«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан қаласында  Билер кеңесі құрылады

0 54

Қоғам бар болған соң, қоғам мүшелерінің арасында сан алуан қарым-қатынас болады. Міне, осы қарым-қатынастардан кейде қайшылықтар туындап жатады. Қоғам мүшелері арасындағы осындай қайшылықтар әр кезеңде әртүрлі тәсілдермен шешілгені белгілі.  

Зайырлы қоғамда кез келген даудың соңғы нүктесі соттың шешімімен қойылатыны бәрімізге мәлім.
Сөйтсе де, сот шешімі заң тұрғысынан шығарылатындықтан дауласушы жақтардың барлығының мүддесінен шығуы мүмкін емес. Нәтижесінде дауласушы жақтардың арасындағы қайшылыққа сот пен сот қызметкерлері, қорғаушылар мен прокурорлар тартылып, қайшылық үдей түседі.

Сот жүйесінде соңғы жылдары осы мәселеге аса көңіл аударылып, қоғамдағы дау-жанжал, кикілжің-керісті азайту мақсатында көптеген іс-шаралар жүргізіліп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыс адамдардың қайшылыққа көзқарасы мен сана-сезімінің дәрежесіне тікелей байланысты болғандықтан, Рухани жаңғыру бағдарламасымен, сондай-ақ, Жоғарғы Соттың сотқа дейінгі татуласуды дамытуға бағытталған «Сот жүйесінің 7 түйіні» бағдарламасымен терең үндеседі.

Қазіргі күнде татуластыруды дамыту мәселелерімен соттан басқа «Нұр Отан» партиясы, Медиаторлар одағы, Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Достық үйлері, Құқық қорғау қызметінің орталықтары айналысуда.

Жоғарғы Сот басшылығы дауды шешудің тағы бір жолы ретінде Билер кеңесін қарастырып отыр.

Даму үдерісінде әр нәрсенің тозығы артта қалып, озығы жалғаса береді. Осы тұрғыдан алғанда, «қанға қан, жанға жан» қағидалары тарих тұңғиығында қалса, ата-бабамыз жүгінген билердің татуласуға бағытталған озық тәжірибесін неге зайырлы қоғамда қолданбасқа.

Осы күнде бұл институт кейбір облыс орталықтарында құрылып, жұмысын бастап та кетті, нәтижесі де бар.

Билер кеңесі – Елбасының дауларды соттан тыс шешу, қоғамда тұрақтылықты сақтау, ұлттық сананы жаңғырту арқылы дауларды бейбіт шешу туралы тапсырмаларын жүзеге асыруға және Жоғарғы Соттың сотқа дейінгі татуласуды дамытуға бағытталған жергілікті Әкімшіліктің жанынан құрылатын кеңесші орган.

Нұр-Сұлтан қаласында Билер кеңесі жергілікті мәслихаттың шешімімен құрылады және жұмысы мәслихаттың шешімімен бекітілген «Билер кеңесі туралы» ережемен реттеледі.

Билер кеңесіне мүше болып жасы кәмелетке толған, Қазақстан Республикасының азаматы, кеңес құрылған мәслихаттың әкімшілік аумағында тұрақты тұратын, өз ортасында зор беделге ие, аузы дуалы, сөзі сүйектен өтіп жүрекке жететін, халықтың дәстүр-салтын жете білетін, кикілжің-қайшылықты шешуде тәжірибесі бар, халыққа танымал қоғам қайраткерлері, ғылым-білім, өнер және спорт адамдары, өмірлік тәжірибесі мол тұлғалар кіруі көзделіп отыр.

«Медиация туралы» заң бойынша жазбаша келісіммен дауды жасы қырыққа толған және кәсіби емес медиаторлар реестрінде тіркелген би жүргізе алады.

Қазір елордамызда Билер кеңесі құрылу үстінде.

Билер кеңесінің басты мақсаты – мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын-алуға ықпал етіп, қоғамда қайшылықты, ұрыс-керісті, дау-дамайды азайту, даумен келгендерді татуластырып, олардың  кейкілжіңдерін сотқа жеткізбей шешу арқылы ел арасында тұрақтылықты, ынтымақтастық пен достықты, бірлік пен берекені, бейбіт өмірді қалыптастыру. Яғни, негізгі қағида – татуластыру.

Билер кеңесінде қандай даулар қаралады және оған жүгінудің артықшылықтары қандай?

Кеңес азаматтық-әкімшілік қатынастардан туған даулар мен жеңіл, орта дәрежедегі қылмыстар, қылмыстық теріс қылықтар бойынша істерді қарайды. Құзырына атқарушылық өндіріс бойынша туындаған даулар да кіреді. Татуласу мемлекет мүддесіне қарсы және сыбайлас жемқорлыққа байланысты істер бойынша жүргізілмейді.

Адвокаттар мен медиаторлар қызметі ақылы болса, Билер кеңесі қызметі тегін.

Жүгінген адам барлық мәселелерге тиісті жауап ала алады. Дау тек заң шеңберінде әрі әділдікке сүйенген екі жақтың мүддесіне орайлас шешіледі.

Сайран ӘЛІМБАЕВА,
Нұр-Сұлтан  қалалық
сотының судьясы                 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды