«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АХҚО: Өркендеудің жаңа өрісі

0 123

Қаржыға құлдық ұрған заманда капиталдың көптігі жеке адамның ғана емес, тұтас мемлекеттердің тұрмыс-тіршілігін айқындайтын маңызды факторға айналған. Қазақстан жаңа қаржы көздерін табу жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл ретте мұнай мен бидай, темір мен көмір секілді табиғи байлықтарды қопара қазып, сыпыра сатудан арылғысы келетін еліміз дамудың заманауи тәсілдеріне ден қоя бастағаны қуантады. Жақында салтанатты түрде іске қосылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы – сол бағытта атқарылған бірегей жұмыстардың бірі.

Жалпы, қаржы орталығы дегеніміз бір орган немесе бір ғимарат емес. Біреу­лер оны құ­мырсқаның илеуіндей құ­жынаған биржа, ондағы алып экрандарға қарап сеңдей соқ­тығысқан адамдар деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл – тек голливуд киноларына тән көрініс. Іс жүзінде қаржы орталығы деген – құрылымы күрделі, алып ин­дус­трия. Бір ғана мысал келтірейік. Қазақ­стан астанасынан Дубай биржасына жіберілген хабарлама Гонконгтан жіберілген хабарламадан жарты секундқа кешірек жететін болса, онда біздегі қаржы орталығы құрдымға кетеді. Өйткені ақпараттық технологиялар заманында жарты секундтың өзі үлкен маңызға ие. Бұл ретте Астанадан ең жа­қын қаржы орталығына және әлемнің кез келген жеріне қас-қағым сәтте хабар жеткізу үшін Қазақстанда тұтас жүйе жұмыс істеп тұр. Ғарышқа ұшырылған Қазсат-2, Қазсат-3 жерсеріктерін сол жүйенің бір бөлігі десек болады. Қос «Қазсаттың» арқасында Қазақстанда 4G технологиясы енгізіліп, жылдам ақпарат алмасатын жағдайға жеттік. Тағы бір мысал. Астанадағы «Talan Towers» кешені. Аталмыш кешен халықаралық талаптар бо­йынша, LEED сертификатына лайықталып салынған. Бұл сертификат барлық экология­лық, қауіпсіздік және энергия­лық тиімді құрылыс талаптарына жауап беретін таңдау­лы нысандарға ғана беріледі. Егер «J.P.Morgan&Co» секілді әлемдегі коммерциялық және инвести­ция­лық компаниялардың алыбы Астанада өз кеңсесін ашқысы келсе, олардың талаптарына сай келетін кешен жалғыз сол «Talan Towers» болып шығуы мүмкін. Астана әуежайында жаңа терминалдың ашылуы да АХҚО-ны іске қосу бағытында атқарылған маңызды жұмыс­тардың бірі. Себебі шетелдік компаниялар қонатын әуежайдан бастап қауіпсіздік деңгейіне дейін жоғары талаптар қояды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның бас қаласында бой көтерген бірегей қаржылық ұйымды ашу үшін қарапайым ғимараттарды салудан бастап ғарышқа жерсерік ұшыруға дейінгі аралықта атқарылған жұмыстың ауқымы ұшан-теңіз.

«Астана» ХҚО органдары

«Астана» ХҚО ең жоғарғы органы – «Астана» ХҚО Басқару кеңесі. Кеңес құрамына Қазақстан Премьер-министрі, Ұлттық банк төрағасы, Қаржы министрі, Ұлттық экономика министрі, бас-аяғы 15-ке жуық адам кіреді. Халықаралық мамандардан Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Сума Чакраборти, ресейлік Сбербанктің басқарма төрағасы Герман Греф, «Яндекс» компаниялар тобының бас директоры Аркадий Волож, GP Morgan Chase International басқарма төрағасы Джейкоб Френкель секілді әлемдік қаржы саласының сақа өкілдері бар. Ал кеңеске Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жетекшілік етеді.
Басқару кеңесі қаржы орталығының саясатын айқындап, даму стратегиясын түзеді. Бұл ретте ең алдымен «Астана» ХҚО әкімшілігі құрылды. Қаржы орталығының инфрақұрылымы мен жүйесін құру, тиісті заңнамалық актілерді әзірлеу, әлемнің қаржы орталықтарында жұмыс тәжірибесі бар шетелдік мамандарды АХҚО басқаруға тарту, бір сөзбен айтқанда, жаңа орталықтың жұмысына жан бітіретін барлық шаруаларды атқарып, қажет органдарын құруға «Астана» ХҚО әкімшілігі жауапты болды.
АХҚО-ның тағы бір бірегей құрылымы, әрине, «Астана» ХҚО соты. Бұл – АХҚО аясында жұмыс істейтін тәуелсіз сот. Оған Англия мен Уэльс соттарының тұңғыш Лорд-Жоғарғы судьясы, Катар халықаралық қаржы орталығы сотының тұң­­ғыш президенті сияқты аса абы­ройлы қыз­мет­терді атқарған Лорд Гарри Кеннет Вульф төр­ағалық етеді.
Жалпы, АХҚО аумағында соттың қажеттілігі қанша? Мәселен, Лондон қаржы орталығының тәжірибелі соты тұрғанда жұмысын енді бастаған Астанадағы қаржы орталығының сотына кім жүгінеді? Астанадағы қаржы орталығы нарыққа енді кіріп жатқаннан кейін алғашқы 10 жылда АХҚО сотына жүгінетін барлық халықаралық ұйымдар мен компания­ларға қаржылай жеңілдіктер жасалмақ. Ал Лондонға дейінгі билет құнын, онда тұру, ағылшын заңгерлерінің қызметіне кететін қаржыны есептесеңіз, қомақты сома шығады. Демек, қаржысын үнемдегісі келетін компанияларға коммерциялық және азаматтық дауларды дәл Лондондағыдай ағылшын сот ісі қағидалары негізінде және ағылшын тілінде қарастыратын «Астана» ХҚО сотына жүгіну әлдеқайда тиімді болмақ.
«Астана» ХҚО сотының құрамында Халықаралық арбитраж орталығы да құрылған. Бұл орталық – медиация қызметін атқарып, дауларды сотқа дейін жеткізбей, арзан шешудің жолы.
Қаржы орталығындай алып та күрделі құрылымның жұмысын жүргізу озық ойлы, терең білімді мамандарсыз мүмкін емес. Бұл ретте «Астана» ХҚО бюросы орталыққа қажет білікті кадрларды жұмысқа тартуға жауапты. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасымен шетелдің озық білім ордаларында оқып кел­ген жастардың дені «Халық­аралық банк ісі», «Халықаралық қаржылық қатынастар» секілді экономика мен қаржы саласына қатысты мамандықтарды игерген. Жасыратыны жоқ, аталған мамандықтар бойынша Қазақстанда лайықты жұмыс табу оңай емес. «Астана» ХҚО сол мамандарды іріктеп, қайта даярлаудан өткізіп, жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
АХҚО құрамындағы ең маңызды құрылымның бірі – «Астана» ХҚО биржасы. Кез келген бизнесті бастау үшін ең алдымен қаржы қажет. Ал Қазақстанда бизнеске қажет қаражатты табу үшін ең алдымен банкке жүгінесіз. Немесе кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік бағ­дарламаларға қатысып, бақ сы­нап көруге болады. Кәсіпті бас­тауға қажет қаражатты табудың жолдары осымен тәмәм. Ал идеясына сенімді кез келген кәсіпкер биржаға шығып, өз жобасына инвестиция тарта алады. АХҚО биржасының бір артықшылығы – оның әлемдегі өзге биржалармен кіріккендігі. Яғни Вашингтондағы, Нью-Йорк­тегі, Сингапурдегі брокерлер АХҚО биржасы алаңындағы «жеке кабинетіне» кіріп, сіздің компанияңыздың акциясын сатып ала алады. Ал сатылған акция – бизнесті одан әрі дамытуға қажет қаражат.
«Астана» ХҚО базасында құ­рылған «Экспат орталығы» да қазақстандық қаржы орталы­ғының аса маңызды органы. Ол АХҚО аясында жұмыс істегісі келетін кез келген компания мен тұлғаға «бір терезе» жүйесі арқылы оңайлатылған қызмет түрлерін көрсетеді.
«Астана» ХҚО өз ішінде қаржы жүйесінің қауіпсіздігін реттейтін тағы бір құрылым бар. Ол АФСА (Қаржы қызметтерін реттеу комитеті) деп аталады. АФСА АХҚО өз ішінде тәуелсіз қаржы реттеу қызметін атқаратын «Ұлттық банкі» десек те болады.
Қаржыгерлер тілінде «Sand­box» деп аталатын кәсіби термин бар. Мысалы, сіз Қазақ­стан аумағында заңдас­тырылып үлгермеген серпінді жобамен айналысқыңыз келеді. Егер сол жобаңызды іске қоссаңыз, заң алдында жауап­қа тартылуыңыз мүмкін. Сол себепті АФСА АХҚО резиденттеріне еш кедергісіз жұмыс істеуге мүм­кіндік беретін ағылшын құқығының 50-60-қа жуық заңын қабылдады.
Қытайда көшедегі дүңгіршектен бір келі банан алып, сау­дагермен қағаз ақшамен емес, қалта­ңыздағы смартфоныңыздың көмегімен есептесесіз. Өйткені оларда біздегі WhatsApp секілді «WeChat» деп аталатын желі бар. Сол WeChat-қа төлемдерді жасау және қабылдау жүйесі енгізілген. Яғни Қытайда бизнесмендер немесе банкирлер емес, көшедегі дүңгіршекте сауда жасайтын қарапайым адамдар да өздерімен бірге әмиян алып жүру қажеттілігінен құтылған. Міне, осы тектес технологияларды АФСА арқылы енгізіп, кейін бүкіл Қазақстан аумағында іске қосу мүмкіндігі бар.
«Астана» ХҚО әр органның өз басшылығы бар. Және олардың ешқайсысы АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетовке бағынышты емес. Яғни АХҚО құрылымы бір-біріне тә­уелсіз органдардан құралған.

Ағылшын құқығы: артықшылығы неде?

АХҚО экожүйесіне ең алдымен оның территориясы жатады. Орталықтың аумағы 1603 га құрайды. Бұл дегеніміз – Астанадағы сол жағалаудың 2/3 бөлігі. Ал енді осынау 1603 га аумақта ағылшын құқығы қағидаттары жұмыс істейді. Бұл нені білдіреді? Ағылшын құқығы дегеніміздің өзі қандай құқық? Жалпы, ағылшын қаржы құқығы дегеніміз – кез келген компаниялардың қаржылық, экономикалық қарым-қатынастарын реттейтін құқықтың түрі. Неліктен АХҚО ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейді? Бұл арада тек Астанадағы емес, Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Сингапур, Катар, Дубайдағы қаржы орталықтары да ағылшын құқығына негізделгенін айта кету керек. Ағылшын құқығы – қаржы, инвестиция, технология трансферттерімен айналысқысы келетін компаниялар үшін өте маңызды мәселе. Егер олар Қазақстанда бизнестерін дамытқысы келсе, сол арқылы Орталық Азия, Еуразиялық одақ нарығына шығуды көздесе, ең алдымен Қазақстан Республикасының заңдарымен, кодекс­терімен, одан қалды Еуразиялық экономикалық одақтың заңнамаларымен танысуға міндетті. Ол үшін заңдарды ағылшын тіліне аударатын аудармашыларды, жергілікті заңнаманың әр бабын түсіндіретін заңгерлерді жалдап, қыруар қаржы мен уақыт шығындайды. Әрине, бұл кез келген компания үшін тиімсіз. Сол себепті АХҚО ағылшын құқығын енгізу арқылы біз әлем компаниялары, жаһан бизнесі түсінетін және өздерін судағы балықтай сезінетін құқықтық кеңістікті құрдық.
Ағылшын құқығы дегенде ерекше екпін берер тағы бір мәселе бар. АХҚО аумағында екі адам жаға жыртысса немесе ұрлық жасалса, бұл іс ағылшын құқығы аясында қаралмайды. ҚР Қылмыстық кодексінің шеңберінде, яғни Қазақстан заңдарының негізінде қаралады. Ал егер жоғары технологиялы бизнеспен айналысқысы келген тұлға қаржы орталығына тіркеліп, жұмыс жүргізетін болса, оның бизнесі автоматты түрде ағылшын құқығымен қорғалады.
АХҚО Дубай қаржы орталығының моделі бойынша ашылғаны мәлім. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінде шариғат талаптары қатаң сақталады. Соған қарамастан,
«Дубай» халықаралық қаржы орталығы ағылшын заңымен жұмыс істейді. Неге? Өйткені бұл шетелдік инвесторларға тиімді. Соның нәтижесінде 10 жылда Дубай қаржы орталығы әлемдегі ең үздік халықаралық қаржы орталықтарының қатарына қосылды. Ал Дубайдың жалпы ішкі өнімі 5 пайыз­ға артты. Қазақстан да осындай табысқа жетуді көздейді.

Әлеуеті орасан орталық

«Астана» ХҚО ел экономикасына, Қазақстан халқына келтірер пайдасы қандай болмақ? Әрине, осындай игі міндеттер болмаса, бұл жоба жүзеге аспас та еді. Жаңа қаржы орталығы ең алдымен Қазақстанды өңірлік қаржылық хабқа айналдырып, еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға сеп болмақ. Қалайша? Іргемізде Қытай мен Ресей секілді алып нарық бар. Оған Еуразия­лық экономикалық одақты қосыңыз.
«Астана» ХҚО өркендеудің жаңа өрісін ашады. Бұған дейін біз тек инвестиция тартуды көздесек, ендігі кезекте Smart инвес­тицияларды тартуға басымдық беріледі. Яғни Қазақстанға тек қаржы ғана емес, қаржымен бірге технология да келеді. Мәселен, әйгілі қытайлық «СиЭнПиСи» компа­ния­сы жерімізді қазып, мұнайымызды өндіріп, сыртқа тасымалдаумен айналысса, енді олардың орнын жоғарыда айтқан WeChat жүйесін жүргізіп отырған «Tencent» сияқты заманауи технологияларды дамытып отыр­ған компаниялар басады.
Бүгінгі әлемде ЖІӨ мемлекеттердің емес, қалалардың үлесінен құралады. Мәселен, Қытай қаржы нарығының басты қозғаушы күштері – Шанхай, Гуанчжоу, Шэньчжэнь, Бейжің. Астананы алып қаржылық орталыққа айналдырудың астарында да осындай мақсат жатыр.
АХҚО органдары мен қатысушылары және олардың қызметкерлері салықтық төлемдерден 50 жылға босатылатыны белгілі. Біреулер салық төлемесе, пайда қайдан болады деп ойлауы мүмкін. Алайда салықтан көп табыс табу мүмкін емес. Табыс – технологияларда. Қазір бізге станок жасаудың технологиясын ешкім келіп ұстата салмайды. Технология тек ірі компаниялармен бірге келеді. Ал ірі компаниялар тек қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, жұмыс іс­теу­ге қолайлы ортаға, 18 миллиондық емес, кемі 200-250 млн-дық нарыққа ғана келеді. Қазақстан неліктен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды деген сынның да жауабы осында жатыр.
Қорыта айтқанда, «Астана» ХҚО ЭКСПО-дан қалған павильондарды бос қалдырмау үшін құрылған ұйым емес. Елімізді дамудың жаңа жолына бастайтын, тиімділігі әбден есептеліп, екшелген бірегей жоба. Тиімділік демекші, шілде айының басында өткен АХҚО ресми ашылу шеңберінде жалпы құны 4,7 млрд долларды құрайтын 32 коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Бұдан басқа, Франция, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Польша, Ресей, Қытай және т.б. сияқты 13 елдің трансұлттық компаниялармен сегіз жобаны жүзеге асыру туралы келісім де бекіді. Демек, ауқымды жобаның аяқ алысы жаман емес.

Жарқын ҚҰЛАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды