«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Адамзат өркениетінің бастауында түркі халқы тұр

Қойшығара Салғараұлы, жазушы, ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

0 142

Қашанда зиялы азамат – елдің құты, ұлттың ұяты. Осындай ұғымға толық жауап беретін тұлғаның бірі – Қойшығара ағамыз. Қазақтың тусырап жатқан тың тарихына түрен салып, бірнеше кітап жазды. Оны көзі қарақты қауым жақсы біледі. Кеше қабырғалы қаламгер, ғибратты ғалым сеңгірлі сексен жасқа толды. Осы мерейтой қарсаңында жазушыға әдейі сәлем бере барып, сұхбаттасқан едік.

– Аға, бір сұхбатыңызда «Біздің Торғай даласын­дағы өткен өмір керемет еді. Арғы-бергі ата-ба­ба­ларымның болмыс-бітімі де кесек болған» деп айтыпсыз. Сіздің жүрегіңізді тербеген ол қандай суреттер еді? Әңгімені содан өрбітсек…
– Айналайын, бұл мен үшін тосын сұрақ болып тұр. Шындығында, Торғайға кешегі большевиктердің пәрмені жеткенімен, дәрмені жетпеді. Бала күнімізде түкпірде жатқан біздің елде не теміржол, не тасжол, не әуе жолы болған емес. Адамдар ат пен түйені көлік етті. Қызылдардың асыра сілтеу саясатын басы­мыздан кешіргенімізбен, Тор­ғай жұрты қанына сіңген қа­зақы бауырмалдығынан, мейірім­ділігінен, ұлттық болмысынан ажыраған жоқ. Қаймағы бұзылмаған осы үрдіс беріге дейін сақталды. Менің осындай дәрежеге жеткенім ол сол жердегі қазақы кеңдік пен мейірімділікте өскен аталарым мен әкелерімнің көзін көріп, солардың тәрбиесін алғанымнан деп білемін.
– Тарихқа тоқталмай сө­зіміздің дәмі кірмейтін секілді. Сіз қара­пайым журналист бола жү­ріп, терең тарихқа сүңгіп кеттіңіз. Бұл мақсатқа не үшін бел байладыңыз?
– Дұрыс айтасыз. Мен өзім журналистпін. Тарихшы боламын деген ниет, олардың бақшасына түсіп, жеміс терейін деген ойым да болған жоқ. Бірақ ел басқарған хандардың, қағандардың тарихын оқи келе, біздің тарихқа жасалған қиянатты көрдім. Біздің тарих – түгелімен қате тарих, отарлаушы елдердің ығында жазылып, шындығы бұрмаланған тарих.
Әрбір тұлға қалыптасу үшін ол танымдық үш сатыдан өту қажет. Оның біріншісі – тарихи сана. Тарихи сана бүкіл қоғамның танымын қалыптастырады. Екіншісі – ұлттық сана. Ұлттық сана халықты ұлттық мүдделер төңірегіне топтастырады. Үшіншісі – азаматтық сана. Азаматтық сана кез келген адамды пенделік кірден арылтып, кісілік парасаттың биігіндегі ұлы мұраттармен табыстырады.
Бір өкініштісі, менің әр кіта­бым ғана емес, әр тарауымда бұрын ешкім айтпаған бірнеше жаңалыққа толы ойлар бар. Бірақ солар тарихшы ғалымдар тарапынан әлі нақты талданып, көрсетілмей келеді. Уақыт өтер, бәрі өз орнына келер деп ойлаймын.
– Ол қандай жаңалықтар?
– Жиырмасыншы ғасырдың аяғында генетика ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі молекулада сақталып қалған адамзаттың тұқым-тек қорын анықтау тәсілі пайда болды. Былайғы тілде оны ДНҚ деп атайды. Осы жаңалық шыққаннан бері дүние жүзі халқы, тіпті әр адам деуге болады, өзінің тегі кім екенін анықтап жатыр. Соның нәтижесінде Еуропа бұрынғы еуропоцентристік ғалымдар қалыптастырған түсінік шеңберінен шығып, өткеннің болмысына шындық көзімен, тарихи деректердің негізінде қарай бастады. Осы жерде екі ғалымды ерекшелеп айтсақ дейміз. Біреуі – ресейлік Юрий Дроздов деген ғалым. Оның 2008 жылы «Тюркская этнонимика древнеевропейских народов» деген кітабы жарық көрді.Осы еңбегінде ғалым Еуропа халықтарының түрік тектес халықтардан шыққандығын, тілдерінің түп негізінде түрік тілі жатқандығын айтады. Енді екіншісі – латыш ғалымы Галина Шуке. Бұл ғалымның 2010 жылы «Были ли латыши тюрками?» деген көлемді еңбегі басылып, онда ғалым орыс тілінің латыш тілінен шыққанын, ал латыш тілінің түрік тілінен шыққанын дәлелдейді. Қысқасы, зерттеу қорытындысында адамзат баласы бір жерде жаратылған, бір тілде сөйлеген (ДНҚ соны көрсетіп отыр). Сөйтіп ғалым адамзаттың ата тегі – прототүріктер, тілі прототүрік тілі болғандығын айтады. Галина Шуке бір пікірінде: «Егер маған сенбесеңіздер, бес құрлықтың көне атласын алып қараңыздар. Сондағы ел атауы мен жер атауын тексеріп көрсеңіздер, бәрінің түбірі – түрік сөздері» дейді. Егер саясатта немесе ғылымда орыстың идео­логиясына үйлеспейтін кішкене бірдеңе болса, орыс ғалымдары мен журналистерінің шу ете қалатынын көріп жүрсіңдер. Осы екі кітап шыққаннан бері біраз уақыт өтті, ешкім ешқандай қарсы пікір айтқан жоқ. Жаппай үнсіздік, келіскендіктің белгісі болса керек.
– Әлгіде бір сөзіңізде тарихқа жасалған қиянатты көрдім дедіңіз. Ол не қиянат?
– Әр нәрсенің өз реті бар. Бір кезде КСРО деген алып империяның құрамына кірген халықтардың тарихын өзіне зерттеткен жоқ. Сондықтан «қазақ тарихының атасы Левшин» деп келді. Кезінде бұл Шоқанның мысқылдап айтқан сөзі еді, бірақ оны біздің жағымпаздар тарихи шындыққа айналдырып, ежелі дәуірдегі гректің тарих атасы – Геродот деген секілді, Левшин «қазақ тарихының Геродоты» атанды. Осы Левшин, Аристов, Харузин және т.б. сырттан келгендердің ойы бізді игеру үшін, біреуі тұрмыс-салтымызды, екіншісі, этникалық құрамымызды, үшін­шісі салт-дәстүрімізді, төртіншісі шаруашылығымызды зерттеп білу арқылы халқымызды бо­дандыққа тезірек айналдыру үшін жансыздықпен келген тыңшылар болатын. Бірақ олардың осы мақсатта жинаған материалдары кейін ғылыми зерттеулердің өзегіне айналғанын ескеріп, елеп жатпадық.
Қазір тарих жөнінде айтыс-тартыс көп. Оның себебі, біздің қай-қайсымыздың да санамыз еуропалық таным-түсінікпен жазылған тарихпен қалыптасқан. Сондықтан тың зерттеулердің қорытындысына келгенде қалып­тасқан түсініктен шыға алмай, айтылған соны ойларды жоққа шығаруға дайын тұрамыз. Көбіне қарсылар Бартольд, Карамзин, Левшин және басқалардың жазғандарын алға тартады. Енді солар қазақты қолдан туғызып алған адамдар емес қой. Олар да белгілі бір дерекке сүйеніп айтты. Сіз солардың сүйенген дереккөздерін оқып, дұрыс-бұрыстығына көз жеткіздіңіз бе? Егер оқысаңыз, дұрыс айтып отырса, онда атасына рақмет! Ал сол деректі саясат ығымен, әдейі бұрмалап түсіндіріп отырса ше?
Ақиқатына келгенде, бізде осының бәрін саралап, шындығына жеткен тарихшы ғалым жоқ, тарихшы мамандар бар. Бізді осылай қалыптастырған. Бір тақырып беріп, содан кандидаттық, док­торлық диссертация қорғатады. Қорғай алғандар кәсіби тарихшы делінеді. Бірақ олар өзі зерттеген кезеңнің аясынан аса алмай, ұлы тарихтың әлгі кезеңге дейінгісінен де, кейінгісінен де бейхабар қалады. Содан келіп кімнің қайдан шыққанын, қалай болғанын, қайдан келгенін нақты ажырата алмай, осы орайда айтылған өзге белгілі ғалымдардың пікірін қайталап, солардың жіберген қатесін заңдастыруға мәжбүр. Біз «Бартольд айтты», «Гумилев айтты» дегенімізбен, олардың ол тұжырымдарының бұрысы мен дұрысын өз тарапымыздан зерттеп, анықтамай-ақ, ақиқат айғағы ретінде қабылдап келеміз.
Бүгінгі таңда тарихтың қырық қатпарын қопару оңай емес. Қазіргі тарих мифология, лингвистика, география, деректану секілді ғылымдардың ой біріктірген зерттеулердің ортақ түйінінен барып жасалады. Шындық сонда ғана сараланады. Бір сөзбен айтқанда, адамзат өркениетінің бастауында түрік халқы тұр. Әлемнің дамуына үлес қосқан өркениет Ұлы даладан бастау алған.
Біз кез келген көне түрік тілінде жазылған жазуды оқи аламыз. Ол біздің артықшылығымыз емес. Осы Ұлы далада біздің ата-бабаларымыз қазақ болғанға дейін де, болғаннан кейін де өзге тілді елдермен тікелей аралас болған жоқ. Бүгінгі қазақ халқы мекендеген жерді түгел түрік тектес халықтар қоршап жатты. Біздің тіліміздегі кірме сөздердің бәрі тек осылар арқылы ғана кірген. Сондықтан түпкі тілдің қоры бізде өзге түрік тілдестерге қарағанда көбірек сақталған.
Ағылшынның атақты ар­хеологы Артур Эванс деген кісі Кипр, Крит аралдарын зерттеп, одан ғылыми жаңалыққа толы – алтын пластинкаға, қыш тақталарға, үйдің қабырғасына жазылған көптеген жазуларды тапты. Ол жазуларды әлемнің көне жазуды оқитын мамандары оқып, қағазға түсірді. Бұған орыс ғалымдары да өз үлесін қосып бақты. Бірақ олардың бірде-біреуі бұл жазулардың қай тілде екенін анықтай алмады.
Енді мына қызықты қараңыз, «Сызықты «А» жазуымен» жа­зылған осы жазудың мамандар аша алмаған құпиясын өзіміздің Жамбыл қаласының әуесқой зерттеушісі Амантай Айзахметов деген журналист ашып, оның түрік тілінде, оның ішінде қазақ тілінде жазылғанын жария етті. Бұл, шын мәнінде, көне Египет өркениеті жазуының кілтін тапқан Жан-Франсуа Шампольон жаңалығы деңгейіндегі жаңалық еді. Бірақ біздің ғалымдар мұны елеусіз қалдырды. Ең өкініштісі, Айзахметов көп ұзамай дүние салды. Қалай қайтыс болғанын білмеймін. Арада он жыл өткенде жоғарыда айтқан мәскеулік ғалым Дроздов өз еңбегінде осы Айзахметовтің оқу тәсілімен әйгілі зерттеуін жазды. Амантайдың өзі орыс тілді жігіт еді. Бұл тәсілді Юрий Дроздовтың өзі тапты ма, әлде журналистің жазғанын оқыды ма, ол жағын білмеймін, бірақ ғылыми талдаулары дәл келіп тұр.
– Аға, біраз өткенге бойлап қайттық. Енді өзіңізге оралайық. Сізді 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының тууы­на себепкер болған он тоғыз адамның тізіміне қосыпты. Бұл не тізім, ашып айтасыз ба?
– 1986 жылы қараша айында менің «Алтын тамыр» деген кітабым жарық көрді. Бірақ оның хикаясы көп. Кітап отыз мың таралыммен шығып тұрып, макулатураға кетіп қала жаздады. Содан шырылдап жүріп, жолдас-жораның арқасында Орталық Комитет комиссия құрып, оны мерзімді баспасөзді бақылайтын Ризабек Абдуов деген азамат басқарды. Комиссия құрамында бір топ зиялы қауым болды. Екі адамға жасырын рецензия жазуға берілді. Оның бірі – Әбіш Кекілбаев, екіншісі – Ұлттық академияда қызмет істейтін тарихшы ғалым. Әбекең онда Мәдениет министрінің орынбасары. Екіншісінің есімін айтпай-ақ қояйын. Сол кісі рецензиясында: «Кеңес өкіметі орнағалы мұндай зиянды кітап жазылған жоқ» деп пікір айтыпты. Әбіш болса: «Бұл – қазақ әдебиетіндегі бұрын-соңды болмаған құбылыс, дәл дер кезінде жазылып отыр, бізге осындай дүние керек» деп жазған. Содан комиссияда талқылау болды. Мен оған мұқият дайындалып, екі қоржынға толы материалдарымды көтеріп бардым. Бірақ отырыста қарсы пікір жазған тарихшы ғалым «ләм» деп жақ ашпады. Ақыры кітап басылуға рұқсат алды. Бірақ Орталық Комитет комиссия құрғаннан кейін қалай болса да бір өзгеріс ену қажет. Жинақта Шығыстағы оғыздар мен Сырдария бойындағы оғыздар арасында бірігіп кеткен жері бар еді. Соны түзеген болып, бір сөйлем өзгерту енгіздік. Осы түзету жазылған тілдей қағазды түнімен отбасымызбен баспа қызметкерлерімен бірігіп, шыққалы тұрған кітаптың соңғы бетіне желімдедік. Солай «Алтын тамыр» жарық көрді. Бір аптаның ішінде мен Ал­матыға танылып үлгердім. Онда «Социалистік Қазақстан» газетінде істеймін. Содан Желтоқсан оқиғасы басталды. Сол дүрбелең шақта аты-жөнін жасырған біреу хабарласып: «Қойшеке, мына жағдайды біліп жатырсыз. Мәскеудегі Орталық Комитетке көтеріліске себепкер болған он тоғыз адамның тізімі кетті. Соның ішінде сіз барсыз. Қапы қалмаңыз» деді. Зәре кетті. Бірақ мені ешкім тексеріп, қуғындаған жоқ. Арада көптеген өзгерістер болды. Газеттен Президент аппаратына, одан Қытайға кеттім. Содан Астанаға оралдым. Бірде Ақселеу Гумилев туралы «ЖЗЛ» сериясымен шыққан кітапты әкеп көрсетті. Сонда: «Жер-жерде Гумилевтің ізбасарлары, ұлтшылдар пайда болды. Қазақстаннан Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы шықты» деп жазыпты. Автор бұл материалды КПСС Орталық Комитетінің мұрағатынан алғанын атап көрсетіпті. Соған қарағанда, Мәскеуге он тоғыз адамның тізімі кеткені рас болған.
– 1997 жылы Қытайға барып, онда екі жылдай жұмыс істеп, тарихымыз туралы біраз құнды еңбектер әкелдіңіз. Ол жайында бірнеше кітап жаздыңыз. Елбасы топ та­рихшының ішінен көрші елге жіберуге сізді таңдауына не себеп?
– Мен ол кезде Президент аппаратында Мемлекеттік сая­сат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары болып жүр едім. Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы шақырды. Бардым. Амандасқаннан кейін Президент: «Ал не істеп жатырсың?» деді. Мен атқарып жүрген жұмысым туралы айттым. «Жоқ, ол емес, не жазып жүргеніңді айтамын» деді. Мен не жазып жатқанымды айттым. Президент: «Қойшеке, денсаулық болса, бастағы дүние жазылады ғой. Мен осы жұрттың бәрінен сұраймын, олар айтады: «Біздің тарих – Қытайда» деп. Сұрастырсам, бір адам мемлекеттік архивке түсіп көрмепті. Сонда не алтын бар? Қытайға барғанда Цзян Цзэминьмен сөйлесіп, архивке кіруге рұқсат алдым.Соған сен бар» деді.
Мен «болмайды ғой» дедім. «Жеті жүзге жуық жазушы бар, сондай көлемде тарихшы да жетеді. Оның ішінде қытай тілін білетіндері де кездеседі. Оларды «кәсіби тарихшылар» деді. Мен қатардағы журналистпін. Ертең сізге сөз келеді. Сондықтан бара алмаймын». Нұрекең: «Не, мен оларды көрмей отыр дейсің бе, қазақты сендей түсінетін адам аз, сенің кітабыңды оқығасын айтып отырмын» деді. «Олай болса, бара­йын. Бір кезде ата-бабаларымыз су ішкен Сарыөзенді бір көрудің өзі арман еді» деп жауап бердім. Бір жетіден кейін Қытайға жүріп кеттім.
– Ілгеріде замандастары Ұлытаудың қос ұланы – Бау­бек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың достығын жыр етеді. Бүгінгілер сіз бен марқұм Ақселеу аға­мыздың достығын үлгі етеді. Халқымыздың ардақты аза­матымен қалай дос бол­дыңыз?
– Алла Тағала маған оңдап, Ақселеуді өзі табыстырды. 1975 жылы мен Арқалықтан «Социалистік Қазақстан» (Бү­гін­гі «Егемен Қазақстан») га­зетіне жұмысқа келсем, ол бұл басылымға Қарағандыдан 1976 жылы келді. Екеумізді Алматыға жазушы боламыз деген арман жетелеп әкелді. Бірге қызмет істедік. Бір үйде тұрдық. Содан сырлас досқа айналдық.
Менің азамат болып қалып­тасуыма ықпал еткен – «Социа­листік Қазақстан» газеті. Бірде Ақселеу айтты: «Қойшеке, екеуміз осында тамақ асыраймыз деп келген жоқпыз. Жазушы боламыз деп келдік. Жұрт қатарлы екі-үш кітабымыз жарық көрді. Әдебиет деген – төрт құбыласы түгел елдің ұрпағына эстетикалық тәрбие беруге таптырмайтын құрал. Біз секілді үш ғасырға жуық біреудің боданы болып, солардың қас-қабағына қараған елдің ұрпағын тәрбиелеу үшін танымдық дүние қажет. Байқаймын, сен де ізденіп жүрсің, мен де ізденіп жүрмін. Бір-біріміздің жазғанымызды оқып жүрміз. Мақталып та жатырмыз, мұның бәрі жақсы, бірақ бұл – жай дүние. Байқаймын, сенің де, менің де жазғанымыз шедевр емес. Ал ортақол жазушыға қазақ кенде емес. Сондықтан пайдалы жұмыс істейік. Бүгіннен бас­тап уәделесіп, танымдық дүние жазайық» деді. Бұл ой мені де қажап жүрген, бірден келісіп, қол алыстық. Сөйтіп ол «Күңгір-күңгір күмбездерді» жазды, мен «Алтын тамырды» жаздым. Екеумізге осы еңбегіміз абырой әкеліп, елге танытты.
Достықтың сыртында, Ақселеу – менің болмысыма сіңіп кеткен адам. Таңертең ерте қоңырау шалып, менің ұмытшағымды біліп, «сен анда барам деп едің ғой, ұмытып кетпе» деп ескертеді. Менің бір шаруаларымды маған айтпай-ақ сыртымнан бітіріп жүреді. Несін айтасыз, ғажап жан еді-ау! Ақселеу өмірден өткеннен кейін бір жыл қолыма қалам алған жоқпын. Мәңгіріп қалдым. Ақселеу көзі тірісінде: «Осы біз жазып жатырмыз-ау, соны жұрт оқи бермейді. Жұрттың бәрі телевизор көреді. Сондықтан сен енді тарих жазуыңды қойып, «Мөдеден» бастап тарихи тұлғаларымызды танытатын киносценарий жаз» деп мазалап жүрген. Тек бір жыл өткен соң досымның осы айтқандарын маған тапсырған аманаттай көріп, қолыма қалам алып, «Мөде хан» атты тарихи тақырыпта кинороман жаздым.
– Аға, сеңгірлі сексен жасқа келіп отырсыз. Осы ұзақ өміріңізде неге шүкіршілік етесіз?
– Жастайымнан әке-шешем маған адамды жақсы көруді, құрметтеуді үйретті. Қазақтың небір озық ойлы, марғасқа азаматтарымен кездестім. Солар менің өмірлік көзқарасымның қалыптасуына көмектесті. Бұған журналистік мамандығым да себепші болды. Дүниеде адамды алға жетелейтін – мақсат пен қажеттілік. Ісіңе мән беретін – білім мен білік. Білік деген – өмірде көргенің мен естігеніңнен жинақталатын тәжірибе түйіні. Ал білім болса ол оқумен, сол оқығаныңды көкірекке тоқумен келеді. Қажетті білік пен білімді игеруге баулыған аяулы ұстаз­дарым болды. Солардан өмірлік үлгі, өнеге алдым. Мұның сыртында тағдырым маған ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы армандап өткен еліміздің тәуелсіздігін көруге, сонымен бірге қал-қадірімше соған қызмет етуге мүмкіндік берді. Соған өмірімде шүкіршілік етемін.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет, аға!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды