-->

ӘЙЕЛДЕР АРАСЫНДА ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒЫМ КЕЛЕДІ

дин21«Оқырманнан – он сұрақ» айдарының бүгінгі қонағы шахматтан жасөспірімдер арасында үш дүркін әлем чемпионы, Азия мен әлемнің үш дүркін вице чемпионы, түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Динара СӘДУАҚАСОВА.

     

– Динара, шахматтағы тамаша жеңістеріңізбен құттықтаймын! Сізге көп рахмет! Осы күнге дейінгі жетістіктеріңізді тағы бір айтып берсеңіз.

Самал, медбике

–2014 жыл мен үшін табысты жыл болды. Үш дүркін әлем чемпионы атандым.Норвегияда өткен  Әлемдік шахмат олимпиадасында  11 ұпайдың 8,5-ін жинап, үздік нәтиже көрсеттім. Халықаралық турнирлерде жеткен жеңістерім, Олимпиадада көрсеткен нәтижем, Әлем чемпионатында алған  алтын медалімнің арқасында ЭЛО пунктінің 2400 кезеңінен өткен Орталық Азиядағы тұңғыш шахматшы  қыз атандым.

– Бұған дейін гимнастикамен шұғылданыпсыз…

Лаура

– Иә, 8 жасқа дейін гимнастикамен шұғылданып, қала біріншілігінде және «Синегорье-2003» халықаралық турнирінде жеңімпаз болдым. Бірақ, шахматтағы бапкерім Ольга Черепанова маған «шахмат пен гимнастиканың біреуін таңдағаның дұрыс» дегеннен кейін, гимнастиканы біржолата қойдым. Айтпақшы, мен Петр Чайковский атындағы №2 музыка мектебінің Фортепьяно сыныбын да үздік бітіріп шықтым.

– Кез келген спортшы бала күнінен өз саласындағы әлемге танымал тұлғаларға еліктеп, үлгі тұтып өседі. Сіз қай шахматшыға қарап бой түзедіңіз?

Рая, мұғалім

– Үлгі тұтар шахматшыларым көп.  Кішкентай кезімнен мықты шахматшылардың кітаптарын оқып,  ойын мәнеріне қызығып өстім. Олардың партияларын бақылап, стилін үйрендім.

– Сіздің шахматтағы ең ұзақ ойнаған уақытыңыз қанша минутқа созылды?

Диана

– Ұзаққа созылған партиялар өте көп болды.  Бір ойынның өзі 6-7 сағатқа созылатын кездер болады.  Осындай маңызды ойындарда жеңіп шығып, чемпион титулын алғанда қуанышымда шек болмайды.

– Шахматшыларға ғаламтордың пайдасы қаншалықты тиюде? Шетелдегі қарсыластарыңызбен интернет арқылы шахмат ойнап тұрасыз ба?

Тимур

– Қазіргі техниканың қарыштап дамыған заманында ғаламторды қажет етпейтін сала жоқ шығар.  Ол жерде кез келген шахматшының белгілі бір жарыстағы өзіне қажет ойынын тауып алып, соны талқылауға, саралауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, барлық халықаралық ресми жарыстарда ойналған ойындар салынады. Ол жерден көп нәрсені үйренуге болады.

– «Первые шаги в шахматах» атты кітап шығарғаныңызды білеміз. Кітап не туралы?

Үрбибі

– Кітап 2014 жылдың жаз айында жарыққа шықты.  Өзімнің жеке партияларыма негізделіп жазылған. Себебі, Қазақстанда гроссмейстерлердің жеке тәжірибесі туралы кітап жоқ. Бұл кітабымды Қазақстандағы шахматтың дамуына қосқан тағы бір үлесім деп білемін.

– Жалпы, шахмат әлеміне қалай келдіңіз?

Сәуле, оқырман

– Ағам да, әпкем де шахматты жақсы меңгерген. Екеуі де шахматтан спорт шеберіне кандидат. Соларға қарап мен де қызығып, есімді білгеннен бері шахматпен шұғылданып келемін.

– Барған шет мемлекеттердің ішінен қай ел, қандай қала ерекше есте қалды?

Асхат

– Шахматтың арқасында ел көріп, жер тануға, сол арқылы шет тілін еркін меңгеруге, көптеген жаңа достар табуға жол ашылды. Шет елдерде көп болсам да мен үшін ең керемет қала – Астана. Басқа жақта жүрсем, Астанамды қатты сағынамын. Қазір қыс мезгілі болса да, көбірек жаяу жүріп,  сүйікті елордамыздың көрікті жерлерін аралаймын.

– Шахматқа күніне неше сағат уақытыңды бөлесің?

Еркін

– Шамамен 4-5 сағатымды жұмсаймын. Жақсы партиялар болса, одан да көпке созылады.

– Алдағы жоспарларыңызды айтсаңыз…

Динара

– Ерлер арасында гроссмейстер болуды армандаймын. Сондай-ақ, әйелдер арасында Әлем чемпионы атанғым келеді. Әрі ойындарымның сапасын арттырып, бұдан да үздік нәтижеге жеткім келеді. Оған қоса, еліміздің қоғамдық өміріне араласып, Қазақстанның атын әлемге таныта берсем деймін.

Еркежан СӘТІМБЕК

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*