«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Адам өмірі бәрінен қымбат

0 10

Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы құрылыс алаңында алып кран құлады. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Жалпы, бұл Қазақстанның астанасындағы бірінші жағдай емес. Бұған дейін де құрылыс орындарындағы оқыс жағдайлар тіркелген болатын. Тіпті адам өлімі де бар. Осындай қайғылы жағдайларды болдырмау, оның алдын алу үшін не істеген жөн?

Қазақстан Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде жұмыс орнында мүгедек болған жандарға әлеуметтік қолдауды күшейтіп, олардың қатарын азайту үшін еңбек қауіпсіздігі мәселесіне баса назар аудару керектігін айтқан болатын.
Халықаралық Еңбек Ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемде жыл сайын өндірісте 2,3 миллион адам қайтыс болады. Олардың 350 мыңы бақытсыз жағдайлардың құрбаны. Екі миллионнан астам адам өндірісте жүріп тапқан ауру-сырқаудың салдарынан өмірден өтеді екен. Өндірістік жарақаттың нәтижесінде жыл сайын 313 миллионнан астам адам мүгедек болады.
Қазақстанда жыл сайын өндірістік жарақаттан 200-ден астам адам қайтыс болады. Рас, елімізде жылдан жылға өндірістегі өлімнің азаюы байқалып отыр. Бірақ соған қарамастан көптеген кәсіп­орындарда өлім-жітім әлі де болса жоғары. Ал оның 65 пайыздан астамы жұмыс берушілердің кінәсінен болады.
Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы тиімді еңбек қарым-қатынасын қалыптастырудың басты құралдарының бірі – ұжымдық және жеке еңбек шарты. Ұжымдық шарт – жұмыс беруші мен жұмысшылар өкілдері арасындағы жазбаша келісім. Онда қосымша еңбек жағдайлары, еңбекақы жүйесін ынталандыру, жұмысшыларды әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі.
2017 жылмен салыстыр­ғанда, 2018 жылы ұжымдық еңбек шарты 16 пайызға артқан. Алайда бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен ұйымдардың бар-жоғы 41 пайызын ғана қамтиды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындардың 98 пайызында ұжымдық шарт жасалған.
Жеке еңбек шартын жасауға байла­ныс­ты да осындай проблемалық жағдайлар бар. Еңбек министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылдың басында еңбек қатынастарына байланысты жұмыс берушілер мен бір миллионға жуық жалдамалы жұмысшылар арасында шарт жасалмаған болып шықты. Еңбек шартының болмауы жұмысшыларды еңбек құқын қорғау мүмкіндігінен айырумен бірге оларды әлеуметтік және зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі жағдайлардың барлығынан жұрдай етеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың нау­рыз айында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Абу Даби Плаза» құрылыс алаңында еңбек шарты жасалмай жұмыс істеген «Строй контракт» компаниясының 45 жұмысшысы ешқандай ескертусіз, екі айдың айлығын алмай жұмыстан шығарылған.
Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып «Еңбек шартын жаса!» республикалық акциясын өткізген. Акция кезінде 10 мыңнан аса жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек қатынастарына байланысты шарт жасаған. Мұның өзі жұмысшылардың құқын қорғап, олардың өмірін сақтап, әлеуметтік жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ғалым АСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды