«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Айды аспанға шығарған «Астана»!

0 12

Бұрнағы күні түнде футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңінде 5-турдың ойындары ойналды. «Астана» өз алаңында Англияның «Манчестер Юнайтедін» қабылдап, 2:1 есебімен жігерлі жеңіске жетті. Олай дейтініміз, алаң иелері ойын барысында әуелі ұтылып тұрып, ақыр соңында ұтып шықты.Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов матч аяқталғаннан кейін Twitter әлеуметтік желісіне: «Елордалық «Астана» ФК тарихы тереңде жатқан «Манчестер Юнайтедті» ұтты. Жеңіс құтты болсын, Нұр-Сұлтан!» деп жазды.
Біздің жерлестеріміз осылайша топта өзінің бірінші ұтысына қол жеткізсе, манчестерліктер алғаш рет жеңілістің ащы дәмін татты. «Манчестер Юнайтед» 2016 жылдың ақпан айынан бері Еуропа кубоктары үшін матч­тарында өзі есеп ашқаннан кейін бірінші рет жеңіліске ұшырады. Бұған қонақтар коу­чы Оле Гуннар Сульшердың клубта тәрбиеленіп жүрген 8 жас түлекті ойынға қосуы басты себепкер болды. «МЮ» өзінің тарихында бірінші рет мұндай турнирде ең жас құрамымен алаңға шықты. Осылайша алаңдағы ойыншыларының орта жасы 20 жыл және 221 күнді құрады.
«Манчестер Юнайтед» – Англияның 20 дүркін чемпио­ны болған команда. Үш рет Еуропа чемпиондарының, бір рет Еуропа лигасының жеңімпазы атанған. Кезінде ағылшын футболының жұлдыздары Бобби Чарльтон, Денис Лоу, Джордж Бест шыққан команда. Оның əлемдік рейтингтегі орны əлі де жоғары. Дəл қазір ол Еуропа лигасының жеңімпазы атанады деген командалар санатында тұр.Дегенмен «Манчестердің» қай құрамы да күшті. Англия сияқты елде футболшылардың төлқұжаттағы жасына емес, ойынына қарап бағам жасайды. Себебі онда жарап жатса, жасөспірім жасындағы ойыншыны да аламанға ойланбай қоса береді, одан және басқалармен бірдей жауапкершілік талап етіледі.
Мұны матчтың басы манчестерліктердің айқын басымдылығымен өткені де айғақтайды. Меймандардың қорғаушылары Люк Шоумен және Джесси ­Лингардпен күшейтілген жастар құрамы ойын басталған сәттен оның тізгінін қолдарына алды. Таблодағы тепе-теңдік он минутқа дейін созылды. Сосын Лингард айып алаңының сырт жағынан қақпаға доп бағыттап, астаналықтардың қақпашысы, команда капитаны Ненад Эричті қапы қалдырды. Осы есеп бірінші таймның соңына дейін сақталып тұрды.
Алаңдағы жағдай үзілістен кейін мүлде басқаша реңкке түсті. Енді алаң иелерінің басымдылығы барған сайын байқала берді. Астаналықтар көп ұзамай есепті теңестіріп қана қоймай, сонымен бірге алға шықты. Екі жағдайда да голды қорғаушылардың қатысуымен жасалды. Ойынның 55-минутында Дмитрий Шомко айып алаңы ішінде өзіне келген допты торға қарай әдемі бұрып жіберсе, 66-минутта Антонио Рукавина ұрған допты меймандардың 19 жасар қорғаушысы Дишон Бернард өз қақпасына кіргізіп қойды.
Осы жеңіліске қарамастан, бұған дейін 10 ұпай жинап үлгерген «Манчестер Юнайтед» плей-офф кезеңіне мерзімінен бұрын шығып отыр. Ал бұған дейін 4 рет жеңіліске ұшыраған «Астана» ең алғашқы 3 ұпайына қол жеткізді.
«Манчестер Юнайтедтің» бұл жеңілісі Еуропа спорт ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмады. Айталық, Eurosport.ru басылымы «Қазақстан қатты қайран қалып отыр. «Астана» «МЮ»-мен ойында бірінші болып гол өткізіп алды, бірақ соңында жеңіп шықты. «Манчестердің» шабуылы барынша жас, ал қақпашысы кәрі болып шықты» деп жазды.
Енді соңғы турдың ойындары 12 желтоқсан күні ойналады. Бұл күні «Астана» Белградта «Партизанмен» кездеседі.

Расул АЙТҚОЖА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды