«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ағаштан түйін түйген…

0 12

Ұстаз – ұлы тұлға. Осы сөзді кім айтса да біліп айтқан. Балаға тәлім-тәрбие беріп, оның арман-қиялын көкке шарықтататын да ұстаз. Сондай құрметке лайық жанның бірі деп №34 орта мектептің технология пәні мұғалімі Мереке Акишевті айтар едім.

Мен Мерекені біраз жылдардан бері білемін. Артық сөзге жоқ, мінезге бай, сабырлы адам. Нағыз педагог осындай болар. Бала жанын терең түсінеді. Оның үстіне өзі ағаштан түйін түйген шебер. Халқымыздың саф өнерін бүгінгі ұрпаққа жалғап жүрген «алтын көпір» деп айтамын.
Мереке аталған білім ордасында біраз жылдардан бері жұмыс істейді. Ол оқушыларға технология пәнінен сабақ беріп қана қоймай, «Қазақ қолөнері» деген үйірме ашып, жеткіншектерге шеберлік өнердің қыр-сырын үйретеді. Бұрынғы бабаларымыз жасаған бұйымдарды қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлттық өнердің дәнін сеуіп келеді. Қазір оның шәкірттерінің қолынан шыққан бұйымдар қалалық, республикалық көрмелерге қойы­лып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Жалпы, бұл білім оша­ғында оқушыларды кәсіпке баулу жақсы жолға қойылған. Мәселен, Ғалия Желеубайқызы, Нұрсұлу Балташқызы, Айнұр Жексенбекқызы, Қорлан Болатбекқызы, Гүлжан Еркінқызы деген мұғалімдер тегін үйірме жұмыстарын жүргізіп, балалардың эстетикалық талғамын қалыптастыруға белсенді үлес қосып келеді.
Қазір оқушылар мектеп қабырғасында жүріп бір кәсіпті меңгеру туралы сөз жиі айтылады. Бұл бағытта аталған мектептің қолға алынған жобалары сүйсінтеді. Білім ұжымы 2017 жылы «кәсіпкерлікке даярлау мектебі» атты жобаны қорғап, «Самғау» инновациялық жобасына енді. Сайып келгенде, мектеп ұстаздары оқушыларға сапалы білім бере отырып, оларды кәсіпкерлікке негіздеу арқылы болашағына жол көрсетуді көздейді.
«Біздің мақсатымыз – барлық баланы кәсіпкер қылып шығару емес, өмірге бейім, өзін-өзі кәсіби анықтай алатын бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу. Әр ұстаз өз шәкіртіне сеніммен қараса ғана баладан үлкен адам шығады. Соңғы екі жыл ішінде оқушыларымыздың жұмысы қала және республикалық көрмелерге ұсынылды» деді мектеп директоры Дидар Рахимберлина.
Сөзіміздің басында Мереке Балғабайұлы туралы қысқаша ғана айттық. Ондағы негізгі ойымыз: Мұғалімдер күні мерекесінде үн-түнсіз, дабырасыз еңбек етіп, оқушыларға ұлттық қолөнердің сырын үйретіп жүрген ұстаз туралы бір жылы сөз арнау еді.

Оспан Сүлейменов,
ҚР білім беру ісінің үздігі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды