«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Адалдық алаңы» ашықтыққа шақырады

0 20

Кеше Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен елордалық әкімдіктің «Астана – адалдық алаңы» атты бірлескен жобасын талқылау мақсатында қала басшысы Алтай Көлгінов пен аталмыш агенттік төрағасы Алик Шпекбаев бірқатар ұйым өкілдерімен кездесу өткізді.

 Жиында сөз алған елорда әкімі Алтай ­Көлгінов «Астана – адалдық алаңы» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызына тоқталды:
– Бүгінде Нұр-Сұлтандағы екі ауданның, атап айтсақ, Есіл және Сарыарқа ауданының әкімдіктері open-office форматында жұмыс істейді. Яғни әкімдікке талап-тілегін арқалап келуші тұрғындарды бюрократия бұрынғыдай аяқтан шалмайды, керісінше олардың мұң-мұқтажын барынша тез арада шешіп беруге тырысады. Осылайша Мемлекет басшысының тапсырмасымен «құлағы түрік мемлекет» принципін тәжірибеде пайдаланып келеміз, – деді шаһар басшысы.
Бұдан кейін Алтай Көлгінов жоғарыда аталған жобаның тағы бір жетістігі – iQala орталығын да мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұдан ертерек уақыттары елордалықтар жарық, су немесе жылуға қосылу үшін әрбір монополиске барып, уақыты мен ақшасын шығындайтын еді. Ал қазір бұл шаруаның барлығын iQala орталығында немесе сайтта бір ғана өтініш тастау арқылы бітіруге болады. Бүгінгі таңда орталық 92 қызмет түрін ұсынады, ал қараша айының соңына дейін тағы 47 қызмет қосылады деп жоспарлануда.
Қалалық акселлератор жобасын да айтпай кетуге болмас. Оның аясында шұғыл мерзім ішінде қала тіршілігіндегі түйткілдер бойынша арнайы жұмыс топтары құрылып, мәселені шешу үшін шаралар атқарылады. Бүгінде елордалық акселлератор үш бағытта жұмыс істеуде. Оның біріншісі — электронды ПИК мәселесі. Жалпы мұны жергілікті өзін өзі басқару институты десек болады. Жұмысбасты адамдар артық уақыттарын шығындамай, электронды қызметтің осы түрін пайдалана алады. Сондай-ақ санитарлық тазалау және қоғамдық көлік те акселлератор тақырыптарының бірі болып отыр. Оның құрамына кез келген белсенді тұрғын мүше бола алатынын атап өткім келеді, – деді әкім өз сөзінде.
Қоғамның цифрлануы да – халықтың жайлы әрі ыңғайлы тұрмысы үшін өте керек. Мысалы, бұрынырақ елорда емханаларында жанды кезек еді. Ондайда ішіндегі пысықай біреулері бірінші болып кіріп кетіп, соңынан кезекте тұрған өзгелері бір-бірімен ұрсысып, ыңғайсыз жағдайлар туатын. Қазір енді электронды кезек жүйесі енгізілгеннен кейін өткен жолы №2 емханаға бас сұқсам, бәрі тамаша. Ешқандай у-шусыз адамдар өз талондары бойынша кезек күтіп отыр.
Өз кезегінде Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев «Адалдық алаңы» жобасының арқасында адалдық дүкендерінің ашылуы, сатушысыз кассалардың орнатылуы тәрізді игі бастамалардың қоғам арасында қолдау тапқанын жеткізді.
Жобаның жемісті нәтижелерінің бірі ретінде Нұр-Сұлтан қаласы бюджетінің интерактивті картасын да айтуға болады. Бұл жайлы «Астана – адалдық алаңы» жобасының кураторы, қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен:
– Сайтта қала бюджетінен барлық мемлекеттік қызмет саласына бөлінетін қаржының пайдаланылуы ашық көрсетіледі. Себебі халықты қай салаға қанша қаражат бөлініп және оның қалайша жұмсалып жатқаны қызықтырады. Барлығы ашық болғанда, тұрғындардың да артық сұрағы болмайды. Әзірше түсіп жатқан сауалдардың көбі қаладағы беті ашық кәріз құдықтары туралы. Қоғам белсенділерінің бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында бұл мәселе өз шешімін тапты, – деп түсіндірді.
Сондай-ақ әкім орынбасары жоба аясында елорда мектептеріндегі әкімшілік орындардың оңтайландырылғанын айтты.
«Қазір қаладағы 85 білім ордасының 67-де әкімшілік орны оңтайланды. Мектеп директорының бөлмесі бірінші қабатқа көшірілді. Бір жағынан, бұл ата-аналарға да ыңғайлы болды. Ал босаған кабинет оқушыларға қосымша сабақ өткізуге берілді. Енді қалған 18 мектеп те дәл осылай оңтайланады» деді ол.
Сондай-ақ жиында білім беру, экология және т.б. салалардағы жаңа жобаларды іске асыру жөнінде қоғамдық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды