«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әйел әлемін әспеттеді

0 16

Кейде бір адамдардың өмір жолымен жақынырақ танысқан кезде бір кітапқа тұрарлық ой түйесіз. Сондай жандардың бірі – Рахия Нысанқызы Әлібекова. Бұл кісі көп жылдар Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде қызмет істеген. Қаламы қарымды журналист.

Рахия апамыз Батыс Қазақстан облысындағы әйгілі әншілер мен күйшілердің кіндік қаны тамған Қаратөбе ауданында өмірге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1956 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Курстастары шетінен мықты. Қалдарбек Найманбаев, Әбдеш Қалмырзаев, Мәди Хасенов, Есләм Зікібаев және Октябрь Әлібеков. Бұлар күн құрғатпай мақала жазып, келесі күні ол дүниелерін газетке шығарып жатады. Сол оқып жүргенде Октябрь ағамен көңіл жарастырып, бас қосады. Бұл күн апайдың есінен шыққан емес. Дәл 1961 жылы 12 сәуірде, яғни тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ғарышқа ұшқан күн.
Оқу бітіргеннен кейін университеттің төрт түлегі – Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев және сол кезде отау құрып үлгерген Октябрь аға мен Рахия апай Әлібековтер жолдамамен «Тың» орталығы атанып, дүрілдеп жатқан Целиноградқа келіп, «Тың өлкесі» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Бұл кезде солтүстік облыстардағы қазақ тілінде шығатын басылымдар жабылып, барлығы «Тың өлкесі» газетіне біріктірілген болатын. Сондықтан осы редакцияға аталған өңірлердегі қаламы жүйрік журналистер жиналды. Олардың қатарында Жанайдар Мусин, Төлеубек Қоңыров деген қаламгерлерді айтуға болады. Алғашында «Тың өлкесі» газетінің бас редакторы, қанды қырғын ортасынан оралған журналист Уәли Нұрсейітов деген кісі болады. Бірақ ол кісі ерте қайтыс болып кетеді де, оның орнына белгілі публицист Сапар Байжанов тағайындалады. Газет аптасына бес рет шығады. Біздің кейіпкеріміз де осындай қазандай қайнап жатқан ортаға «күмп» етеді. Әуелі ақпарат, кейін совет құрылысы бөлімінде жұмыс істейді. Редакцияда басқа әйел журналист жоқ. Сондықтан әйел тақырыбына тереңірек бойлайды. Аймақтағы зауыт та, өндіріс те, ауылшаруашылық және өнер саласында жемісті еңбек етіп жүрген құрбылары туралы очерк, суреттеме, мақалалар жазады. Тәжірибесі де молаяды. Газет жұмысының қыр-сырын меңгереді. Кейін «Тың өлкесі» газеті облыстық «Коммунизм нұры» басылымына айналғанда, жауапты хатшының орынбасары болып жұмыс істейді. Одан кейін хат бөлімінің меңгерушісі болды. Ол кезде редакцияға келген хат ешқашан жауапсыз қалмайды. Оған бір айдың ішінде жауап беру қажет. Осы жұмыстың бәрін ұтымды ұйымдастырады. Және басылымның жер-жердегі штаттан тыс тілшілерімен тығыз байланыс орнатады. Сол жылдары Ақмолада қазақы орта саналған үш орта болды. Біріншісі – редакция, екіншісі – №4 қазақ орта мектебі, үшіншісі – киелі мешіт. Сондықтан облысқа келген атақты адамдардың бәрі қазақ редакциясына бас сұқпай кетпейді. Солармен сұхбаттасып, газетке жариялайды.
Рахия Нысанқызы туралы айтқан кезде жұбайы, белгілі журналист Октябрь ағаны аттап кете алмайсыз. Оның осы өңірдегі қазақ журналистикасының дамуына қосқан үлесі мол. Он алты жыл облыстық газетті басқарып, талай талантты жасты жур­налистика мамандығына жетеледі.
Кейіпкеріміз тілшілік тынымсыз жұмыста жүріп, төрт баланы өмірге әкеліп, асыл жары екеуі оларды өсіріп, тәрбиеледі. Қазір олардың бәрі – жоғары білімді маман иелері. Бүгінде солардан өрбіген немере-шөберелерінің шуағына шомылып отыр­ған әже. Өмірден өткен Октябрь ағаның да орнын жоқтатпай, шаңырағын ұстап отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды