрігер әйел Зинаида Яковлевнаның образы жайында да осыны айтуға әбден болады. Автор бұл кейіпкерінің де жүрек  жарды сырларын, жан иірімдерін соншалықты нәзік сезімталдықпен үзілдіріп, жеріне жеткізе суреттей алған.

Ә.Нұрпейісовтың образ жасаудағы тәсіл-амалдары бұл айтылғандармен шектеліп, таусылып қалмайды. Ол кейіпкерлерінің іс-әрекеттерін де, репликаларын да орнымен, оралымды пайдалана біледі. Мәселен, бөксесін снаряд жұлып әкеткенде де, телефон сымын тісімен тістеп жалғастырған күйінде қатып қалған Хмара бейнесін енді қайтып ұмытпайсыз.

Сол сияқты, Есейдің Аралға демалысқа келуі суретте­ле­тін тарауда ара-кідік қана көрінетін қара кемпір бейнесі жайында да осыны айтуға болады. Оның әрбір сөзінен көп мән аңғарылып отырады. Бір ғана мысал келтіріп қаралық:

«  Әже, сіз де балық аулайсыз ба?

 Е, ауламай ше… Сенің әкең құрлы балық аулай алмас деп пе едің?  Есей тік мінезді шамшыл кемпірді ашуландырып алдым ба деп қысылып қалды.

– Шалым  болса, ана  Насырдың  қатыны  құсап жаулық­ты шекелетіп тартып, жылы пештің түбінде шалжайып отырып алуды мен де білем. Жан тыныштықты білмейтін қара кемпір ақымақ емес,– деп ол әңгімені үдете түсті.–Амал қанша, шал жоқ… жаман шалды менсінбей жүріп, жалмап ерте жұтып алдық. Жалғыз бала әскерде… Келін жас. Жалғыз баланың қойнында жатқасын амалың жоқ. Әйтпесе, сараң қатыннан сұрап алған бұзаушық тәрізді сорлының өзі де тұмшадай ғана бірдеңе» (288–289-бб). Міне, бұл сөздерден қара кемпірдің адуын, омырау мінезін, тура тілділігін және соған қоса ақкөңіл ашықтығын, татаусыз пейілін аңғармай, аңдамай қалмайсыз. Жазушы көп реттерде кейіпкерлерінің характерін осы тәсілмен, яғни олардың өздерінің сөздері, репликалары арқылы ұтымды байқатып тастайды.

Портреттік сипаттауға шеберлігін Ә.Нұрпейісов «Курляндия» романында да жақсы аңғартқан еді. «Күткен күнде» өз талантының осы қырын ол ұштай, жетілдіре түскен. Бұл ретте де ол дәстүрлі суреттеу тәсілдеріне бой ұрмай, өз тарапынан көп ізденген, сөз азабын көп кешкен. Жазушы кейіпкерлерінің кескін-келбетін, мүсін-тұлғасын бірден үйіп-төгіп бере салмай, сыздықтатып, шым-шымдап жеткізеді. Оның қолдануында портрет кейіпкердің жан дүниесінің, ішкі сарайының хал-халеттерімен, іс-әрекеттерімен, мінез-құлқымен астасып жатады. Бұл ретте үлкен суреткер А.Н.Толстойдың мынадай бір пікірі тілге оралады: «… Кейіпкердің портретін тұтас он бет бойына жазуға, оның кейпін, бойын беруге, оның өзі қандай екенін айтып шығуға, содан кейін барып қана бұл герой әрекет ете бастасын деуге болмайды. Бұл – теріс әдіс. Бұл қызғылықсыз әрі сахналық сипаттан жұрдай, өйткені бір орында  қозғалыссыз тұр. Бұл–статика. Кейіпкердің портреті қозғалыстан, күрестен, қақтығыстардан, мінез-құлықтан көрінуге тиіс. Портрет жекелеген жолдардан, жол-жолдың арасынан, сөз-сөздің арасынан туады. Бірте-бірте туады және оқушы ешқандай сипаттаусыз-ақ оны көз алдына елестете алады. Өйткені егер кейіпкердің портретін сіз бірінші бетте оқысаңыз, онда ендігі сіз ұмытып қаласыз және оның қараторы немесе жирен екенін әр уақыт қайта-қайта еске түсіріп отыруға мәжбүр боласыз».

Сонымен бірге жазушының жекелеген кейбір кейіпкерлеріне портреттік сипаттау бергенде өзін-өзі қайталайтын мезеттері де бар. Бұл әсіресе Бобров пен Долгушов бейнелерінен көп байқалады.

«Күткен күн» романының көркемдік қуатының ең негізгі тамыры оның тілінде. Ә.Нұрпейісов жас прозаиктарымыздың ішіндегі тілге мейлінше бай авторлардың бірі деуге әбден болады. Жоғарыда келтірілген мысалдардан да мұны аңғару қиын емес. Небір күрделі құбылыстарды, кейіпкерлерінің алуан түрлі сыр-сезімдерін, жан иірімдерін суреттегенде жазушы тіл тапшылығына ұрынбай, қаламын кең көсіліп, емін-еркін сілтейді. Ол авторлық баяндауларда да, психологиялық немесе портреттік сипаттауларда да, диалогтар мен ішкі монологтарда да өз ойын, негізгі идеясын анық та ашық әрі жеткізе білдіруге қажетті, жарамды тіл табуға, сөзді орнымен, оралымды қолдануға оңтайлы.

Романды оқығанда оны нағыз қазақ жазушысы, туған халқының   тіл байлығын мол баураған суреткер жазғандығын  сезіп те, сүйсініп те отырасың. «Күткен күнде» ара-тұра  архаизмдер  ұшырасатын сияқты. Бірақ тек халық тілін, оның байлығын білмейтін адам ғана солай болуы мүмкін. Әйтпесе, көп реттерде Ә.Нұрпейісовтың әдеби немесе сөйлеу тілімізде бекер ұмытылып бара жатқан сан-сан сөздерді аршып алып, тың тыныс беріп, жаңғырықтыра қолданғанын аңдау қиын емес. Ал диалектизмдер романда бірсыдырғы мол ұшырасады. Суреттеліп отырған өлкенің өзіндік ерекшеліктерін, колоритын жеткізіп беру үшін диалектизмдерді қолдануға әбден болады. Мұндай мезеттерде олар әдеби тілді, оның сөздік қорын молықтыра, ажарландыра түспек. Бірақ Ә.Нұрпейісов ара-тұра осы шектен шығып кетеді. Жекелеген кейіпкерлердің сөздерін, репликаларын былай қойғанда, романдағы авторлық баяндауларда да диалектизмдер баршылық. Бұл, әрине, шығарманың тіл тазалығына, автордың стиль сындарлылығына нұқсан келтірмей қоймаған. Мақала көлемімен шектелгендіктен біз оларға кеңінен тоқталып жатпаймыз. Бірақ романды қадағалап оқыған адамның көзі бұған анық жетсе керек.

Қазақ прозасының М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сияқты ірі шеберлерінен жемісті де мол үйренетіндігін Ә.Нұрпейісов «Курляндия» романында да терең байқатқан болатын. Ал мынау роман авторының орыс жазушыларының суреткерлік тәжірибесінен де көп тағлым алғанын қоса аңдатады. Онда күрделі синтаксиске, құрмалас сөйлемдерге ұмтылушылық мол сезіледі. Романда бұл көркемдік жағынан ақталған да. Сан-салалы құбылыстарды, кейіпкерлердің буырқанған көңіл-күйлерін, сезім дауылдарын, алуан-асыр хал-халеттерін үзік-үзік етпей, күрделі күйінде, бар тереңімен бейнелеу үшін осылай етпеске болмайды.

Қорытындыда тек мынадай бір жәйді арнайы айта кетер едік. Ә.Нұрпейісов тілінің байлығы мен бейнелілігін, орамдылығын жоғарыда атап өттік. Бірақ сонымен бірге автордың сол бай тілін рет-ретімен мысқалдап пайдаланбай, батпандап қолданатын, шұбалаңқылыққа ұрынатын, белгілі бір құбылысты тым қазбалап, орынсыз артық тәптіштеп суреттейтін мезеттері де бар. Мұндай тұстарда оның реализмі әлсіз тартып, босаңсып, күңгірттеніп кетеді. Тілді төгіп-шашпай, тап басып, оралымды да жинақы пайдалану–  нағыз ұшталған шеберлік үшін мейлінше қажет көркемдік үнемділіктің ең бір негізгі белгісі екенін жазушы болашақта естен шығармауға тиіс.

Романның оқиғалық өрбуінде де автордың көркемдік шындықтан тая соққан, жаза басқан жәйттері бар. Романның бас жағында Есей бастаған барлаушылардың контрразведка жұмысын басқаратын бір неміс полковнигін қолға түсіргені жайында айтылады. Я, тек айтылады. Ал жазушы мұның орнына олардың осы ерлік қимылын нанымды да көркем бейнелеуге тиіс еді. Оның үстіне мұның, яғни бұл эпизодтың шығармада бұдан әрі өрбитін оқиғаларға ешбір қатысы, әсері де жоқ. Тек оқиғаны сырттай  қызғылықты ету үшін және Есейдің оқыс қимылын ақтау үшін ғана автор осылай еткен тәрізді сезіледі. Сол сияқты, Скориков пен оның қасына ерген үш жауынгердің адам айтқысыз алапаттан, астан-кестен ұрыстан, жау қоршауынан дін аман шығуы да нанымсыз суреттелген. Бұл ретте де автор көркемдік мотивировканы жеткілікті етіп бере алмаған. Жазушының болашақта мол ойланып, көп толғанатын мәселелерінің бірі – композиция жайы. Оның суреткерлік шеберлігінің әлі ұшталып жетпеген, олқы да тапшы соғып жатқан жағы ең алдымен осында дер едік. «Күткен күн» романында композициялық тұтастық, бірегейлік бастан-аяқ сақтала бермеген. Көп реттерде шығарманың жекелеген эпизодтары, әралуан оқиғалар, ситуациялар өзара жымдаса бірікпей, үндесе үйлеспей, олпы-солпы күйде қалыптанған. Сондықтан да олар шығарманың негізгі сюжеттік арқауына ажырамастай болып сіңісіп тұрған жоқ. Тіпті, мұны романның кейбір сюжеттік желілері, тұтас тараулары жайында айтуға да болар еді.

Мәселен, Иванов, оның әйелі Зинаида Яковлевна және Долгушовтардың арасындағы махаббат драмасын алып қаралық. Осы желі романның бүкіл өн бойына дерлік қосарлана жүріп отырады және осы тұста жазушының адам жанына үңілгіш те көргіш, сезінгіш алғырлығы, шеберлігі де тамаша танылады. Бірақ осының бәрін автор не мақсатпен алған және шығарманың негізгі идеялық бағытын, әлеуметтік тынысын анықтап белгілеуге мұның қаншалықты қатысы, қажеттілігі бар? Романнан бұл сұраққа жауап табу қиын. Сондай-ақ, романның төртінші бөліміндегі Есейдің Аралға қайтып келгені және кейін оралар сапарында ауырып қалып, Рига қаласындағы госпитальда жатқаны суреттелетін тарауларда да қосалқы жәйттер баршылық. Қайткен күнде де олар шығарманың композициялық тұтастығына селкеулік келтіріп-ақ тұр. Шынтуайттап келгенде, шығарманың сюжеттік желілері де, композициясы да жазушының өмір шындығын өзінше көріп тануына,  характерлерді кесек те айқын етіп ашуына қызмет етуге тиіс.

«Курляндия» романында партия жетекшісі Ивановтың образы әлсіз, көмескі жасалғандығын кезінде сыншылар атап көрсеткен болатын. Соңғы романда бұл кейіпкерлердің өз басы характерінің кейбір қырлары толыға, ашыла түскен. Бірақ оның саяси жетекші, партия басшысы ретіндегі тұлғасы әлі де болса өз дәрежесіне көтерілмей, аласа соғып жатыр. Осы ренішті кемшілікке әскери тақырыпқа жазатын басқа көптеген авторлар да бой алдырып жүр.

Романның алғашқы нұсқасындағы оқшау бейнелердің бірі – Сайкин еді. Жауға сатылып кеткен, отансыз бұл сұмырайдың опасыздығын, жексұрындығын жазушы ұтымды суреттермен жеріне жеткізе әшкерелейтін. Ал «Күткен күнде» осы образ мүлдем түсіп қалған. Әрине, жазушы бұдан тек ұтқызған. Шығармасына қайта оралып өңдегенде ол бұл желіні бұрынғыдан да гөрі тереңдете, өткірлей түсуге тиіс еді. Өкінішке қарай, автордың бұл өзгерісі романның реалистік қуатына, шынайылығына салқынын тигізбей қоймаған. Көркем шығармада табиғат суреттерінің ерекше орын алатыны аян. Пейзаж арқылы жазушы шығарманың оқиғалары өрістеп өрбіген ортаны, жағдайды реалистік қалыпта суреттейді, кейіпкерлердің көңіл-күйлерін психологиялық жағынан нанымды етіп ашады. Біздіңше, Ә.Нұрпейісов   шығарма композициясының ұтымды компоненттерінің бірінен саналатын осы көркем пейзаждың авторға беретін бейнелеушілік мол мүмкіншіліктерін емін-еркін пайдаланбаған. Тек Есейдің демалыс алып, сағынған аулына қайтып келе жатқаны суреттелетін тарауда ғана Арал төңірегі табиғатының жанды көріністері бар және олар кейіпкердің сол сәттегі сыр-сезімдеріне ұласа үйлесіп те тұр. Бірақ   шығарма  оқиғалары дамып өрбитін негізгі ая–Курляндия аймағының табиғат көріністері өзіндік бояу-нақыштармен жарқырап ашылмаған. Ал романда берілген күзгі күн көріністері, теңіз жағалауының кейбір суреттері оқушы зердесінде сақталып қалмайды, оған терең әсер етпейді. Ә. Нұрпейісовтың жазушылық стилін тұтас алғанда одан бір кемшілік айқын байқалады. Ол –сылбырлық, босаңдық, ширап жетпеушілік. Романдағы авторлық баяндаулар соғыс қимылдарының, әскери өмір ағысының жіті де жүрдек барысына ара-кідік ілесе алмай баяулап, бөгеліп қалады. Шығарманың жоғарыда аталған бір көркемдік кемшілігі, яғни композициялық шұбалаңқылығы да көп реттерде осыған байланысты болса керек. «Күткен күн» романына берілген азды-көпті талдауды Ғ.Мүсіреповтің Қазақстан жазушыларының төртінші съезінде айтқан мына бір сөздерімен аяқтауға болар еді: «Бұл ретте менің Әбдіжәміл Нұрпейісовтың мазмұны терең, өрісі кең «Күткен күн» атты романын атағым келеді. Өңделіп, түзеліп, қайта басылғаннан кейін бұл шығарма қазақ әдебиетінің құнды қазынасының қатарына қосылды. Жас жазушының бұл романы Кеңес Одағындағы халықтар тілінде де, шетел тілдерінде де өтімді болатынына күмән болмасқа керек». Ә.Нұрпейісов қаламалды шығармасына арада талай уақыт өткеннен кейін қайталап оралып, оны кемеліне келтіре өңдеп, кесек те көркем туынды жасады, өзінің суреткерлік талантын, шеберлігін танытты. Ал болашақта ол осындай талантпен және шеберлікпен шын мәнісіндегі ірі, кең тынысты, толысып туған шығармаларды бірден-ақ әрі бірегей етіп жасауға ұмтылуға тиіс.

 

Айқын НҰРҚАТОВ,
“Жұлдыз” журналы, 1959 жыл

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды