Четверг, 17 Август 2017
-->

Әдеби әлемнен сыр тартты

_mg_6454-asli

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің филология факультетінің ұжымы Ұлыстың ұлы күні аясында көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдікпен кездесті.

Алла жазса, биыл Төлен ағамыз жетпіс бес жасқа толады. Бала күнімнен белгілі сөз зергерінің кітаптарын құмартып оқыдым. Аз жазса да, саз жазған жазушының қай шығармасы да оқырманды ойландырмай қоймайды. «Әке» хикаятында кеңестік дәуірде халқымызды зар қақсатқан оқиғалар арқылы түрлі зобалаңды бастан кешкен әулеттен қалған жалғыз тұяқтың толғанысын жеткізді. «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде байлық іздеген қандықол қарақшылардың кесірінен жер бетінен жойылып кеткен Араку тайпасынан қалған Киякудың бейнесі арқылы сол кездегі отарлық империяның азабын тартқан қазақтың қайғысын тұспалмен айтады. «Өліара» романындағы кейіпкерлерден өзіміздің ауылдағы аталарымызды таныдық. Жұртшылық жиі айтатын «Оң қол» шығармасында ауыр дертке шалдыққан Алма есімді ару арқылы психологиялық иірімдерге терең бойлайды. «Қонақтар» әңгімесінде әке-шешені қадірлеу мен дәстүрден ажырап бара жатқан ұрпақты сомдайды. Жаңа ғасырдың басында жазған «Парасат майданы» хикаяты да қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармасы саналды. Кейінгі жарық көрген «Тұғыр мен ғұмыр» повесі де оқырмандардан оң бағасын алды. Қаламгердің драматургиясы да бір төбе.
Әдемі әсермен өрілген әдеби кеште талантты тұлғаның өмірі мен өнері туралы кеңірек айтылды. Университеттің проректоры, белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы ардақты азамат жайында салиқалы ой өрбітіп, «Күлтегін» медалін табыс етті. Академик Сейіт Қасқабасов Әбдікұлының әдеби әлемінен сыр тартып, парасатты сөз қозғады. Филология факультетінің деканы Шолпан Жарқынбекова кеш иесіне шынайы алғысын жеткізді. Профессор Рақымжан Тұрысбек жазушының шығармашылығына тоқталды. Студенттер суреткердің туындыларынан үзінділер оқыды.
Кеш барысында Төлен ағамыздың өзі де өнер, руханият туралы ойларымен бөлісті. Қоғамдық үдерістер жайында пікір алысты. «Қазір оқырмандар ортаңқол мен дарынды жазушыны ажырата алмай қалды. Халықтың талғамы соны айыра білетіндей өсу керек. Бүгінде кеңестік дәуірді жақтағандарды да, оған қарсы болғандарды да әспеттейміз. Санамызда қойыртпақ көп. Сондықтан әр дүниеге сын көзбен қарамасақ, батыл айта алмасақ, ол қоғам әлі де төменгі дәрежеде дегенді көрсетеді» деп түйіндеді сөзін автор.
Қаламгер алпыс жасқа толғанда, халқымыздың асыл перзенті, марқұм Әбіш Кекілбайұлы ағамыз «Егемен Қазақстан» газетінде «Адамстанға саяхат» аталған төгілдіріп мақала жазып еді. Сол айтқандай, көрнекті суреткермен болған жылы жүздесуде де жазушының жан дүниесі мен шығармашылығына саяхаттап қайтқандай әсерде болдық.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*