«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ағайынды Оралбайлар асуы

0 37

Қазақстан Республикасының жазғы спартакиадасының бокс чемпионатында Нұр-Сұлтан қаласының командасы бірінші орынды жеңіп алды.

Төрт жылда бір рет өтетін спартакиа­да сайысында барлық спорт түрінен жарыстар ұйымдастырылып, жалпы жүлде санына қарай үздік облыс немесе қала анықталатын болады. Міне, осындай кешенді жарыстың бокс турнирі биыл Қызылорда қаласында өтіп, оның қорытындысында Марат Манашев жетекшілік ететін Нұр-Сұлтан қаласының боксшылары командалық есепте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Атап айт­қанда, 10 салмақ дәрежесінде өткен финалдық жекпе-жектің 5-інде астаналық боксшылар чемпион атанды. Алдымен, ең жеңіл салмақтағы (49 келі) Асхат Жүсіпов жеңімпаз атанды. Ол түркістандық тәжірибелі боксшы Ержан Жомартты ұтты. 52 келі салмақта елордалық Азат Махметов қола жүлдегер атанды. Осы жарыста шаршы алаңға шыққандар ішіндегі ең тәжірибелі боксшылар 56 келі салмақтың финалында қолғап түйістірді. Өте тартысты кездесуде маңғыс­таулық Нұрбол Қалжанов астаналық Ілияс­ Сүлейменовті ұпай санымен жеңіп кетті. 69 келіде сынға түскен Марал Қанағатов қоланы қанағат тұтты. Ал қалған төрт салмақта Нұр-Сұлтан боксшылары ешкімге дес бермеді. Тимур Нұрсеитов 75 келіде топ жарды. Жасөcпірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы деген атағы бар, биыл ғана ересектер жарысына қосыла бастаған ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлар 81 және 91 келіде салмақта чемпион атанды. Ал ең ауыр салмақта (+91 келі) елордалық Нұрболат Сермаханов алтын медаль иеленді.
Сонымен 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған астаналықтар Қазақстан Республикасының жазғы спартакиадасы жеңімпазы атанды. Командалық екінші орынды Маңғыстау облысы (2-1-1), ал үшінші орынды Түркістан облысының (1-1-2) былғары қолғап шеберлері иеленді. Сонымен қатар Алматы қаласы мен Ақмола облысынан бір-бір чемпион шықты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды