«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аграрлы елде әлеует бар, өсім жоқ

Жәрдемақша бөлсек те, импорттық тауарға тәуелдіміз

0 23

Қазақстанда ет және ет өнімдерінің импорты жыл сайын үздіксіз өсіп барады. Мысалы, қазір құс еті импортының үлесі 51 пайызды құрайды. Өткен жылы ол 191 мың тоннаны құрады, ал бұл көрсеткіш соңғы үш жыл бойы 160 мыңнан сәл асатын еді. Сондай-ақ соңғы үш жылда жылқы еті импортының көлемі де күрт өсті. 2016 жылы 900 тонна болса, 2018 жылы ­2 мың тоннадан асып, 2,5 есеге ұлғайды. Мұндай деректерді Мәжілісте өткен «Ет және сүт өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және экспорттауды дамыту­дың келешегі» атты парламенттік тыңдауда Мәжіліс төрағасы ­Нұрлан Нығматулин мысалға келтірді.

Палата төрағасы Қазақстан жыл сайын жалпы құны 45 млрд теңгеге 6 мың тоннадан аса сары майды, 22 мың тоннаға жуық ірімшікті, 6 мың тоннадан аса ет консервілерін де импорттайтынын қынжыла жеткізді. «Осы өнімдерді өзіміздің зауыттар да шығара алады. Бұдан не көріп отырмыз? Бізде әлеует бар, өсім жоқ. Бір жағынан біз бюджеттен жыл са­йын ет пен сүт өндірушілерге 76 млрд теңгеге жуық жәрдем­ақша бөлеміз, екінші жағынан өз нарығымызда бәсекеден жеңіліп, импорттық тауарларға орын беріп отырмыз» деді ол.
Спикердің айтуынша, елімізде еттің 33 пайызы, сүттің 31 пайызы ғана қайта өңделеді. Барлық өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындар 60 пайыз ғана жүктемемен жұмыс істейді. Ал Ресей мен Беларусьта мұндай кәсіпорындардың өндірістік қуаты 80 пайыздан асады. Нұрлан Нығматулин бұл мәселені шешуде ұсақ өндірушілер мен қайта өңдейтін кәсіпорындарды біріктіретін дайындаушы кәсіпорындар желісін құру мен дамыту қажеттігін ұсынды.
Бұдан бөлек, мал азығын да­йын­дау, жайылымдық алқаптарды қалпына келтіру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, саланы кадрлармен және ғылыммен қамтамасыз ету сияқты әлі күнге дейін шешілмеген күрделі мәселелер аяққа тұсау салып отыр. Мәселен, 73 млн гектардан (жалпы жа­йылымдардың 40 пайызға жуығы) асатын жайылымдық жерлер тозған және шөлге айналған.

Деректерде неге айырмашылық көп?

Парламенттік тыңдауда баяндама жасаған Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Оспанов екі министрліктің (Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика) статистикалық деректерінің арасындағы үлкен айырмашылықты сынға алды. «Экспортқа келер болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикалық деректері мен Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ресми деректері арасындағы айырмашылық көп сұрақ туындатады. Мысал келтірер болсақ, уәкілетті органның мәлімдемесі бойынша Қазақстаннан ет экспортының көлемі 2018 жылы 34,4 мың тоннаны құрады, оның ішінде сиыр еті – 18,8 мың тонна. Бірақ Статистика комитетінің деректері бойынша еттің барлық түрі экспортының көлемі 2018 жылы 16 мың тоннаны құрады, яғни екі еседен де аз. Ал сиыр етінің экспорты 5 еседен де аз болды: 3,7 мың тонна» деді ол таңданысын жасыра алмай. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде министрліктердің іс-қимылдарының келіспеу­шілігі байқалып отыр. Сонда қай министрліктің ақпаратына сенеміз?
Берік Оспанов еттің импортына қатысты тағы бір түйткілді мәселені көтерді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі ет импортының құрылымында құс етінің үлесі өте жоғары. Оның негізгі себебі – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі үшінші елдерден құс етін әкелуге квотаның болуы. «Бізде мұндай квотаны айқындау Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жатады. Меніңше, бұл қызметті Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруіміз керек. Бұл жерде қисын жоқ: бір жағынан, отандық өнім өндірушілерді қолдаймыз. Инвестициялық жобаларды қаржыландырамыз, құс фабрикаларын саламыз, жәрдемақша бөлеміз. Екінші жағынан, бір мезгілде тарифтік квоталарды ұлғайтып, нарықтың шетелдік тауарлармен толығуына жағдай жасаймыз, отандық өндірушілердің толық қуатымен жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейміз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін комитет төрағасы. Оның пайымдауынша, Қазақстан мемлекеттік саясатты дұрыс қалыптастырған кезде ғана, Ресей жасағандай, құс етінің импортынан толық бас тарта алады.

Елордалықтар қанша тонна ет жейді?

Өте қызықты сұрақ. Өткен жылы ranking.kz компаниясы осындай тақырыпта қызықты зерттеу жүргізіп, қорытындыларын жариялады. Мәселен, қала тұрғындары жылына 76 келі, ауыл тұрғындары 69 келі ет жейді екен. Ең көп ет жегіштер Атырау облысында тұрады, ол өңірде жан басына шаққанда жылына 85 келі ет және ет өнімдері жұмсалады. Одан әріде Алматы (83,5 келі), Шығыс Қазақстан облысының (82,6 келі) тұрғындары орналасқан. Ең төменгі тұтыну көрсеткіштері Шымкент қаласында (58,2 келі), Қызыл­орда (65,2 келі), Ақтөбе (67,4 келі) облыс­тарында тіркелген. Елорданың әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 72 келі ет және ет өнімдерін тұтынады екен.
Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми дерегі бойынша 2019 жылдың басынан бері елімізде сиыр еті 3,1 пайызға қымбаттаған. Елорда базарларындағы ет және ет өнімдерінің құны да әртүрлі. Мысалы, сиыр етінің бір келісін «Әсем» базарынан 1950 теңгеге сатып аласыз. Жылқы еті 2000 теңге тұрады. «Шапағат» базарында сиыр етінің келісі – 1600-1650 теңге. Алайда парламенттік тыңдаудан ке­йін журналистердің сұрағына жауап берген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Шапағат» базарынан сиыр етінің бір келісін 1500 теңгеге сатып алатынын айтты. «Мен етті «Шапағат» коммуналдық базарынан сатып аламын. Бәлкім, ет сататындар мені танитын шығар. Сиыр етін 1500 теңгеден береді. Ал сіздер сапасы өте жоғары сиыр етін 1800 теңгеден алып жүрген шығарсыздар?» деп түсіндірді ол тілшілерге. Алайда министрліктің басшысы көбінесе тауық етін сатып алатынын айтты. «Менің отбасым көбінесе тауық етін сатып алады. Өйткені ол асқазанға қорытуға жеңіл. Кейбір кездері аңсарым ауғанда жылқы мен сиыр етін сатып аламыз» деді ол ет өнімдерін көп қолданбайтынына мысал келтіріп.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды