-->

АЙДЫННЫҢ АРМАН САПАРЫ

a5885384ebd4bf50f20d240b620

Бұйыртса, алдағы қыркүйек айында үшінші қазақ баласы ғарышқа самғайды. Өзінің жұлдызды сәтін он шақты жыл күткен Айдын Айымбетов Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың жолын жалғайды.

Тағы бір қазақ ұланының ғарыштан көрінуін барша қандастарымыз көптен тіледі деп айтсақ, асырып айтқандай болмаспыз. Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетовтің Юрий Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындайтын Ресей мемлекеттік ғылыми-зерттеу сынақ орталығында жалпы ғарыштық дайындықтан өткені туралы хабар бұлай армандауға толық негіз беретін. Көкейімізде «үшінші қазақ баласын ғарыштан қашан көреміз?» деген сұрақ қана тұрды.
Осы сұрақты 2013 жылдың желтоқсанында Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне қатысқан «Қазғарыш» агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабековке қойған да едік. Үшінші қазақстандықты ғарышқа жіберуге қомақты қаржы керектігін, елімізде ондай мүмкіндік жоқ екенін, сондықтан жақын жылдары Қазақстан тарапынан ғарышқа ешкім ұшпайтынын айтқан ол аптыққан көңілімізді су сепкендей басты.
Мұхтар Аймаханов Қазақстан атынан ұшуға үмітін үзгеннен кейін Ресей азаматтығын алды. Ал, Айдын Айымбетов төзімділік танытып, өз кезегі келетініне сенді. Енді, міне, сенімі ақталып отыр.
Осы жаңалықты ести сала әлеуметтік желілердің кейбір қолданушылары «тұңғыш қазақстандық ғарышкер ғарышқа аттанады» деп, жерден жеті қоян тапқандай жар салды. «Тоқтар Әубәкіров ғарышқа самғағанда Қазақстан әлі тәуелсіздігін алмаған болатын. Талғат Мұсабаев Ресей азаматы ретінде ғарышқа ұшты. Сондықтан, Айдын – тұңғыш ғарышкеріміз» деген уәж келтіреді олар.
Сөз ретінде келгенде мынаны айта кетейік: кезінде Тоқтар Әубәкіров алғашқы ғарышкеріміз деген ақиқатты жоққа шығарып, тұңғыш ғарышкеріміз – Талғат Мұсабаев деген әңгімелер де айтылған еді. Бұл да тәуелсіздік пен тәуелсіздіктен кейінгі уақытты салыстыру арқылы шыққан сөз деп ойлаймыз.
Жалпы, кейінгі кезде көп нәрсенің байыбына бармай, «тұңғыш» деген сөзді жиі қолданып кеттік. Мәселен, кейбір әріптестеріміз «тұңғыш қазақ Олимпиада чемпионы – Жақсылық Үшкемпіров» деген сөзді әлі күнге дейін жазып жүр. Ал, шындығында, қандастарымыздың арасында алғашқы Олимпиада чемпионы атанған – Әлжан Жармұхамедов. Ол баскетболдан КСРО құрамасының мүшесі ретінде бұл атаққа 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасында қол жеткізген. «Уикипедияда» ол туралы толық мәлімет берілген. Соны білмегендер компьютер тетігін басып, ғаламторды қараса да жеткілікті. Алайда, біраз журналист осы қарапайым әрекетті жасауға да ерінетіндей.
Бастапқы әңгімемізге оралайық. Біздіңше, Тоқтар, Талғат, Айдынды қатар қойып, кім бірінші екенін сөз етудің қажеті жоқ. Ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ баласы Тоқтар Әубәкіров екені айқын. Ол өзіне міндеттелген ғарыштағы миссияны толығымен орындады. Бүгіндері «Қазғарыш» агенттігінің жұмысын өрге сүйреуге талпынып жатқан Талғат Мұсабаев та солай. Олардың абырой-беделін Айдын Айымбетовке берсін деп тілекші болып, үшінші ғарышкерімізге сәт сапар тілейік. Әйтпесе, Айдынды ғарышқа ұшыру үшін Қазақстан 20 миллион АҚШ доллары шамасында ақша төлеуге тиіс деген ақпарат шығып еді, біраз адам өз қалталарынан төлейтіндей қарсы шыға келді. Сонда Айдынның қаншама жыл күткен арманы орындалмауы тиіс пе? Кеше 43 жасқа толған ғарышкер жігіттің жолы байланбасыншы…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*