«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ағылшынша үйренгіңіз келе ме?

0 202

Елордада тұңғыш өз бетімен тіл үйрену құралы жарық көрді.

Қажетті оқулық-кітаптың авторы – ағылшын тілінің маманы, білікті аудармашы, белгілі журналист Ернат Мэлсұлы. «Ағылшынша тіл сындыру», (Тұңғыш өз бетімен үйрену құралы) атты кітапты пайдалана білсеңіз, бір айдың ішінде тіл сындырып қана қоймай, тіл үйренуге деген құлшынысыңыз артады. Себебі автор 20 жылға жуық қолданып келе жатқан, өз тәжірибесінен өткен ағылшын тілін жеделдетіп оқыту әдістемесін қалың көпшілікке ұсынып отыр. Ең бастысы, бұл – қазақ тілінде жарыққа шыққан тұңғыш өз бетімен оқу құралы.
Құнды еңбектің бірінші ерекшелігі – ағылшын тілінің әріптерін, дыбыстарын, сөздерін миыңызды ашытпай, басыңызды босқа қатырмай, еш қиындықсыз үйренесіз. Езбе ереже, қасаң қағида атымен жоқ. Бұл әдістеме «әріп-дыбыс-сөз-сөйлеу» формуласына негізделген. Екінші ерекшелік – әлемдегі халықаралық алты тілдің бірін қазақы ұғыммен игересіз. Барлық сөздің ағылшынша, қазақша транскрипциясы (дыбыс таңбасы) һәм аудармасы қоса жазылған. Әр ағылшынша, қазақша сөздің транскрипциясы әдеттегідей жанынан емес, астына берілген. Бұл – визуалды тұрғыдан ең тиімді тәсіл. Яғни, сіз қай әріп қандай дыбысқа айналып тұрғанын тайға таңба басқандай анық көре аласыз».


Үшінші ерекшелік – ағылшын дыбыстарына тән созылыңқылық белгісі қазақ тілінде қос нүктемен беріледі. Мұндай тәсіл ағылшын тіліндегі созылыңқы дыбыстарды тез меңгеруге септігін тигізеді. Тағы бір ерекшелік – кітапты оқыған адам кемінде 3000 сөз үйренеді. Әр кестедегі сөздердің әліпбилік қатары қатаң сақталған. Бұл тәсіл 26 әріптің әліпбилік ретін білуді автоматты деңгейге жеткізуге бағытталған.
Автордың әдістемесі бойынша, бұл кітап әр адамды ағылшын тілін өз бетімен үйренуге бағдар береді. Ол үшін күн сайын 30 минут оқысаңыз, 1 айдың ішінде бірнеше мәрте оқып тастайсыз. Ең тиімдісі – таңертең ұйқыдан тұрғанда немесе кешке ұйықтар алдында оқыңыз. Демек, оқу құралын 21-ден 30 күнге дейін үзбей оқысаңыз, ағылшын тілінің әріптері мен дыбыстарын, сөздері мен сөйлемдерін сауатты оқуға үйренесіз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды