«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ахметжан күйшінің қайғысы

0 89

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары «халық жауы» деп айыпталып, қуғын-сүргінге ұшыраған, түрмеге жабылып атылған адамдар арасында көптеген ұлт зиялылары, ақын-жазушылар, ғалымдар, ағартушылар, дәулеттілер мен білімділер, діндарлар және күйшілер де болды. Осы нәубетті Арқаның күйшілері Әбди Рысбекұлы, Сембек Айдосұлы және Сармантайдың Ахметжаны да кешті.

Қыздарбек күйшінің шә­кірті, әйгілі «Қоңыр» күйінің авторы Әбікен Хасеновтің ұстазы – Әбди Рысбекұлы «социализмге жат өнерді насихаттағаны үшін» деген айыппен 1931 жылы атылды. Айдостың Сембегі де сол жылы түрмеге қамалып, атылады.
Ал Ахметжан Сармантайұлын байдың тұқымы ретінде бірнеше рет түрмеге қамаған. Ол күшпен ұжымдастыру науқанына қарсы ұйымдастырылған Балқаш бойындағы көтеріліске қатысқан. Кейі­нірек, 1930 жылдың наурыз айында Қарқаралының түрмесіне қамалып, осы жылдың қыркүйегінде «үштіктің» үкімімен, қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша сотталып, атылды. Денесін тасқа байлап, қарасуға тастаған.
Сармантайдың Ахметжаны ұлт басына түскен нәубетті, ұлтқа қарсы жасалған саяси қылмысты қазақтың қара домбырасының үніне салып, ауыл қазақтарының көрген азабын, ел басына түскен қасіретті, қиындықты, халық тағдырына төнген қа­терді «58-статья» атты күймен жеткізген еді.
Абақтыда отырғанда шы­ғарған бұл күйді Тоқырауынның құймақұлақ домбырашылары Ахметжанның алдына келіп, үйреніп алып, елге жайған екен.
Күйші 1992 жылы 26 мамырда Қазақстан Бас прокуратурасының шешімімен ақталды. Алайда жазықсыз жазаланып, ауыр азап кешкен Ахметжанның көптеген күйлері, ол туралы деректер жойылып, қолымызға жетпегені өкінішті-ақ. Күйші жайлы мына мәліметтерді ғана қанағат тұтамыз.
Ахметжан Сармантайұлы (1877-1930) – шертпе күй дәстүріндегі ең үлкен мектеп – Арқа күйшілік мектептің ішінде Тоқырауын орындаушылық мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі. Қарағанды облысы, Ақ­тоғай ауданының Қусақ да­ла­сында дүниеге келген.
Ахметжанның үлкен әкесі Байзақ батыр болған. Ал әкесі Сармантай – Дадан Тобықты еліндегі тұңғыш болыс. Ахметжанның өнерге деген қызығу­шылығына осы әкесі ық­пал етті. Сармантай өте қонақ­жай, жан-жақтан өнерпаздар шақыртып, ән-күй, жыр-толғаулар төгілтіп, Ахметжанның бала кезінен құлағына сіңіртіп, тұла бойындағы дарынның ашылуына себепші болған.
Ахметжан мен Алаш кө­семі Әлихан Бөкейхан өз замандарында бірін-бірі сыйлап, қадірледі. Тағы бір Алаш арысы Жақып ­Ақбаев арнайы келіп, Ахметжанның күйлерін тыңдайтын еді. Әбікен Хасенов пен Манарбек Ержанов та алдына келіп, күй үйренеді екен.
Ахметжан Сармантайұлының күй орындаудағы шеберлігі, оны орында­ғанда неше түрлі бояуға салып, асыл тастармен өр­нектегендей ойнап, тыңдау­шысын бау­рап, риза қылады екен. Ақселеу Сейдімбек бұл туралы мынадай дерек келтіреді: «Жиырмасыншы жылдары ел дәулеті тәркіленіп, беткеұстар азаматтар жаппай жауап­қа тартыла бастағанда, қара тізімге Ахметжан да ілігеді. Алғашқыда Ахметжанды алып кетуге Қарқаралыдан Мемлекеттік саяси басқарманың (ГПУ) бес қазақ жігіті ­жіберіледі. Ахметжан оларды қонақжайлық рәсімімен қарсы алып, бір орайлы сәтте күй тартады ғой. Күйді соңғы қош-қошындай етіп, ағыл-тегіл тартып еді. Сонда, құдіретті өнерге қайран қалып, тәнті болған ГПУ-дің адамдары Ахметжанға тиіспей қайтып кетсе керек. Ол «Сегіз аяқ» күйін башпайымен тартқан деген дерек бар, бірақ күйдің үнтаспасы сақталмапты.
«Сарыжайлау», «Сегіз аяқ», «Терісқақпай», «58-статья», «Қосбасар», «Қасірет», «Көкейкесті» атты төл күйлерін Ахмет­жанның өз қолынан ­үйреніп, кейінгі ұрпаққа жет­кізген күйші-домбырашылар – Әбікен Хасенов, Манарбек Ержанов, Әзіхан Түсіпбекұлы, Изат Тілеуханұлы. Одан соң ­Ахметжанның мұрасын Аққыз Ахметқызы, Мағауия Хамзин, Рымбек Мәмбетов, Серік Үмбетов, Тоқтамыс Жүнісов, Сәнеке Сағындықұлы, Күлмара Рахымбекқызы насихаттады.
Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі­нің ұстазы, домбырашы Жақ­сылық Нәдір­беков Ахметжан Сармантайұлы­ның күйлерін нотаға түсірді. Ақселеу Сейдімбек, Күләш Сардарбек, Жақсылық Нәдірбеков күйші туралы деректер жинап, кітап жазып, жарыққа шығарды.
Қарағанды облысы, Ақ­тоғай ауданының ­ор­­­та­лығында қуғын-сүр­гін­ге ұшырап, құрбан бол­­ғандарға мәрмәр тас орнатылған. Тасқа 120 азаматтың аты-жөні қашалған. Бұл тізімде Ахметжан Сармантайұлының ­да есімі бар.

Манап АНЫҚБЕКОВ,
өнертану
ғылымдарының
магистрі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды