«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Ай баланың» алғашқы адымы

0 56

Жуырда Жастар жылының аясында Астанадағы Оқушылар сарайы жанынан «I BALA» атты балалар мен жасөспірімдер театры ашылып, көрерменге тұсаукесер қойылымы – Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасын ұсынды. Спектакльді қазақ тіліне аударған – Қ.Төлеуішов.

Жаңа театр Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебайдың идеясымен және тікелей қолдауымен жұмысын бастады. «Мекемемізде театрға лайық сахна, үлкен залымыз бар. «Жастар» театры өзінің алғашқы қадамдарын біздің сахнадан бастағанын, М.Горький атындағы орыс драма театры да талай қо­йы­лымын бізде қойғанын айту керек. Содан сарайы­мызда неге балалар мен жас­өспірімдер театры болмасқа деген ой келіп, «Ай баланы» аштық. Неге осы атау таңдалды? Біріншіден, Оқушылар сарайы осындай атаумен жур­нал шығарып тұрады. «Ай бала» атты оқушылардың радиосы да жұмыс істейді. Бір бренд болсын деп, театрға да осы атауды қойдық. Театрды басқаруға сахна өнерінің тәжірибелі маманы Берікхан Рақымжанұлын шақырдық.
Ол шақыруымызды қабыл алды. Сол үшін оған рақмет айтамын» дейді Е.Іргебай. Театр ашылмастан бұрын оқушылар арасында кастинг жарияланды. «Жасұлан» ұйы­мы осы хабарды қаладағы барлық мектепке таратып, нәтижесінде іріктеуге 400-ге жуық бала қатысты. Қорытындысында 40-50 оқушы таңдалды.
«Алғашқы спектакльге екі ай бойы дайындалдық. Кас­тинг кезінде өнерге құштар, болашақта өнер адамы боламыз-ау деген балаларды таңдадым. Менің өзімнің ұс­танымым бар: өнерге келетін адамның ең үлкен қаруы – кі­тап. Алғашқы тапсырма ре­тінде Абайдың Қара сөздерін оқуға тапсырма бердім. Соны қиынсынғандар болды. Іріктей келе, тапсыр­маларды тап-­тұйнақтай орын­дағандарды қалдырдым» дейді театрдың жетекшісі, әрі режиссері Берікхан Рақымжанұлы.
Режиссер театрдың тұсау­кесер қойылымы ретінде «Қара шекпен» неге таңдалғанын да түсіндіріп өтті. «Георгий Хугаевтың бұл әфсанасы – классика. Осы спектакльді кәсіби театрлар да қойып жатыр. Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академия­лық балалар мен жасөспірімдер театры бұл қойылыммен Астанаға келіп, фестивальге де қатысқан. Автор аталмыш шығармада қоғамдағы барлық мәселені қамтыған ғой. Спектакль адамға үлкен ой салады. Өзім бұрыннан қо­йылым идея­сына қызығатын едім. Содан Ербол Ісләмұлына ұсындым. Бұл кісі басында күмәнмен қарады. «Балаларды мұндай дүниеге салған қалай болады екен?» деп сұрады. «Бала деп ертегі ойнатқаннан ұтпаймыз. Ақыры болашаққа бағыт-бағдар беріп жатқаннан кейін осындай ой салатын спектакльден бастайық» деп жауап бердім. Соңында ол  бұл шешімімді құптады» дейді режиссер.
Спектакль Оқушылар сарайы директорының да, ата-­аналардың да, жалпы көрермендердің де көңілінен шық­ты. Театрға ата-аналар да қол­­­дау көрсеткенін айта кету ке­рек. Костюмдерді тіктіруге, сах­наны безендіруге көмектесті. Солардың бірі Қайрат Жәйірбек суретші ретінде қо­йылымға атсалысты.
«Иван Крыловтың «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен түлкі», «Арыстан мен есек» сынды мысалын ұлы Абайдың аударғанын білеміз. Сол сияқ­ты әр жануар адамның бей­несін беріп тұрады. Яғни, жануарлар әлемі арқылы бүгінгі қоғамдағы, адам бойындағы етек алып бара жатқан жағымпаздық, сатқындық, қатыгездік, алдау-­арбау секілді жаман қасиеттерден аулақ болуға болады. «Қара шекпен» күрделі қойы­лым болса да, соған үндейді. Басында сенімсіздік танытсам да, балаларымыз соны жақсы аша білді» дейді Е.Іргебай.
«Қара шекпен» әфсанасын­да Тұзар бейнесін №38 мектеп-лицейінің 11-сынып оқу­шысы Дарын Жандосұлы сом­дады. Ол «Астанафильм» академиясының мектебінде актерліктің әліппесін үйренді. Болашақта да өмірін өнермен байланыстырмақ. Мектептен түлеп ұшқаннан кейін Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Жас актер «Жастар» театрының әртістері Әділ Ахметов пен Дәурен Серғазинге қарап, бой түзейді.
Көкшулан бейнесінде №64 мектеп-лицейінің 9-сынып оқу­­­шысы Ақгүл Жарылғасын көрінді. Бұған дейін ол «Вala­pan» телеарнасында бағ­дар­ла­ма жүргізді. Оның да өнерге қадамдары «Астанафильм» академиясынан басталды.
Берікхан Рақымжанұлының айтуынша, жаңа өнер ұжымы жылына 4-5 спектакль қоюды жоспарлап отыр. Келесі премьера мамыр айында болып, Ұлы Жеңіс күніне арналмақ. Ал жаңа театрдың «Қара шекпен» атты алғашқы қойылымын бүгін және ертең Оқушылар сарайынан сағат 16.00-де тамашалай аласыздар.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды