«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әділ АХМЕТОВ, актер: РӨЛДIҢ ҮЛКЕН-КIШIСI БОЛМАЙДЫ

0 337

30601442f62eb3d9315e1b6fa0de3278

– Реңді жігітсіз. Бойжеткендер телефон шалып, жиі мазалайтын шығар?

Самал, мұғалім

 – Жиі хабарласады деп айта алмаймын. Анда-санда нөмірін жасырып, хабарласатындар болып қалады. Көбінесе әлеуметтік желілер арқылы лебіздерін білдіріп жатады.

– Деніңізге саулық, еңбегіңізге табыс тілеймін. Актер ән айта да білу керек екен. Оның үстіне сіздің дауыс ырғағыңыз өте әдемі. Әнші болуға қалайсыз?

Динара

– Көп рахмет! Он бірінші сынып оқып жүргенімде гитарада ойнауды үйрендім. Оның үстіне Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына ән айтып түскем. Кейін оқу орнында керемет дауысы бар қыз-жігіттерді көріп, басылып қалған болатынбыз. Әрине, ән айтпайтын актер болмайды. Спектакль мен кино көріністері барысында айтып тұрамын. Өзіме ұнайтын әндерім бар, көңіл хошуақтанған сәттерде соларды айтып жүремін. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Бірақ әнші болуды армандамаймын. Қазақта «торғай сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. Мен актерлігімді дамыту жолында жұмыс істеймін.

– Әділ, «Қара шаңырақ» телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдайсыз. Өз рөліңізді жақсы алып шығыпсыз. Оның үстіне, Ақан Сатаевпен жұмыс істеу әрбір жас актердің арманы ғой. Бұл рөлге қалай бекітілдіңіз?

Ғазиза, қала тұрғыны

 – Рахмет, Ғазиза! Телехикаяға, әрине, кастинг арқылы бекітілдім. «Сатайфильмнен» хабарласып, бірнеше актерді шақыртты. Барған соң, кейіпкерім Дәулеттің бір-екі сюжеттік бейнесін жасап көрсеттім. Нәтижесінде осы рөлге мені лайық деп тауыпты. Бұл телехикаяда ағайынды үш жігіттің тағдыры баяндалады. Үйдің үлкені Әлішер – кәсіпкер, ортаншысы Дәулет – спортшы, кенжесі Мәди ауылда тұрады. Өзіндік жолы, мақсаты бар ағайынды үшеудің тағдыры қасиетті қара шаңырақта табысады. Туындыдан әрбір қазақ өзін көреді деп ойлаймын. Онда қазіргі жағдайлар, қиындықтар, сатқындық, ата-ананы сыйламау, сондай-ақ, бүгінгі несие, казино сынды мәселелер бар. Оған қоса, туып-өскен қара шаңырақты қастерлеу, ағайын арасындағы татулықты дамыту, отбасылық құндылықтарды сақтау – осының бәрін фильмнен көруге болады.

– Әшірбек Сығай: «Әнші-актердің дені тойда жүр. Масаң ортада жылтыңдап жүрген әртіс сахнада да сүрінеді. Бізде той жағаламай, өзін-өзі сақтайтын жігіттер аз… Әділ Ахметов – сол аздың өкілі» деп баға берген екен. Сіз шынымен той басқаруға бармайсыз ба?

 Перизат

 – Астанаға келген жылдары жатақханада тұрдық. Сол кезде тойға шыққан кезіміз болды. Қазір барлық тойларға емес, концерттік бағдарлама ретінде өтетін үлкен шараларға жүргізуші ретінде барып тұрамын. Бір жағынан тойға шығатын актерлерді де түсінуге болады. Барлығы күнкөрістің қамы ғой.

– Сізді енді қандай кинодан көреміз?

Нұргүл, студент

– Режисcер Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмінің екінші бөлімі түсіріліп жатыр. Сол киноның бір эпизодында ақтөбелік Мико деген бандиттің рөлін сомдаймын. Бұл шағын рөл екен деп бас тартқан жоқпын. «Рөлдің үлкен-кішісі болмайды» дегендей, әр кейіпкердің белгілі бір берері болады. Әрқайсысының жауапкершілігі бар.

Өнерге жанын берген, тарихта аты қалатын нағыз актердің болмысы, өмір салты қандай болуы керек, сіздіңше?

Рахат, медбике

– Басқа ісінің бәрін тастап, тек өнерге беріліп кететіндер болады. Бұл – сирек кездесетін жайт. Әрбір адам жанұясын бірінші орынға қоятын шығар. Одан кейін – өнер. Бір нәрсеге қатты берілудің өзі дұрыс емес қой. Бірақ, әрине, ұстанымым – бір кәсіптің ұңғыл-шұңғылына дейін игеруге тырысу. Актерлігімді дамыту жолында жұмыс істеймін. Сол үшін ізденуден талмаймын.

– Әділ, сіз  «ақымақ» кезіңізде үйленіп алдыңыз. Ол кезде сізді ешкім танымайтын. Ал, қазір көпшілікке танымалсыз. Жан-жағыңыздан қаумалап жүрген қыз-қырқынға қарап, ерте үйленгеніңізге өкінбейсіз бе?

Жанар, студент

– Өкінбеймін. 24 жасымда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын бітірген соң, екі жылдан кейін үйлендім. Жолдасым екеуміз бір оқу орнында оқыдық. Менің олжам – өзіңіз айтқандай, ешкім танымайтын кезімде отау құрғаным. Керісінше, сол «ақымақ» кезімде үйленіп алғаныма қуанамын. Жолдасым екеумізде ешқандай есеп болған жоқ. Жәй ғана студент Әділге ғашық қызға үйлендім. Құдайға шүкір, содан бері бірге келе жатырмыз.

– Әділ, қазіргі кезде біздің қоғамда несиесі жоқ адам кемде-кем. Сіз банкке қарыз емессіз бе?

Дана, банк қызметкері

– Дәл қазір қарыз емеспін. Осы жазда несиеге техникалық құрал-жабдық алып, артынан қарызды қайтардық.

– Сахнада тұрып, оқыс оқиғаға тап болған кезіңіз болды ма?

Тимур

– Қызықты оқиғалар көп болып жатады. Бірде Астананың маңындағы «Көктал» ықшам ауданына бардық. Сол жердің мәдениет үйінде «Диляфруздың төрт күйеуі» спектаклін қойып жатқанбыз. Дәл ортасына келгенде жарық өшіп қалды. Комедия өте қызу, жақсы өтіп жатты. Соның әсері шығар, барлық көрермен ұялы телефондарының фонариктерін қосып, сахнаға жарық түсіріп отырды.  Оның үстіне сол күні далада жаңбыр құйып тұрды. Жаңбырдың да дауысы ішке естіліп тұрды. Дәл сол кезде спектакльдегі тоғайдың ішін көрсететін жеріне келген болатынбыз. Ештеңеге қарамастан, біреуіміз қолшатыр, келесіміз фонарик алып шығып қойылымды әрі қарай жалғастырып кеттік. Сахнада осындай неше түрлі күтпеген оқиғалар орын алып жатады.

– Бірнеше фильмде басты рөлдерді ойнайсыз. Бұл үшін қаражат төлейсіз бе?

Дәметкен

– О не дегеніңіз?!(Күліп). Мен де барлық үміткерлер секілді арнайы сынақтан өтіп, режиссерлердің шешімі бойынша ғана рөлге бекітілемін. Керісінше, киноға түскеніміз үшін олар бізге төлейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды